Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАБИҒАТТЫ АЯЛАЙЫҚ

ТАБИҒАТТЫ АЯЛАЙЫҚ

«Біз табиғаттың өзін қайта түлететін ұрпақпыз. Әрбір ағашты, әрбір бұтақты, жалғыз дәнді де ыждағаттылықпен сақтау, қамқор болу – басты міндеттің бірі» дейді Ыбырай Жақаев

Табиғат – тіршілік атаулының құтты қоныс-мекені, тіршіліктің түлеп өсуіне қажет, жер бетіне көрік берген сәні. Адамзат табиғат аясында тіршілік ететіндіктен әр тұлға табиғат күллі тірі жанның құтты қонысы, алтын бесігі екенін жетік білуі парыз. Экологиялық мәселелер мен қоршаған ортаның ластану сұрақтарын шешу бойынша оқушылардың адамгершілік, азаматтық ұстанымы мен экологиялық мәдениетін қалыптастыру мектеп қабырғасынан басталуы тиіс. Осы тұста Шиелі аудандық балалар кітапханасында «Табиғатты аялайық» атты сайыс өтті. Шараға кітапхананың тұрақты оқырмандары «Like school» өнер және спорт орталығының «Шешендік өнер» үйірмесінің оқушылары белсене қатысып, өздерінің шеберліктерін танытты. Жарыс басталмас бұрын кітапханашы Перуза Түлкібай балаларды табиғатқа деген сүйіспеншіліктерін арттыруға, қоршаған ортаға қамқорлық жасап, жанашырлық танытуға шақырды. Кез келген шараның әдемі өтуі жүргізушіге байланысты емес пе?! «Like school» өнер және спорт орталығының «Шешендік өнер» үйірмесінің оқушысы Ғазиза Шахизад тапқырлықпен, жүргізушілік қабілетпен іс-шараны керемет алып шықты. Сонымен сайыс барысында оқырмандар екі топқа бөлініп алды. Одан соң 5 кезеңнен тұратын ойыннан бақтарын сынады. Бірінші кезеңде қатысушылар экологиялық сұрақтарға жауап берсе, екінші кезеңде табиғатты қорғауға байланысты мақал-мәтелдер, тыйым сөздер айтты. Ал үшінші кезеңде топ басшылар додаға түссе, төртінші кезеңде сайыскерлер табиғат туралы жыршумақтар оқыды. Соңғы бөлім «Шаттық шеңбер» ойынында кітапханашы П.Жақсылыққызы балаларға түрлі сауалдар жолдап, оқушылар шеңбер құра дөңгеленіп тұрып, түрлі сұраққа жауап берді. Шара соңында екі топқа да Шиелі аудандық балалар кітапханасының атынан Алғыс хаттар табыс етілді. Осылайша қызықты әрі тартысты өткен «Табиғатты аялайық» атты сайыс өз мәресіне жетті. Бастысы оқушылар бұл шарадан қоршаған ортаның қаншалықты құдіретті екенін түсінді.
Айнұр ИБРАШ

30 шілде 2024 ж. 92 0