Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көптің көмегі – келелі іс

Көптің көмегі – келелі іс



Біздің елдің жігіттері жігіттердің төресі,
Біздің елдің жігіттері ұлы мұхит кемесі.
Осы елден бақ пен қызыр қашпаса екен деп тілеп,
Осы елдің осал жерін түзеп жүрген шегесі, – деген өлең жолдары ойға оралды жайбарақат отырғанда. Иә, арамызда өз ісі мен адамгершілік қасиеті ауыз толтырып айтуға болатындай небір төрелердің жүргенін біле бермейміз. Өйткені, олар «мен жақсымын», болмаса «мен мынадай іс жасаудамын» деп айта алмайды. Ел болып рухани жаңғыруға бет алғанда, материалдық құндылықты емес, рухани байлықты алғашқы орынға қоятын жандардың ел үшін жасайтын ізгі ісін неге насихатамасқа, неге үлгі етпеске?
Міне, осы ой бізді осынау мақала­ның жарық көруіне алып келді десек болғандай. Иірімі мол, терең ойға жетелеген, жоғарыда үзіндісі ғана берілген өлеңге арқау болған азаматтардың сапында біз тақырыпқа тұздық еткелі отырған Нәсіпбай Көпенов есімі бар. Жасаған жақсы ісін елге жар салып жария етуге асықпаған Н.Көпеновтың әр ісінің иесі өзі, киесі халық екендігін әңгімеміздің алғашқы минуттарында-ақ ұққандаймыз. Елім деп еңбектеніп, жеріме пайдам тисін деп, игі іс жасап жүрген азаматы бөлек жанмен тілдескенде аудан халқы үшін, ұрпақ қамы үшін «жасалса деген» біршама жұмыстарды ортаға салды. Небір іскер азаматтар мен жаңашыл басшыларды өмірге әкеліп, қиялына қанат бітірген өңірде қайырымдылықты серік еткен жандардың туылуы да заңдылық әрине. Сол жандардың қатарындағы Н.Дүйсенұлы да өзге замандастары секілді жастайынан табан ақы, маңдай терімен еңбек ете жүріп, талай қиындықтарды бағындыра білді.
Әңгіменің ауанын тақырыпқа таясақ, «Нәсіп көпірі» болмақ. Оқу орнын бітіріп, қолына дипломын алғаннан кейін кейіпкеріміз 1980 жылдан «Шиелі Автобаза №1» мекемесіне диспетчер болып қызметін бастайды. 1993 «Арғымақ» ЖШС мекемесінде 1993 жылдан бастап бас инженер қызметінің жауапкершілігі жүктеледі.
– Әрі досым, жолдасым елге белгілі азамат, «Құрмет ордені» иегері Оразәлі Байділдамен ауданның көркейіп, оң көрсеткіштерінің қалыптасуына және халық игілігіне еңбек етіп келеміз. Аудандық мәслихат депутаты болып сайланғалы бері біршама шаруаларды атқарып жүрмін. Оның барлығын тізе берудің қажеті жоқ шығар, – деді Н.Көпенов. Алайда, исламда «садақа жария» деген қасиетті ұғым бар екендігін білеміз. Ол – қоғамның, халықтың игілігі үшін жасалған сауапты іс. Айлардың сұлтанында осы сынды дүниелер баспа бетінде жарық көрсе, артық бола қоймас, сірә.
Сонымен, әңгімеге ойыссақ, аты аталған мекеме арқылы аудан және кент әкімдігімен бірлесе Д.Нұрпейісова көшесін асфальттап, Панфилов көшесі толықтай электр жарығымен жарықтандырылған. Осы Панфилов көшесіндегі бейіт халықтың сұрауы бойынша жаңадан қоршалды. №47 жаңа мектеп ғимараттың алдына тал отырғызатын шарбақ және Бәкіров көшесіне 2 дана аялдама қойылған. Ал, ескі №47 мектептің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізілуіне бастан-аяқ қатысып, жәрдем де беріп отырғандығы аян болды.
Сонымен, Әбілда Мақұлбековтың идеясымен «Байсары», «Базар арық» каналдарын лотоктау аудан басшылары тарапынан қолдау табады. Сөйтіп, біршама бөлігі темір бетонмен қапталады. Ал, қалған бөлігі келер жылдың еншісіне қарастырылуда екен. Осы «Байсары» канал бойындағы темір бетон көпірді екіге бөлгізіп, ескі №47 мектепке өтетін арнайы көпір және темірден адамдар өтетін өткел жасалыпты. Бұл аталған объекті де бастан аяқ кент және аудан басшылығы тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесі екендігін баса айтты халық қалаулысы. Каналдарды бетондаудың себебінен халықтың аяқ суға деген қажеттігі өтелуде екен.
Енді осы ретте өз есебінен сол Байсары каналының төменгі жағынан темір бетоннан көпір салып, халықтың қажетіне асыруды ойлаған Н.Көпенов еш ойланбастан іске кірісіп кетеді. «Көпір салу — сауапты істердің ең үлкені» делінген пайғамбарымыздың хадистерінің бірінде. Өзен-сулардың жағасындағы ел көпірдің маңыздылығы мен қажеттілігін жақсы біледі. Осыны өз ойында екшеген Н.Дүйсенұлы Н.Бекежанов пен Б.Оразов көшелерінің арасын көпір арқылы байланыстыруды көздеді. Кент тұрғындарына Амангелді көшесінде орналасқан монша, мал базар, емхана, мешіт, архив және өзге де орындарға бару үшін біраз жол қысқартуды жөн санады. Қолға алынған іс қолдау тапса, оңғарылатыны белгілі емес пе? Көпір де салынды. Енді, жол қашықтығын қысқартып, осы бағыт бойынша №25 микро автобусты қатынату мүмкіндігі бар екендігін де ортаға салды. «Келешек осы жол көше болып, жаңадан үйлер орналасса, тиімді. Өйткені, осы бағытта таза су құбыры өткен және аяқ су мәселесі толықтай шешіліп тұр,– деді маңғаз кейіпінен айнымаған Нәсіпбай Дүйсенұлы.
Осындай игілікке ұмсынып тұратын жандардың ізгі істерін, небір күресінге толы жүріп өткен жолдарын өзгелерге үлгі етіп, жас ұрпаққа жеткізу рухани жаңғыру сәтіндегі еліміздің бірегей ісі десек болар. Көптің көз алдында, өз еңбегімен, білім-білігімен абырой биігіне өрлеген азаматтардың есімдері үнемі халықтың жадында жүретіні бесенеден белгілі. Олай болса, біз де ел жанашырына сауапты істеріңіздің сағасы сарқылмай, жігіттердің төресі бола жүріп, елдің осал жерін түзеп жүрген шегесі де бола бергейсіздер демекпіз.

Дина ЖҮСІПОВА.
22 мамыр 2018 ж. 2 119 0