Сыр өңірінің қарқынды дамуы жолында әлемдегі озық тәжірибелер терең зерттеліп, жан-жақпен әріптестік байланыс кеңейтілуде. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облыстық мәслихатының кезекті V сессиясында хабарлады.
«Өнеркәсіп өндірісінің 70%-ға жуық үлесін алатын тау-кен секторында 2013 жылдан бері мұнай өндіру 6,5 млн. тоннаға азайғаны белгілі. Суланған және сарқылған ұңғымаларда мұнай өндіру көлемін арттыру бойынша жаңа технологиялар жасайтын қытайлық «Джепетто» компаниясымен бірлескен жұмыстар басталды. Аталған компанияның өкілдігі Қызылорда қаласында ашылды.
Мамандардың мәліметіне қарағанда, жаңа технологиялардың көмегімен мұнай өндіру көлемін 20 пайызға дейін арттыруға болады», – деді аймақ басшысы.
Өткен айда Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары кезінде облыс әкімі мамандарды тегін оқыту бойынша Меморандумға қол қойды. Мұнан бөлек, мамыр айында облыс делегациясы Корея Республикасының Сеул, Тэджон қалаларына және Чоллабук-до провинциясына барды. Осы сапарда Кореяның жетекші жоғарғы оқу орындарының Президенттері және өңір басшыларымен екіжақты ынтымақтастықты дамыту туралы Меморандумдар жасалды.
Өткен жылы жұмысын бастаған Қызылорда шыны зауыты айналасына шағын және орта кәсіпкерлік белдеуін құру мақсаты айқындалған. Осы ретте «Хорн» неміс компаниясының технологияларын тарта отырып, қуаттылығы жылына 120 млн. дана шыны бұйымдарын шығаратын зауыт жобасы жүзеге асырылмақ. Импортты алмастыру бағытындағы жоба шеңберінде халықаралық стандарттарға сай түрлі шыны ыдыстар өндіру, шыны бұйымдарын ТМД елдеріне кеңінен экспорттау көзделуде. Қазір зауыт өнімдері отандық нарықта сатылып, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресейге экспортталуда.