Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кремльде өнер көрсеткен отандық сазгерді халықаралық сыншылар «Қазақтың Моцарты» деп атады

Кремльде өнер көрсеткен отандық сазгерді халықаралық сыншылар «Қазақтың Моцарты» деп атады



Мәскеудегі Мемлекеттік Кремль сарайында Пётр Ильич Чайковский атындағы екінші халықаралық жастар фестивалі басталды. Оған әлемнің сегіз елінің талантты музыканттары қатысады. Биыл фестиваль аясында жас композиторларға арналған арнайы бағдарлама ұйымдастырылды. Оған Қазақстан алғаш рет өз өнерпазын жіберді. Мұндай мүмкіндік халықаралық байқаулардың лауреаты, пионист, композитор Рахат-Би Абдысағинға бұйырған. Мемлекеттік Кремль сарайының Георгиев залына әлемге енді таныла бастаған классикалық музыканың жас орындаушылары жиналды. Олардың қатарында қазақстандық Рахат-Би Әбдісағин де бар. Ол – фестивальге Қазақстан атынан қатысқан алғашқы музыкант. Андрей Щербак, П.И.Чайковский атындағы қордың басшысы: – Негізі бұл – жабық зал. Тек айрықша маңызға ие концерттер кезінде ғана ашылады. Фестивальді дәл осы залда өткізуге рұқсат алу үшін көп жүгірдік. Жас музыканттар киелі сахнада өнер көрсетті. Қазақстандық жігіттің талантына тәнті болдым. Алар асуы алда деп ойлаймын. Ресей президентінің симфониялық оркестрімен бірлесіп, Рахат-Би Әбісағин «Өмірге құштарлық» атты туындысын нақышына келтіре орындап шықты. Ерекше орындаушылық қабілеті мен өзіндік талантына таңданған тілшілер мен халықаралық сыншылар оны «Қазақтың Моцарты» деп атады. Рахат-Би Әбдісағин, композитор: – Өз шығармамда музыканың кеңдігіне және уақыт ағымына үлкен мән беремін. Біз өте жылдам өзгеретін XXI ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Көштен кеш қалмау үшін үнемі ізденісте болуымыз шарт. Сахнада өнер көрсеткен сәтін Рахат-Би тылсым дүниемен түйіскен қасиетті уақыт деп санайды. Жас таланттың өнеріне көрермен қауым да тәнті болып, ыстық ықыласын білдірді. Юрий Ткаченко, П.И.Чайковский атындағы байқаудың бас дирижері: – Оның қолынан бәрі келеді. Менің ойымша, болашақта Рахат-Би Әбдісағин дирижерлықты, орындаушылықты, композиторлық пен ұстаздықты бір бойына үйлестіре білген үлкен қайраткер болады деп сенемін. Оның тұла бойы талантқа толы. Енді Рахат-Би Әбдісағин 31 мамыр күні Санкт-Петербургтегі филармония сахнасына шығып, өзінің үш туындысын орындайды.

24.kz
28 мамыр 2018 ж. 922 0