АУДАН ТАЗАЛЫҒЫМЕН КӨРІКТІ БОЛМАҚ
Шиелі – өз үйіміз. Осы бір тұмса табиғаты бар, саф таза ауасы бар қасиетті жерді мекен еткен әрбір азамат өзін бақытты сезінуі тиіс деп ойлаймын. Сондықтан да ауасын жұтып, суын ішіп отырған өлкеге деген сүйіспеншілігіміз шексіз болуы керек. Ал сол сүйіспеншілікті арттыруға ықпал ететін мәселе – тазалық.
Әрбір шиелілік өскен ортасы мен тұрғылықты жерін өзінің үйіндей көрсе дейміз. Ауданда жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін тазалық айлықтарына бір адамдай атсалысуы қажет. «Тазалық – тазалаған жерде емес, тазалықты сақтаған жерде» дейді орыс мақалы. Шындығында, тұрғылықты жерімізді шашып бүлдіретін де, жинайтын да – өзіміз. Ал жұртшылықты сенбіліктерге жұмылдырсақ, әрбір тұрғын өз ауласын таза ұстаса ауданымыз гүлденіп, ауылдарымыз көркейіп шыға келер еді. Өйткені, халық өзі жинаған жерді өзі шашпайтыны анық.
Аудан аумағындағы аулаларды, көшелерді, саябақтарды, алаңдарды, гүлзарларды тазалау, күтіп-баптау, ағаштар отырғызу – әрбір тұрғынның міндеті. Ел арасында әртүрлі адамдар бар. Олардың қоғамдық жерлердегі, көшелердегі мәдениеті әралуан. Осы көше мәдениетін қалыптастырып, халықтың санасын ояту үшін ауданда түрлі шаралар жүзеге асырылуда. Аудан, қала, ауыл әкімдіктері мен түрлі құзырлы мекемелер, жасылелдіктер мен ерікті жастар, табиғат жанашырлары барынша жұмылып, жұртқа үндеу тастап, рухани-мәдени шаралар ұйымдастырып отырады. Жыл сайын көктемде және күзде ауданда абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазарту айлықтары жарияланып, сенбіліктер ұйымдастырылады. Сенбілік өткізу дәстүрі бүгінгі қазақ қоғамы өмірінің ажырамас бөлігіне айналған-ды. Мұндай жұмыстар адамды тәрбие мен тәртіпке баулиды.
Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын жариялап, ол жалпыхалықтық сипат алып келеді. «Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бір реттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Қазақстанымыз таза болуы қажет. Ең алдымен, Қазақстанның таза, көрікті болғаны біз үшін, яғни халық үшін керек. Бұл күнделікті өмір салтына айналуы қажет» деген болатын.
Президенттің бастамасымен қолға алынған тазалық акциясы мұнымен шектеліп қалмайды. Жаз мезгілінде барлық сыртта жүрген студенттер, қонақтар, жастар Шиелі ауданына келетіні сөзсіз. Несін жасырамыз, кейбір жастар қоқыс тастап, көшелерді ластап, тазалық мәдениетін білмейді. Күнделікті аудан тазалығымен айналысатын мекеменің жұмысын жоққа шығаратын да осы бейберекетсіздік. Осы орайда, туған жердің тазалығын сақтау үшін, қоғамдық жерлерде қоқыс қалдықтарын тастаған адамдарға айыппұл салынатынын ескертеміз. «Тазалық табалдырықтан басталады» деген.
Тазалық мәдениетін түсінгеніміз өздігімізден бет бұрып, түсінбегендерді мәжбүрлеп үйретпеске амал қалмаған тәрізді. Осы орайда, мәжбүрлеп үйретудің басты шарттарының бірі – айыппұл салу. «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» заңның 434-2-бабы бойынша ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлерді ластау, оның ішінде белгіленбеген орындарға қалдықтарды тастау – 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін 1 жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келетінін еске саламыз.
Осыған байлананысты «Туған жеріме жаным ашиды» деген әрбір тұрғын – Шиелі кентінің ішінде рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс тастаған азаматтарды көрген жағдайда, анық фото немесе видео фиксация жасап, 1 000,0 (мың) теңге көлемінде сыйақы алатынын хабарлаймыз және фото немесе видео фиксация жіберген адамның аты-жөні құпия сақталады. Нақтырақ айтсақ, фото немесе видеофиксация (адамның немесе көліктің) анық болуы міндетті. Анық болмаған жағдайда өрескел бұзушылыққа шара қолдана алмаймыз, демек төлем болмайды.
Құрметті Шиелі ауданының тұрғындары! Туған жердің гүлденіп-көркеюі жолында тамшыдай үлес қосамын десеңіздер – тазалық сақтауға көңіл бөліңіздер! Тазалық – саулық кепілі. Дені сау ұрпақ өсіру үшін таза жерде өмір сүрейік!
Ербол ЯҺУЛӘҰЛЫ.
Фото немесе видеофиксацияны телефон ватсабына жіберуге болады.
+7 707 695 1281
+7 707 695 1281