Астанада биыл студенттерге арналған 6 жатақхана салынады

Астанаға оқуға келетін студенттер саны жыл сайын артып келеді. Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарының балансында 16 мың орынға арналған 40-тан астам студенттік жатақхана бар. Ал жалпы қажеттілік – 6 400 төсек-орын. Жауапты министрлікпен, университеттермен, инвесторлармен бірлесіп, жатақханалардағы орындарды ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен бірге студенттерге арналған жатақханалардың құрылысымен таныстық, - дейді қала әкімі.
Биыл МЖӘ аясында алты жатақхана салу және пайдалануға беру жоспарланып отыр. Олар 4,5 мыңға жуық орын құруға мүмкіндік береді. 2025 жылы тағы 2 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сол сияқты өз тарапымыздан жатақхана салу үшін тағы 4 университетке жер телімдерін бөлдік.Былтыр 1800-ден астам төсек-орын ашылды. Сонымен қатар 2023 жылы студенттік жатақханалар салу бойынша жобалық кеңсе ашылды. (Бейбітшілік көшесі, 9). Фронт-кеңсенің негізгі міндеті – жатақханалар салу бойынша мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау, студенттерді баспанамен қамтамасыз ету, ЖОО-лар мен әлеуетті инвесторларға заңгерлік, консультациялық және сараптамалық қолдау көрсету, - дейді Жеңіс Қасымбек.