Қазақстандағы отбасылар саны бір жарым миллионға өсіп, бүгінде 5,5 миллион отбасыға жетті
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстан халқын Отбасы күнімен құттықтады, деп жазады Egemen.kz ақпарат агенттігі.
- Құрметті қазақстандықтар! Сіздерді Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке күнтізбедегі жай ғана дата емес. Отбасы – сүйіспеншіліктің, ізгілік пен мейірімнің, құрмет пен татулықтың ошағы, яғни кез келген қоғамның діңгегі. Балаларымыз отбасында тәрбиеленіп, ең басты құндылықтарды бойға сіңіріп, еліміздің болашағы қалыптасады. Отбасының береке-бірлігі мен дәстүрлі құндылықтарын нығайту – Мемлекет басшысы белгілеген мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі, - деді министр.Президенттің Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес, отбасы институтын нығайту, ұрпақтар сабақтастығын сақтау бағытында белсенді жұмыстар жүргізілуде. Отбасылық және гендерлік саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында отбасын қолдау, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес және отбасы құндылықтарын қорғау шаралары жүзеге асып келеді.
- Соңғы 10 жылда Қазақстандағы отбасылар саны бір жарым миллионға өсіп, бүгінде 5,5 миллион отбасыға жетті. Бұл адамдардың тұрақтылық пен отбасылық қарым-қатынастарды көбірек бағалайтынын көрсетеді. Сондай-ақ соңғы 5 жылда ажырасудың 48,6%-ға азайғаны – қазақстандық отбасыларының нығайып келе жатқанының тағы бір көрсеткіші.
Биыл «Аналар күні» мен «Әкелер күнін» алғаш рет тойладық. Бұл мерекелер үлкен қолдау тауып, оған мыңдаған қазақстандық қатысты. Мұндай бастамалар ата-ана мен бала арасындағы байланысты арттырып, саналы тәрбие мен отбасындағы бос уақыт өткізу мәдениетін қалыптастыруға сеп болады. Отбасы – бәрімізді біріктіретін құндылық. Әр үйде махаббат пен ырыс-береке, бақыт орнап, балаларымыз құрметке, қамқорлыққа бөленіп өсуіне тілектеспін. Мереке құтты болсын, қымбатты достар! Әр шаңыраққа шаттық орнасын!, - деп жазды Балаева.