Елордада республикалық IQanat ауыл мектеп оқушыларының слеті өтіп жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордаға 700-ден астам 9-сынып үздіктері I Республикалық IQanat ауыл мектеп оқушыларының слетіне келді.
Алғашқы рет елордада 14 облыстың 162 ауданынан келген 703 9-сынып үздіктерінің қатысуымен IQanat республикалық ауылдық мектеп оқушыларының слеті өтіп жатыр. Қатысушылардың барлығы - IQanat республикалық олимпиадасының аудандық кезеңдерінің жеңімпаздары."Бұл - бизнес пен мемлекеттің бірлесе жұмыс істеуі. Мен кәсіпкерлердің осындай білім жобаларына үлес қосқаны үшін қуаныштымын. Қазақстандағы негізгі мектептер ауыл-аймақтарда орналасқан және әртүрлі жағдайларға байланысты ауылдағы оқушылар өз мүмкіндіктерін іске асыру қиын», - дейді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова.
IQanat олимпиадасы төрт пәннен өткізіледі: математика, физика, ағылшын тілі және эссе жазу. Слет ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының қолдауымен «IQanat білім қоры» қоғамдық қоры.
"Бүгін IQanat олимпиадасының республикалық кезеңі өтіп, 4 пән бойынша 12 жеңімпаз бен 2020 жылы Бурабайда ашылатын «IQanat Kazakh-English High School» мектебінде білім алуға Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры ұсынатын 100 оқу грантының иегерлері анықталады", - дейді IQanat қорының атқарушы директоры Айжан Садықова.
2018 жылы шілденің 1-5 аралығында Назарбаев Университетінде Шығыс Қазақстан облысы 6 ауданынан 9-10 сынып ауыл мектеп оқушыларының қатысуымен IQanat-2018 слеті өткен.
"180 қатысушының арасынан 30 оқушы жеңімпаз атанып, АҚШ, Еуропа, Қытай, Ресей және Қазақстанның ЖОО-ларына түсуге мүмкіндік алды. Былтырғы пилоттық жоба негізінде биыл ауқымды шара өткізіп жатырмыз", - дейді Айжан Садықова.
«IQanat білім қоры» қоғамдық қоры - коммерциялық емес қайырымдылық ұйым. Қордың негізгі мақсаты - Қазақстанның ауыл мектептерінің оқушыларына беделді отандық және халықаралық жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігін қамтамасыз ету.
"2018 жылдың қыркүйек айынан IQanat олимпиадасы басталды. Осы уақытқа дейін екі тур өтті. Бірінші турға 30 мың бала қатысса, финалға 700 оқушы іріктеліп алынды. Осы уақытқа дейін бұл олимпиадаға 5 мың мектептің оқушылары қатысты. Осы жерге үздіктің үздіктері жиналды",- дейді IQanat қорының атқарушы директоры.
Қордың қаржыландыруының негізгі көзі - Қазақстан Республикасының азаматтарының және ірі компаниялардың қайырымдылық көмегі. Аталған Слет және олимпиада IQanat ауыл мектептеріне арналған білім беру бағдарламасының жобалары болып саналады.
"Оқушылар бүгін түске дейін тапсырмаларын орындайды. Одан кейін қорытындысы белгілі болады. 4 шілде күні жеңімпаздарды марапаттайтын боламыз. Слет барысында мотивациялық тренингтер болады. Ауылдағы мектептерден келген балаларға мотивация керек. Біз оларға өзін тануға, алдына мақсат қоюға көмектескіміз келеді», - дейді Айжан Садықова.
Олимпиадаға тек 9-сынып оқушылары ғана қатыса алады. Кейінгі екі оқу жылда олимпиада финалистері Бағдарламаның қамқорлығында болып, жан-жақты дайындықтан өтеді.