Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БҚО-дағы су тасқыны: 6 ауданда төтенше жағдай, адам шығыны бар

БҚО-дағы су тасқыны: 6 ауданда төтенше жағдай, адам шығыны бар

Наурыздың 15-індегі мәлімет бойынша Батыс Қазақстан облысында 54 тұрғын үй мен 10 саяжай үйін су басқаны хабарланды. Суға кеткен үйдің бәрі де Бөрлі ауданында.



Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, Бөрлі ауданының Ақбұлақ ауылында – 14, Қызылталда – 16, Кеңтүбек ауылында – 15, Ақсуда – 3, Бақтыаралда – 5 үй, Ақсай қаласының өзінде 1 үй су ішінде тұр. Бұдан бұрын су басқан Сырым ауданындағы 5 үйден, Теректі ауданындағы 1 үйден су сорылып шығарылған.
Құтқарушылардың және жергілікті әкімдік қызметкерлерінің ұйымдастыруымен 265 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Мұның 168-і – Бөрлі ауданынан болса, 26 адам Сырым ауданынан, 65 адам Қаратөбе ауданының Қоржын ауылынан. Айта кетейік, Сырым ауданында қазір қауіп сейіліп, 20 адам Жымпитыға, 6 адам Өлеңті ауылына, өз үйіне оралды.
Адамдармен бірге қауіпті аумақтан 282 бас мал да шығарылғанын жазған едік. Әзірге 6 бас қой-ешкі өлгені белгілі болды.
Өзеннен лықсып шыққан мұз Сырым ауданында электр бағаналарын қиратып кеткен болатын. Әзірге Жамбыл ауылында 48 абонент жарықсыз отыр. Оқиға орнына жөндеушілер жол қиындығына байланысты жете алмай отыр.
«Жымпиты-Қаратөбе» бағытындағы облыстық маңызы бар автожолдың бір бөлігі тасқын су кесірінен бұзылып, қазір Қаратөбе ауданына қарасты Алакөл, Ақтай, Қоскөл, Аққозы, Қоржын, Бесоба, Қосбаз, Сәуле, Қарақамыс елді мекендеріне қатынас үзіліп қалды. Оқиға орнында жергілікті биліктің күшімен бірнеше экскаватор, тиегіш трактор жолды қалпына келтіруге кірісті.
Соңғы бір тәулік ішінде облыстық және аудандық маңызы бар 6 жол бөлігінен қарғын су асып түскені туралы хабар келіп отыр. Олар Бөрлі, Сырым, Теректі аудандары аумағында.
Одан бөлек, 11 жерде жол жабындысы бүлініп, қарым-қатынас уақытша тоқтатылған. Жоғарыда айтылған қаратөбелік 9 ауылдан бөлек, Шыңғырлау ауданының Алмаз, Ақтау, Сегізсай ауылдарымен көлік қатынасы тоқтады.
Төтеншеліктердің хабарлауынша, соңғы бір тәулік ішінде 996 адам құтқару, табиғи апаттың бетін қайтару ісіне атсалысқан. Олардың ішінде құтқару қызметінен бөлек ішкі істер қызметкерлері, Ұлттық ұлан жауынгерлері, жергілікті тұрғындар, еріктілер де бар. Айта кетейік, «Қазавиақұтқару» мекемесінің тікұшағы да 5 адамдық экипажымен құтқару жұмыстарына атсалысуда.
Соңғы бір тәуліктің ішінде ғана 3750 дана қапшық құм қауіпті жерлерге төселген.
Бұған дейін Орал қаласында, Шыңғырлау, Бөрлі және Бәйтерек аудандарында жергілікті масштабтағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланса, бұған енді Қаратөбе мен Қазталов аудандары қосылды.
Өңірдегі табиғи апаттың бетін қайтаруға көмектесу үшін Атырау мен Маңғыстаудан көмек келгенін айтқан едік. Атырау облыстық ТЖД-нің 49 маманы екі топқа бөлініп, Қаратөбе мен Бөрлі аудандарына аттанса, маңғыстаулық 62 құтқарушы Орал қаласына және Қазталов ауданының Жалпақтал ауылына бекітілген.
Апатқа қарсы құрылған облыстық жедел штаб мүшелерінен құрылған бір топ Деркөл мен Шаған өзендерінің ахуалын әуеден байқап қарау үшін тікұшақпен барлау жасап қайтты.
Өкінішке қарай, қаралы хабар да бар: Шыңғырлау ауданының Ақтау елді мекенінен 11 наурыз күні кешкісін 39 және 46 жастағы екі ер адам трактормен Ақсай қаласына қарай шыққан екен. Сол күйі хабарсыз жоғалған. Оқыс оқиға туралы хабар тиісті орындарға тек 14 наурыз күні кешкісін, 17.17. сағатта түскен. Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в. компаниясының жол талғамайтын көлігімен 5 адам – арасында аудандық аурухана дәрігері бар құтқарушылар түнгі сағат 23:25-те жолға шыққан. Алайда қараңғы түн, айнала су, лайсаңнан жол таппай, түнгі сағат 3:00-де іздеу жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Наурыздың 15-інде Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті 1984 жылы туған ер адамның мәйіті табылғанын растады. Жоғалған екінші адам аман-сау. Алдын ала хабарларға қарағанда, трактор бұзылып, екі ер адам малшы қыстағына жаяу бармақ болған. Алайда біреуі жете алмаған.
Өткен тәулікте Шідерті, Деркөл, Шежін, Көпірлі Аңқаты, Өлеңті, Шыңғырлау және Сарыөзенде су деңгейі төмен түсе бастағаны байқалған.
Алайда Жайық өзенінде, Көшім мен Шағанда, Қазталов ауданындағы Қараөзенде, Бәйтерек ауданы аумағындағы шағын Рубежка, Быковка өзендерінде су көтеріліп жатыр. Облыстық жедел штаб, барлық ауданда ұйымдастырылған 13 штаб жағдайды толық бақылауға алып отыр.
16 наурыз 2023 ж. 132 0