Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҒАСЫРЛАР ҮНІ ЖАҢҒЫРДЫ

ҒАСЫРЛАР ҮНІ ЖАҢҒЫРДЫ

Өткен дәуір мәдениетінен сыр шертіп, мұрасын сенімді сақтайтын мұражайлардың қоғамда өзіндік орны бар. Бұл – табиғатпен, адам қолымен жасалған өнер туындыларын, көне заман ескерткіштерін, олардың үлгі-нұсқаларын жинақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отыратын рухани мекеме. Бүгінде біздің ауданда да танымды арттырып, әсемдікпен байланыстыратын 3 музей халыққа қызмет етіп келеді. Олар уақыт өткен сайын құндылығын молайтпаса, жоғалтқан емес.

Халықаралық деңгейде атап өтілетін мерейлі мерекенің бірі – 18 мамыр – Музей күні осы бір мәдени ортаның маңызын айшықтай түседі. Мереке қарсаңында «Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы» музейі жылдағы дәстүрден жаңылмай, мұражайлар күнін өз деңгейінде атап өтті. «Көне тарих куәсі» тақырыбында жалғасқан іс-шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Әзімханұлы, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы К.Шахизатұлы, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы А.Әзімхан, Иіркөл ауылдық округінің әкімі О.Ержан, Жансейіт ауылының «Алтын аналар», Ы.Жақаев ауылының «Асыл әжелер» ұжымы және No148 «Бидайкөл» орта мектебі қоғамдық музей үйірмесінің жетекшісі М.Байділдаева, үйірме оқушылары мен музей қызметкерлері қатысты.
Бұл күні музей алдына қараша үй құрылып, күріштің атасы атанған Ы.Жақаевтың ұстап, тұтынған заттарынан қойылған «Өткеннің қазынасы болашаққа» атты көрме тамашаланды. Ақ жаулықты әжелер қазақы дәстүрдің үлгісін жаңғыртып, күбі пісіп, ұршық иіріп, музей жәдігерлерін қозғалысқа ендіріп, оларға қайта дем берді. Социалистік Еңбек Ерлері Ыбырай Жақаев, Закира Ержанова, Ұлбала Алтайбаева, Шырынкүл Қазанбаева, Жадыра Таспамбетова, Айша Меңлібаева сынды еңбек адамдарының образына қаныққан жұрт ерекше әсерге бөленді.
Мереке күні алғаш сөз алған Өркен Исмаил қонақтарды музей күнімен құттықтап, көненің көзін жаңғыртуда қызметкерлердің еңбегі зор екенін атап өтті.
– Музей – бұл ауданның мәдениеті мен тарихы. «Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы» музейі де бүгінде мақтаныш тұтар ғимаратқа
айналды. Мекеменің Ы.Жақаев ауылының қақ ортасында орналасуының өзі – үлкен ерекшелік.
Мұнда қонақ болып келген әр жан мұражай ішін аралап, ондағы жәдігерлерді тамашалау арқылы өңірдің тарихына қаныға алады, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Сондай-ақ шара қонақтары музей директоры Құттықыз Ыхановаға, ауданның барлық мәдени шараларының басы-қасында жүретін музей ұжымына алғыс білдірді. Ауыл әкімі О.Ержан мекеме қызметкерлерін марапаттап, мұражай қорының молайып, келушілермен толыға беруін тіледі.
Шара барысында №148 «Бидайкөл» орта мектебі «Рухани мұра» өлкетану үйірмесінің оқушылары «Музей – тарих айнасы» тақырыбында квест ойынын көрсетті. Квестке ардагерлер де қатысып, жас ізденушілер музейдің, даңғайыр диқан Ы.Жақаевтың өмір тарихы жөнінде мол ақпаратқа кенелді. Оқушылар аталған тақырып аясында өлең де оқып, көктемнің тағы бір күнін мейірімге толтырды. Жағымды жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Музей директоры Құттықыз Ыханова баршаға алғысын білдіріп, ата-бабаларымыз қолданған әр жәдігерді сақтап, оны келешек ұрпаққа насихаттау, дәріптеудің маңызы зор екенін атап өтті.
– Тұғырда тас мүсін емес, тарих жатқанын дәлелдеу үшін көненің құнды мұрасын аманат ретінде жеткізу – біздің басты мақсатымыз, – деді ол.

Таслима ӘЛІШЕР
21 мамыр 2024 ж. 56 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930