«ШИЕЛІ ДАУЫСЫ»: ТАЛАНТТЫЛАР ТАҢДАУЫ
Бәріңізге мәлім, Шиелідегі «Арман» мәдениет үйінің қызметкерлері әрдайым жаңашылдық пен ізденісте жүреді. Соның бір дәлелі ретінде «Shieli дауысы 2024» мега жобасын айтуымызға болады. Шежірелі өлкеде алғаш рет бастау алған мега жобаның «Көрмей таңдау» кезеңі жоғары деңгейде өтті. Біз де бұл жобаны көруге асығып шығармашылық орталыққа баруға асықтық.
Жұма күні. Зал көрермендерге лық толы. Сахнаның сыртында қобалжып тұрған қатысушылардың әсерін сөзбен жеткізе алмаспыз. Қайткенмен де қобалжулар, толқулар болады. Сонымен бұл сайыстың басты мақсаты – өскелең ұрпаққа ән өнерін қалыптастырып, өңірдегі өнерпаздарды шыңдап, көрінбей жүрген жас таланттарды тауып, халықтың және заманауи үлгідегі әлемдік деңгейдегі әндерді насихаттау негіз болып отыр. Ал ерекшелігі қатысушылар вокалдық қабілеттеріне қарай таңдалады. Қатысушының музыкалық білімі болуы міндетті емес. Үш тәлімгер өз шәкірттерін таңдап, оларды жеңіске жетелеу үшін барын салады, өз тәжірбиесімен бөліседі. Байқау өз кезегінде үш кезең бойынша жүргізіледі. Бірінші кезең «Көрмей таңдауда» қатысушы кез келген бір ән орындайды. Содан тәлімгерлер қатысушыларды көрмей, дауысына баға беру арқылы таңдайтын болады. Ұнатқан тәлімгер өнерпазды таңдап, өз командасына алады. Екінші кезең «Жекпе-жек» деп аталады. Бұл да өз ішінде 4 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде тәлімгермен ақылдаса отырып халық әндері орындалса, екінші бөлімде патриоттық әуендер шырқалса, үшіншісінде қатысушылар өзге ұлттың әндерін орындайды. Тәлімгер өз командасына жинаған қатысушыларды 4 бөлім бойынша дайындап, әр кезеңде үздік орындаушылар алға шығып, финалға бір табан жақындайды. Соңғы бөлімде үміткерлер трио немесе дуэт ретінде бір әнді орындайды. Орындау нәтижесі бойынша тәлімгер өз тобынан финалға ең үздік сайыскерді анықтайды. Бір талапкер байқауды жалғастырып, финалға жолдама алады. Келесі көптен күткен үшінші кезеңде финалда қатысушы өз тәлімгерімен бір ән орындайды. Әрмен қарай «Шиелі дауысы 2024» мегажобасының жеңімпазы (фейсбук) әлеуметтік желісі арқылы халықтың дауыс беруімен анықталады. Айта кетейік, ән додаға 17-35 жас аралығындағы дарындылар қатыса алады. Міне, бұл жобаның қысқаша ережесі мен талаптары.
Ендеше «Көрмей таңдау» бөлімі қалай өтті? Тәлімгерлер кімдер? Қанша қатысушы қатысты? Тек Шиелі ғана емес, басқа да қалалардан келіп қатысты ма? Дәл осындай сауалдарымызға біз жауап та алып үлгерген едік.
Әуелі ән-доданың тәлімгерін айтып кеткеніміз жөн болар. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаты және төсбелгісінің иегері, дәстүрлі әнші «Нартай» өнер үйінің директоры Мұхамедәлі Бекпейісов болса, «Мәдениет майталманы» төсбелгісінің иегері Дәурен Даулетұлы мен Шиелі аудандық өнер мектебінің вокал сыныбының мұғалімі, «Өнерге қосқан үлесі үшін» төсбелгісі, «Үздік музыка мұғалімі» төсбелгілерінің иегері Меруерт Тұрсынбайқызы тәлімгерлік етеді. Үш тәлімгер өз шәкірттерін таңдап, оларды жеңіске жетелеу үшін барын салады, өз тәжірибелерімен бөліседі.
– «Көрмей таңдау» кезеңінің бірінші айналымы ойдағыдай болды. Алайда, қатысушылардан бұрын өзіміз де қатты толқыдық. Теріс айналып отырып, таңдау қиынға соқты. Жалпы байқауға 30-ға жуық әншілер бағын сынап тіркелсе, оның 17-сі бірінші кезеңде бақтарын сынады. Бұл бөлім бірінші айналыммен бітіп қалмайды, екіншісі алдағы 28 маусым күні жалғасатын болады. Қоса кеткен жөн, жобаға тек Шиелі ауданының жастары ғана емес, Түркістан, Қызылорда қалаларынан қатысуда. Егер де бойыңызда әншілік қабілетіңіз болса, онда сіз Шиелі дауысына қатысып көріңіз, – деді Халықаралық байқаулардың жеңімпазы Д.Беркімбаев.
Шер аға айтқандай «Таланттылар – раушан гүлі сияқты жан-жағына жұпар шашып, көңіл ашады». Иә, бойдағы қанға жүрген қасиет, дарыған талантқа қанат бітіретін де – сенім. Ал сенімі нық таланттар талай бәйгеде топ жарып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленеді. Шиелі дауысы да талайлардың жұлдызын жарқырататынына кәміл сенеміз. Олай болса ауданда бұрын-соңды болмаған өнерлілер сайысына тек сәттілік тілейміз!
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ