Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жамбыл облысының әкімі су алған аулаларды аралады

Жамбыл облысының әкімі су алған аулаларды аралады

Жамбыл облысының әкімі су алған аулаларды араладыБүгін облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Сарысу ауданы Жаңатас қаласына барып, су алған аулаларды аралап, ахуалмен танысты.


Еске сала кетейік, жексенбі, 7 шілде күні Сарысу ауданы Жаңатас қаласында қатты жауын-шашын салдарынан көлбеу ағын қалыптасып, бірқатар көшедегі 400-ден астам үйдің ауласы мен 47 үйдің ішін су алды. Шығынды есептеу, қосымша нақтылау шаралары жалғасып жатыр. Жергілікті атқарушы орган және Төтенше жағдайлар департаментінен жұмылдырылған 50-ден астам адам тұрғындарға көмектесіп, су айдау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұдан бөлек, 17 бірлік техника тартылып, 11 мотопомпа қолданылып отыр. Қажетті техникалар санын арттыру үшін жедел шаралар қолға алынған.
Қазір арнайы техникалардың көмегімен суды тоқтату, бағытын бұру жұмыстары үздіксіз атқарылып жатыр. Зардап шеккен тұрғындар үшін қабылдау пунктері дайындыққа келтірілді. Азаматтарды тасымалдауға арнайы көліктер қарастырылған.
Жалпы, төтенше жағдай салдарын жою, қалыпқа келтіру бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп отыр.
Ербол Қарашөкеев жедел штаб отырысында болған жағдайдың қайталанбауы үшін себебін зерделеу бойынша жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.
«Арнайы комиссия құрылып, тұрғындарға, зардап шеккен нысандарға заң талаптарына сәйкес барлық қажетті көмек, қолдау көрсетіледі. Біз бұл қиындықты да бірге еңсереміз», деген өңір басшысы аталған жағдай жеке бақылауында болатынын баса айтты.
Айта кетейік, аудандағы ахуал тұрақты, су деңгейі төмендеді. Адам, мал шығыны жоқ.

08 шілде 2024 ж. 142 0