БАӘ нарығында қазақстандық өнімдерге сұраныс артып келеді
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Дубайдағы ЭКСПО-2020 халықаралық көрмесінде Қазақстанның Ұлттық павильонында БАӘ Мемлекеттік сыртқы сауда министрі Тани бен Ахмед Аль Зейудимен кездесті. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары - сауда, бірлескен жобалар мен логистика тақырыптары талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кездесу барысында қазақстандық өнімдерге БАӘ нарығында сұраныс артып келе жатқаны айтылды. Арман Шаққалиев еліміздің органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін, соның ішінде БАӘ-де танымал салқындатылған қой етін, сонымен қатар, жоғары сапалы ұн, күнбағыс майы, кондитерлік өнімдер және сүт өнімдерін экспорттауға дайын екенін айтты.
«2024 жылдың 10 айында қой етінің экспорты 13,3 мың тонна болып, жалпы құны 45,3 млн долларды құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көлем екі есе, экспорттық түсім 64%-ға артты. Біз халал стандарттар аясында өнімдерге сертификат беру бойынша жұмыстарды белсенді атқарудамыз. 2014 жылдан бері 1800-ден астам қазақстандық және шетелдік компания сертификаттаудан өтті, бұл Қазақстан өнімдерінің жоғары сапасы мен халықаралық стандарттарға сәйкестігін дәлелдейді», деп атап өтті Министр.
Кездесу барысында «QazTrade» АҚ бас директоры Женис Өсербай Қазақстанның экспорттық әлеуетін таныстырып, БАӘ нарығына шығудың негізгі бағыттарын атады. Ол отандық экспорттаушыларды аккредитациялау, сертификаттау және өнімдерді таңбалау мәселелерінде қолдау көрсетудің маңыздылығын, сондай-ақ Қазақстандық өндірушілердің Gulfood және ADIPEC сияқты ірі халықаралық көрмелерге қатысуын ұйымдастыру туралы айтты. Сонымен қатар, Қазақстан тауарларын БАӘ-дің LuLu және Grandiose сияқты сауда желілеріне шығару мәселелері де талқыланды.
БАӘ Мемлекеттік сыртқы сауда министрі сауда үйлерін тұрақты өкілдіктер ретінде құрудың маңыздылығын, бұл әдіс өнімдерді тиімді жылжытуға және жергілікті тұтынушылардың қажеттіліктерін ескеруге мүмкіндік беретінін айтты.
Кездесу барысында қазақстандық өнімдердің дегустациясы өтті. Қатысушылар ұсынылған қой еті, кондитерлік өнімдер және алмалардың сапасы мен дәміне жоғары баға берді.