ҚазҰУ-да қолданбалы микробиология зертханасы ашылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қара шаңырақ ҚазҰУ-дың 90 жылдығына арналған «Тұрақты болашақ-2024: биотехнология, экология, энергетика» атты халықаралық конференция өтті. Шара аясында Қазақстан-Германия-Қытай серіктестігі негізінде құрылған халықаралық қолданбалы микробиология зертханасының ашылу рәсімі өтті. Шараға университет басшылығының өкілдері, ғалымдар, профессорлар, оқытушылар мен студенттер қатысты. Германия, Қытай, Пәкістан және Қазақстанның жетекші университеттерінің ғалымдары баяндама жасады. Орталық Азияның әртүрлі елдерінен келген 60-тан астам студент және жас ғалымдар өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстары туралы баяндамалары мен буклеттерін ұсынды.
Пленарлық отырыста Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова ҚазҰУ-дағы Экология және биоресурстардың тұрақтылығы ғылыми-зерттеу институты, биология және биотехнология, география және табиғатты пайдалану факультеттері білім беру, ғылыми-зерттеу, серіктестік және әлеуметтік бастамалар арқылы тұрақты дамуға елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті.
«ҚазҰУ факультеттерінің білім беру бағдарламалары экологиялық таза өнім алудың, ауыл шаруашылығы мен қоршаған ортаға қажетті шикізатты өңдеудің маңыздылығын түсінетін мамандарды даярлауға бағытталған. Ғылыми зерттеулер, далалық тәжірибелер және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық арқылы біздің студенттер мен оқытушылар экологиялық тұрақтылық пен биоресурстарға бағдарланған саланың болашағын қалыптастыруда», деді проректор.
Пленарлық отырыста профессор Илья Дигель-Аахенский (Қолданбалы ғылымдар университеті, Германия), профессор Нұршат Нұражи (Жаңартылатын энергия көздері зертханасы, Назарбаев университетінің Инженерлік және цифрлық ғылымдар мектебінің химия және материалтану кафедрасы (Астана), профессор, доктор Зульфихар Али-IOFS, Пәкістанның бағдарламалар мен жобалар бөлімінің директоры (Пәкістан) және басқалар баяндама жасады.
Конференцияда азық-түлік және ауылшаруашылық биотехнологиясындағы алдыңғы қатарлы жетістіктер, биоәртүрлілікті сақтау стратегиялары және көмір қалдықтарын өңдеудегі инновациялық биотехнологиялық тәсілдер қарастырылды.
Шара аясында Қазақстан-Германия-Қытай серіктестігі негізінде Халықаралық қолданбалы микробиология зертханасының ашылу салтанаты өтті. Отандық және шетелдік ғалымдар жиналған жиында профессор Илья Дигель-Аахенский (Қолданбалы ғылымдар университеті, Германия) «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Конференция барысында үздік деп танылған 40 мақала Scopus ғылыми деректер базасында индекстелген журналдарда жарияланды. Қатысушыларға «Үздік постер» және «Үздік баяндама» номинациялары бойынша ғылыми зерттеулерін жалғастыру мақсатында ақшалай сыйақы берілді.
Зертхана қызметі биотехнология саласындағы ғылыми зерттеулерді халықаралық деңгейде дамытуға, инновациялық биотехнологияларды енгізуге және Қазақстанның ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған. Ғылыми орталық микробиологияның қолданбалы салалары – ауыл шаруашылығы, экология, медицина және өнеркәсіпке ерекше көңіл бөлген қазақстандық, неміс және қытай ғалымдарының бірлескен жұмысының нәтижесінде құрылды. Жоба Қазақстан ғылымының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға қосқан үлкен үлесі болмақ.