ТАСҚЫНҒА ТОСҚАУЫЛ БОЛҒАНДАР МАРАПАТТАЛДЫ
Шынында, алапат апаттың айтып келмейтіні белгілі. Биыл көктемде еліміздің бірқатар аймақтарында су тасқыны орын алып, қандас бауырларды уайымға салды. Мемлекет басшысы айтқандай, халық басына туған қатер кезінде ең басты мақсат – азаматтардың амандығы. Осы тұста сын сағатта жұдырықтай жұмылып, жерлестерге бірлесе көмек қолын ұсынған жандардың ерлігін елемей кетуге болмас.
Бәрімізге мәлім, табиғат апаты басталғалы бері еліміздің батыс өңіріне жер-жерден түрлі қолдау көрсетіліп, гуманитарлық көмек жіберілуде. Бұл үй-жайы суға кетіп, дүниесі жарамсыз болып қалған ағайынға үлкен демеу болды. Халық бірлігін айқындайтын осынау іске үн қосқан шиелілік азаматтардың қатарында «Волковгеология» акционерлік қоғамының филиалы No23 геологиялық барлау экспедициясы да бар.
Таяуда аталған мекеменің ұйымдастыруымен табиғат апаты салдарын еңсеруге байланысты жүргізіліп жатқан ауқымды шараларға атсалысып, үлес қосқан жандар марапат төрінен көрінді. 40 күннен асқан іссапарда мұқтажға тілеулес болған жанашырлардың қатарында Жарқын Әшіров, Марат Сарбасов, Арысбек Алдажұманов, Әзімхан Нұрмахан, Саламат Емжар, Исатай Әбішбаев, Василий Сотников бар.
Салтанатты жиынның алғы сөзін No23 Геологиялық барлау экспедициясының директоры Ғафур Жұмабаев алып, осынау ортақ істен шет қалмай, белсенді әрі ұйымшыл жұмыс атқарған әріптестеріне рақмет айтты.
– Халқымыздың басына туған қиын сәтте қажет қолдаудан біздің жігіттер де аянып қалған жоқ. Жойқын су тасқынына қарсы күресте зардап шеккен тұрғындардың қалыпты өмірге қайта оралуын қамтамасыз етуге қосқан үлестеріңіз үшін алғыс білдіремін! – деді Ғафур Әміртайұлы.
Айта кетейік, аталған жұмыс орнынан апат алаңындағы ағайынға көмек ретінде 7 адам, 4 техника жұмылдырылған. Батыстағы сапардың барысы жөнінде:
– Бәріміздің бойымызда қорқыныш болды. Тұрғындардың көзіндегі үрейді де көрдік. Олармен бірге біз де түндегі тыныш ұйқыдан айырылдық.
Күнделікті кезекшілік, қызу жұмыс. Белгіленген орынға жан-жақтан 500-ге тарта әскери адам, әр облыстан төтенше жағдай қызметкерлері жиылды. Сол жандардың, қолданыстағы техникалардың күшімен су алдырмас үшін ауылдарды қоршап, ұзындығы 65,5 км болатын дамба тұрғыздық. Бұған 23 күн уақыт кетті.
Десе де, күнделікті байланыс арқылы өңірдегі жағдайдың әлі де мәз емес екенінен хабардармыз. Су деңгейі күнделікті көтерілу үстінде. Осы тұста судың нағыз тілсіз жау екеніне көзіміз жетті. Еліміздегі ахуал оңалып, тұрғындардың жағдайы жақсара түседі деген сенімдеміз, – деді қимыл қауіпсіздігі инженері Жарқын Әшіров.
Бірлігі мықты жандардың күш-қуатын олардың осындай сәттегі бір-біріне деген қамқорлығынан айқын көруге болады. Бұл жердегі ынтымақ бауырлас ағайынның кең пейілінде, қиын сәтте қол ұшын соза білуінде жатыр.
Таслима ТЕМІРБЕКҚЫЗЫ