ІРГЕЛІ ІСТЕРМЕН ІЛГЕРІЛЕП КЕЛЕДІ
Әйгілі «Glovo» компаниясын білмейтін жан аз болар. Бүгінде курьердің көмегіне жиі жүгінетін жұртқа ол тапсырысын жылдам әрі сапалы жеткізуші ретінде жақсы таныс. «Glovo-ның» негізі Испанияның Барселона қаласында қаланған. Өткен аптада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегация Испанияда жұмыс сапарымен болды. Сапар барысында аталған компанияның халықаралық байланыстар жөніндегі директоры Вильям Бентхоллмен жүздесіп, курьерлік қызмет саласында бірлесіп жұмыс істеу ниетін білдірді.– Бүгінде уақыт тығыз болғандықтан, курьерлік қызмет қарқынды дамып, сұраныс күннен күнге артуда. Оның ішінде «Glovo» компаниясының қызмет сапасы біз үшін өте қолайлы. Қазақстан нарығында 5 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейтін бұл компания еліміздің 14 ірі қаласында шоғырланған. Қызылордада халықтың 50%-ы сіздің компанияны таңдайды.
Қызылорда облысы Қазақстан Республикасының оңтүстік-батысында орналасқан. Әріптестік пен инвестициялар үшін өте қолайлы, қарқынды даму сатысындағы өңір. Көлік-логистикалық әлеуеті, инфрақұрылым желілері дамыған. Минералдық-шикізат ресурстарының қоры бай, агроөнеркәсіптік кешенді және жаңартылатын энергия көздерін дамыту мүмкіндіктері зор.
Еліміздегі қара және түсті металдардың, пайдалы қазбалардың, сирек кездесетін элементтердің, атап айтқанда, ванадий қорының 66%-ы, мырыштың 16%-ы, қорғасынның 11%-ы және уранның 15%-ы облыс аумағында орналасқан. «Glovo» сияқты беделді серіктеспен жұмыс жасау жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Біз Қызылорда облысында бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін барлық жағдайды жасауға дайынбыз», – деді Н.Нәлібаев.
Аймақтың агроөнеркәсіп, құрылыс, қызмет көрсету салаларына инвестиция тартуды мақсат еткен іс сапар алдымен Италиядан басталды. Делегация құрамында ауыл шаруашылығы құрылымдарының, құрылыс компанияларының басшылары, кәсіпкерлер бар.
Жұмыс сапары аясында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстан Республикасының Италиядағы, Мальта және Сан-Марино Республикаларындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерболат Сембаевпен кездесті. Басқосуда Қызылорда облысы мен Италия арасындағы ынтымақтастыққа бағытталған жұмыстар талқыланды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы отандық және шетелдік инвестиция тартып, халықтың әл-ауқатын арттыруды тапсырғаны белгілі. Қызылорда облысы мен Италия арасындағы ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін талқылауға ие болғанымыз үшін шын жүректен алғысымды білдіргім келеді. Италия – Қазақстанның Еуропадағы ірі серіктестерінің бірі және біздің облысымыз итальяндық компаниялармен өзара тиімді байланыстарды одан әрі дамытуға мүдделі.
Осы елдің ауыл шаруашылығы өнімдерін, машина құрылысы, баламалы энергия көздері салаларындағы мол тәжірибесі аса құнды. Біз осы тәжірибені игеруге қызығушылық танытудамыз. Іссапарымыз өзіңіздің қолдауыңызбен нәтижелі болады деп сенемін», – деді Н.Нәлібаев.
Айта кетейік, өңірдегі мұнай қорының сарқылуы салдарынан 10 жыл бойы төмендеу тенденциясын көрсетіп келген өнеркәсіп өндірісі көлемі соңғы бір жылда оң динамикаға шықты. Өсім өңдеу өнеркәсібі есебінен қалыптасты. Сыр өңірі өңдеу өнеркәсібіндегі өсу қарқыны бойынша 2022 жылы республикада 11-орында болса, өткен жылдан бері алдыңғы қатарда.
Инвесторларға қолайлы жағдай жасау, инвестициялық тартымдылықты арттыруда ірі инфрақұрылымдық жобалар қолға алынды. Кейінгі 3 жылда облыста құны 30 млрд. теңгені құрайтын 35 инвестициялық жоба іске қосылды.
Жуырда 16 млрд 600 млн теңгенің инвестициялық жобасы жүзеге асырылды. Инвестор 215 млрд теңгеге жаңа жобаның құрылысын жүргізуде. Жалпы құны 28 млрд теңгені құрайтын «жасыл» энергия саласын дамыту бағытындағы екі жоба бар. Атап айтқанда, 50 мегаваттық жел-электр («Уранус Уинд» ЖШС) және 40 мегаваттық күн-электр станцияларының («Тесис» ЖШС) құрылысы қазан айында басталды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Италияға жұмыс сапары кезінде Рим қаласындағы бірқатар инвесторлармен кездесті. Алдымен «Confindustria» ассоциациясының вице-президенті Витторио Майоранамен жүздесіп, өңдеу өнеркәсібі саласында бірлесіп жұмыс жасауға дайын екенін айтты.
«Біз «Confindustria»-ның тарихы бір ғасырдан асатынын білеміз. Қауымдастық құрамында кеңею, Қазақстанға орналасу, жаңа нарыққа шығу бағытындағы компаниялар болса, бірлесіп жұмыс жасауға шақырамыз.
Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, құрылыс материалдарын, мұнай өндірісіне қажетті тауарлар шығару, жылыжай салу, машина жасау, тері және жүн өңдеу сияқты салаларда бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз.
Серіктес қажет болған жағдайда, аймақта кәсіпкерлер бар. Таныстырып, іс бастауға қолдан келгенше көмек көрсетеміз. Біз әрбір инвесторға қолданыстағы заңнама аясында жер телімін беріп, Қазақстандағы даму институттарынан қаржылай көмек алу үшін құжат әзірлеуді сүйемелдеуге дайынбыз. Сондай-ақ, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жобаларға қаржылай көмек көрсетуге мүмкіндігіміз бар», – деді Н.Нәлібаев.
Мұнан бөлек, аймақ басшысы клиникалық диагностика мен медициналық құрылғыларға арналған өнімдерді әзірлейтін «SGM Іtalia» компаниясының басшысымен кездесті. Іскерлік кездесу барысында медицина саласындағы инвестициялар үшін негізгі бағыт айқындалды. Оның ішінде Қызылорда облысында биохимиялық ерітінділер мен реагенттердің жергілікті өндірісін ашу мәселесі талқыланды.
Айта кетейік, облыста биохимиялық ерітінділер және реагенттермен жұмыс істейтін бірнеше ірі зертхана бар. Атап айтқанда, өңірде «Олимп» зертханасының 18 филиалы, «Invivo» зертханасының 20 филиалы орналасқан. Олар клиникалық диагностикаменбелсенді айналысады және жоғары сапалыреагенттерді қажет етеді.
Әрі қарай аймақ басшысы «Sace» экспорттық-кредиттік агенттігінің президенті Филипо Джансатемен кездесті. Онда ауыл шаруашылығы, тері, жүн өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары, мұнайға қажетті тауарлар, денсаулық сақтау, инфрақұрылым, су ресурстары және көлік-логистика салаларындағы бірқатар тартымды жобалар ұсынылды.
Сондай-ақ қызылордалық «Абзал және К» толық серіктестігінің өкілі Сағидулла Сыздықов Милан қаласында италиялық жетекші агроөнеркәсіптік компания өкілдерімен маңызды кездесу өткізді. Аграрлық саладағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Poluzzi Track System Engineering компаниясымен келісімге қол қойылды. Бұл келісім – аграрлық секторға жаңа технологиялар мен инновацияларды енгізуге, сондай-ақ, өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған маңызды қадам.
Мұнан бөлек, Сағидулла Сыздықов Ravaro компаниясымен ағынды астық кептіргішті жеткізу туралы келісімге қойды. Астық кептірудің заманауи технологиялары жұмыс тиімділігін арттыруға, өнім сапасын жақсартуға және сақтау кезіндегі шығындарды азайтуға көмектеседі.
Сапар барысында италиялық ірі күріш компанияларының бірі – Omodei Zorini компаниясымен өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткізілді. Бұл серіктестік өңірде күріш шаруашылығын дамытудың, инновациялық технологияларды енгізудің және өнім сапасын арттырудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады.
Испанияның Барселона қаласында «Groinn» компаниясы ауыл және орман шаруашылығын басқаруды оңтайландыру үшін жасанды интеллект пен озық датчиктерді біріктіретін технологиялық құрылғыларды әзірлеуде. Компания өз жобасын елімізге инвестициялауға және серіктес іздеуге ниет білдірді.
Облыс әкімі кездесулер барысында Қызылорда облысы әріптестік пен инвестициялар үшін әлеуетті, қарқынды дамыған өңір екенін айтты. Ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылық танытқан кәсіпорын басшыларына алғысын жеткізді.
«Облыстың басты артықшылықтары – көлік-логистикалық әлеуеті, минералдық-шикізат ресурстарының бай қоры, жоғары деңгейдегі инфрақұрылымы, агроөнеркәсіптік кешенді және жаңартылатын энергия көздерін дамыту мүмкіндіктері.
Өңірде қара және түсті металдардың, пайдалы қазбалардың және сирек кездесетін элементтердің бай қоры бар. Еліміздің ванадий қорының 66%-ы, мырыштың 16%-ы, қорғасынның 11%-ы және уранның 15%-ы Қызылорда облысында орналасқан.
Аймақта қазақстандық күріш пен тұздың 90%-дан астамы өндіріледі. Біз ішкі нарықты толығымен қамтамасыз етеміз, сондай-ақ өнімді алыс және жақын шетелдерге белсенді түрде экспорттаймыз. Сондай-ақ, балық шаруашылығы – басым сала. Өңірде Арал теңізі және 200-ден астам көл бар.
Мал шаруашылығы жақсы дамыған. Негізінен ет бағытындағы, ірі қылшықты жүнді және қаракөл қойының тұқымы аудандастырылған. Шикізат өңдейтін жобаларды іске асыруға қор жеткілікті.
Қызылорда облысының инвестициялық әлеуетін ескеріп, өндірісті дамытуда бірлесіп жұмыс жасауға дайынбыз. Өңірдің тәжірибелі кәсіпкерлері серіктес болу үшін келіссөздер жүргізуге, тәжірибе алмасуға арнайы іссапармен келді. Сіздерді де Қызылорда облысына арнайы іссапармен келуге шақырамыз!», – деді Н.Нәлібаев.