Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨШПЕС ДАҢҚҚА БӨЛЕНГЕН ЕСІМДЕР

ӨШПЕС ДАҢҚҚА БӨЛЕНГЕН ЕСІМДЕР

Жақында Бұдабай Қабылұлы атындағы Шиелі аудандық мәденишығармашылық орталығында Халық қаһармандары Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына арналған «Жеңіске жетелеген жырлар мен әндер» атты ардагерлер арасындағы жазба ақындар мүшайрасы мен соғыс жылдарындағы әндерді орындаушы ардагерлердің облыстық байқауы өтті. Бұл жай ғана сайыс емес, бұл байқау ардагерлердің бос уақытын тиімді ұйымдастыра отырып, өскелең ұрпақтың үлкендерге деген құрмет пен Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін оятады.
Байқауға Қызылорда қаласы мен аудандардан 14 ардагер ақын мен әншілер қатысып, өзара бақ сынасты. Екі жанр бойынша өткен сайыс тартысты басталды. Бірінші кезең «Жеңіске жетелеген жырлар» деп аталды. Мүшайраға қатысушы ардагер ақындар Р.Қошқарбаев пен С.Нұрмағамбетовке арнау өлең және еркін тақырыпта бір өлең оқыды. Ал екінші бөлімде ән жанрында қатысқан үміткерлер соғыс жылдарындағы әндерден және Сыр композиторларының бір әнін орындады. Іс-шараға ақын, ҚР Өнер қайраткері Серік Ыдырысов, еңбек ардагері Рысдәулет Құдайбергенов пен Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», мәдениет саласының үздігі Кенжебай Жүсіп қазылық етті. Сонымен байқау нәтижесінде «Жеңіске жетелеген жырлар» атты жазба ақындар мүшайрасына қатысқан Жалағаш ауданы, Жаңаталап ауылынан Алпамыс Кребаев ІІІ орынды, Сырдария ауданынан Байрон Есенбаев ІІ орынды иеленді. Аралдан келген Ерғали Абдолла І орынды жеңіп алды. Ал Жаңақорған ауданы, Жайылма ауылынан келген Нұрлан Жәпеков бас жүлдеге лайық деп саналды. Келесі ән жанры бойынша Қызылорда қаласынан Лайла Насымханова мен Жаңақорған ауданы Келінтөбе ауылынан Оразғали Бидашев ІІІ орынды, аралдық Болатбек Тәжімбет ІІ орынды иеленсе, сырдариялық Бейсенкүл Иманбердиеваға I орын бұйырды. Бас жүлдемен Шиелі ауданы, Байсын ауылынан Дильяра Оразымбетова марапатталды. Барлық қатысушыларға бағалы сыйлықтар табысталды. Шындығында ардақты да абыройлы ардагерлеріміз, қадірменді қарияларымыз текті тіршілігіміздің, салтдәстүріміздің темірқазығы іспетті. Қазақы қалпымызды сақтап, қасиетін жаңғыртып отырған қариялармыз мол. Ендігі жерде солардың өмірлік мол тәжірибесі мен үлгіөнегесін заман талабына сай ұрпақ тәрбиесінде ұтымды пайдалана білуіміз қажет. Біз – ерлікті ежелден енші тұтқан, елдікті ту етіп көтерген, ұрпақтар сабақтастығын парасатпен ұстанған халықпыз. Сондықтан үлкенге құрмет, кішіге ізет көрстеу бағзыдан қалыптасқан. Үлкенге ізет көрсеткен дана халқымыз «Қариясы бардың – қазынасы бар» деген қанатты сөз қалдырған. Міне, өткізілген шара да соның дәлелі.
Айнұр ИБРАШЕВА,
Сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ
07 қазан 2024 ж. 77 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930