IQanat Олимпиадасы: 56 мың ауыл баласы не үшін күреседі?
IQanat Олимпиадасының І туры бүкіл Қазақстан бойынша – еліміздің 170 ауданында бастау алды! Интеллектуалдық сайысқа ауылдық елді мекендерде тұратын 56 мың сегізінші сынып оқушысы қатысады.
IQanat Олимпиадасының ерекшелігі – академиялық жетістіктері мен мектептегі бағаларына қарамастан, әрбір баланың жеңіске жетуге мүмкіндігі бар. Дәстүрлі тестілеулерден айырмашылығы – IQanat тапсырмалары оқушының логикалық және математикалық ойлау, оқу сауаттылығы және қазақ тілін меңгеруі сынды қабілеттерін бағалауға бағытталған.
Бірінші турда жеңімпаз атанған 10 мыңға жуық бала екінші – облыстық турға өтіп, оның аясында тест тапсырудан бөлек, IQanat жобасының үш күндік дайындық шарасы – қарқынды білім беру және ынталандыру тренингтеріне қатысады.
Екінші турда финалға өтетін 1000-ға жуық бала айқындалады. Финалистердің бір бөлігі БурабайдағыIQanat мектеп-пансионатына оқуға қабылданып, олардың жатын орны, тамағы, формасы мен оқу материалдарына қажетті шығындары түгел өтеледі. Финалистердің екінші бөлігі IQanat олимпиадасынан кейінгі үш жылдық қолдау бағдарламасына тегін қабылданып, оның аясында балалар ҰБТ, халықаралық емтихандарға белсенді дайындалады, ағылшын тілін, IT дағдыларды, soft skills, кәсіпкерлік негіздерін меңгереді. Бұл ретте балалардың жетістіктері оқу барысында да, одан түлеп ұшқаннан кейін де бақылауда болады.
Бұл мүмкіндіктерді балаларға IQanat жобасының қамқоршылары ұсынып отыр. Олардың қатарында қазақстандық ірі бизнестің, сондай-ақ ШОБ өкілдері болып табылатын, елімізге танымал 160 кәсіпкер бар.
Жоба қамқоршысы Алмаз Төлтаев ауыл балаларының дамуына не үшін қаржы құю қажеттігін түсіндірді:
«Мен отбасының тұрғылықты жері мен қаржылық мүмкіндіктеріне қарамастан, әрбір балаға сапалы білім мен ол ұсынатын мүмкіндіктер қолжетімді болуы керек деген сенімдемін, сондықтан IQanat жобасын қолдадым. Жоба ауыл балаларына қазіргі уақытта ең қажетті дағдыларға жүйелі түрде оқытады және бұл өзінің тікелей нәтижелерін береді. IQanat бағдарламасымен қамтылған балалардың 90%-ы Қазақстанның және шетелдің үздік университеттеріне грантпен оқуға қабылдануда. Қазір IQanat түлектері әлемнің 17 елінде білім алып жатыр. Бұл жобаға қосылу – біздің еліміздің тұрақты дамуы мен адам капиталына инвестиция құюды білдіреді. Өйткені, дәл осындай ынталы да игі ниетті балалардан келешекте үлкен өзгерістер жасай алатын мықты ұрпақ шығады».
IQanat бағдарламасы түлектерінің (Alumni) саны бүгінде 2200-ден астам. Олар – жобаның мақтаныштары әрі қозғаушы күші. Олимпиада, негізінен, дәл осы түлектердің күшімен өткізілуде. Бүгінде студент атанған олардың бәрі де бірнеше жыл бұрын осы жолды жүріп өткен, тестілеудің қыр-сырын егжей-тегжей біледі. Олар ұйымдастыру жұмыстарының барлық сатысында көмектесіп жатыр: мектептерді аралап, өзге балаларға бағдарлама ережесін түсіндіреді, тіпті өздері де тест қабылдайды. IQanat Alumni қоғамдастығын белсенді дамытуда – түлектердің қатысуымен тұрақты кездесулер мен белсенді шаралар өткізіледі. Одан бөлек, осы түлектердің бір бөлігі IQanat қамқорына алған мектеп оқушыларына ментор болып жатыр. 2017 жылы іргесі қаланған уақыттан бері Олимпиада 240 мыңнан астам ауыл баласын қамтыды. Жыл сайын жобаға ҚР Оқу-ағарту министрлігі қолдау көрсетеді. Еске салайық, IQanat – қазақстандық кәсіпкерлердің әлеуметтік білім беру жобасы, ол ауыл балаларына кең мүмкіндіктер ұсынып, олардың өмірін түбегейлі өзгертеді. Қордың қызметі туралы толық ақпаратты iqanat.kz сайтынан және @iqanat.kz Instagram парақшасынан алуға болады.