Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Батыс Қазақстан: Қауіп сейілген жоқ

Батыс Қазақстан: Қауіп сейілген жоқ

Батыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқынына қарсы күрес жалғасып жатыр. Бұған дейін жергілікті өзендер жауын суымен көтеріліп тасып, тентек мінез көрсетсе, енді бастауын Ресейден алатын өзендердің деңгейі күрт көтеріле бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Батыс Қазақстан: Қауіп сейілген жоқ

Сенбі күні Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Батыс Қазақстан облысына іссапармен келіп, облыс әкімі Нариман Төреғалиевпен бірге су тасқыны болған аумақтарды тікұшақпен аралап, жағдайды өз көзімен көрді.
Үкімет басшысының орынбасары көлемі жағынан ауқымды су тасқыны болған Теректі, Сырым, Қаратөбе аудандарының аумағын көрді. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев тасқынның алдын алуға, халықты қауіпсіз жерге көшіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
Облыстың Теректі, Сырым, Қаратөбе, Бөрлі аудандарында, сондай-ақ, Орал қаласында тасқынға байланысты табиғи сипатта төтенше жағдай жарияланған. Су басқан аумақтар көп мөлшердегі жауын-шашынның салдарынан ұлғая түскен.
Қазіргі уақытта тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. Соңғы деректерге қарағанда жалпы саны 1122 адам эвакуациялық пунктке жеткізілген, үй жануарлары қауіпсіз аумақтарға айдалған.
Батыс Қазақстан облысында су тасқыны салдарымен Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы, жергілікті атқарушы органдар, Қорғаныс министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің мамандары күресіп жатыр. 306 техника мен 146 мотосорғы осы іске жегілген.
Сондай-ақ Маңғыстау облысының және Төтенше жағдай министрлігі әскери бөлімдерінің күштері тартылды. Қосымша ҰҚК Шекара қызметінің «МИ-8» екі тікұшағы көмекте жүр.
Өңірде арнайы комиссия құрылып, келтірілген залалды есептеу басталды. Роман Скляр барлық бағыт бойынша су тасқынына қарсы жұмысты күшейтуді тапсырды. «Үкімет тарапынан барлық қажетті көмек көрсетілетін болады», деді премьер-министрдің бірінші орынбасары.
Шыңғырлау өзенінің деңгейінің көтерілуіне байланысты елді мекендерді су басу қаупі туындады, қазіргі уақытта Бөрлі ауданының Ақсу және Кеңтүбек ауылдарында 251 адам эвакуацияланды.
Батыс Қазақстан облысына жағдаймен жеке танысу үшін вице-министр Ерлан Нұрпейісов келді. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев те апат аймағында жүр.
«Батыс Қазақстан облысына табаным тиісімен тікұшақпен облыстың су басқан аудандарына, шалғай орталықтарына барып келдік. 692000 адам тұратын Батыс Қазақстанның су басқан аймақтарындағы қатысты ахуал қиын. Күн санап жағдай күрделеніп барады. Қазірдің өзінде облыста 455 үйді су басқан, 22 ғимарат су астында қалған. Қардың еруі және жауын-шашынның салдарынан 17 әлеуметтік және мемлекеттік маңызы бар нысанның және 5 көп қабатты тұрғын үйдің жертөлесін, сондай-ақ 460 жеке тұрғын үйді және 99 тұрғын үйдің ауласын су басқан. Халық қатты үрейленіп қалған», дейді депутат.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Батыс Қазақстан облысының Ақжайық, Жәнібек, Теректі, Сырым, Қаратөбе, Шыңғырлау, Бөрлі, Казталов аудандарында 17 автожолдың 37 бөлігін су басып, қазір 4 ауданның 17 елді мекенімен жол қатынасы үзіліп отыр.
Батыс Қазақстан облысындағы су тасқыны жағдайына байланысты ТЖД психологтері эвакуациялық пункттердегі зардап шеккен халыққа шұғыл психологиялық көмек көрсетіп жатыр.
Төтенше жағдай басқармасының мәліметіне сәйкес, Шаған, Деркөл өзендері суының ең жоғары деңгейге көтерілуіне байланысты саяжай үйлерінің аумағын су басуы мүмкін. Осыған орай өзен жайылмаларындағы саяжай тұрғындарына алдын ала қауіпсіз жерге көшу туралы ескертілді. Уақытша тұратын үй-жайы жоқ тұрғындарға эвакуациялық пункттер дайындалды.
Мамандар ендігі қауіп Ресей аумағынан келетін өзендерден келуі мүмкін екенін айтып жатыр. Саратовмелиоводхоз басқармасының мәліметі бойынша Қараөзен мен Сарыөзен деңгейі күрт көтерілген. Батыс Қазақстан облысына ең жақын Ресейдің Приузен су қоймасынан Қараөзенге секундына 372 текшеметр су, ал Варфоломеев су қоймасынан Сарыөзенге секундына 100 текше метр су жіберіліп жатыр екен.
Осыған байланысты, облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің тапсырмасы бойынша жедел қауіпсіздік шаралары қабылданды.
Су басу қаупі бар аймақ тұрғындарына қажет уақытта қауіпсіз жерге көшуге дайын болуы ескертілді.
31 наурыз 2024 ж. 153 0