АДАЛ ҰРПАҚ. САНАЛЫ ЖАСӨСПІРІМ. КЕМЕЛ КЕЛЕШЕК.
Кеше аймақ басшысы Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлының төрағалығымен облыс аумағында кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және тәрбие бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйі бойынша кеңейтілген алқа болып өтті.
Білім саласының өзекті мәселелері талқыланған жиында облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы жиынға қатысушыларды білім сапасын арттыруға, балаларға жайлы және қауіпсіз орта қалыптастыруға шақырды.
Білім саласының өзекті мәселелері талқыланған жиында облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы жиынға қатысушыларды білім сапасын арттыруға, балаларға жайлы және қауіпсіз орта қалыптастыруға шақырды.
Өңір басшысы ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді кеңінен насихаттаудың рөлін ерекше атап өтіп, басқармаға қарасты мектептер мен колледждерде «Аналар академиясының», «Әкелер кеңесінің», ата-аналар комитетінің жұмысын жандандыруды тапсырды. Мұнан бөлек, басқармаға құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алудың іс-шаралар жоспары аясында күшейтілген жұмыс жүргізу жөнінде тапсырма берілді. Мектепішілік және полиция органдарының есебінде тұрған оқушыларды бейімдеу үшін үйірмелерге тарту, жазғы демалыспен қамту қажеттілігін атап айтты.
Басқарма басшысы Есжанов Асқарбек Темірбекұлы салада осы мақсатта атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар бойынша баяндама жасады.
Баяндамаға тоқталар болсақ, 2024 жылдың 29 ақпаны күні Қызылорда облысының әкімі, облыс прокуроры мен полиция департаменті бастығымен «Білім беру ұйымдарының заңдылықты сақтауы және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі» үш жақты «ЖОЛ КАРТАСЫ» бекітіліп, білім басқармасының 2024 жылғы 13 ақпандағы арнайы бұйрығымен мектептер мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына зерделеу, әдістемелік көмек беру жұмыстары жүргізілді. Зерделеуге облыстық денсаулық сақтау басқармасының, полиция департаментінің мамандары шақыртылып, құқық бұзушылық, отбасымен қарым-қатынас, мектепке тыйым салынған заттарды әкелу, бопсалау, мектеп әжетханасындағы әлімжеттілікті анықтау үшін сауалнамалар алынды. Қорытындысымен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша барлық тетіктерін қарастыра отырып, 64 бөліктен тұратын «2024-2025 жылдарға арналған құқық бұзушылық, буллинг, есірткі, лудомания, вейб темекі, интернетке тәуелділіктің алдын алуға бағытталған профилактикалық бірлескен іс-шаралардың қадамдық жұмыс жоспары» әзірленді.
Сонымен қатар, оқушылар мен Жоспарға сәйкес, есептегі балаларды түрлі үйірмелерге тарту бағытында жұмыстар жүруде. Жоспар аясында жыл басынан бері есепке алынған 530 бала, оның ішінде, қолайсыз отбасында тәрбиеленіп жатқан 149, мектепішілік бақылауда 350, полиция органдарының есебінде 31 бала бар. Қазіргі таңда, олардың 200-і үйірмеге, 330-ы спорттық секцияға тартылды. Одан бөлек балалардың бос уақытын тиімді үйлестіру бағытында облыстық білім басқармасымен қосымша білім беру ұйымдары және оларды дамыту шаралары жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар, тәрбие үдерісінде адамгершілік құндылықтарды арттыру, академиялық артықшылыққа және адалдыққа ұмтылуды ынталандыру, тәрбие үдерісінің жаңаша мазмұны мен әдіс-тәсілдерін жетілдіру, қосымша білім беру бағдарламаларын меңгеру үрдісінде оқушыларды ұлттық-салт дәстүрлер арқылы патриотизмге тәрбиелеу бағытында облыста 62 қосымша білім беру ұйымы жұмыс жасайды.
Баланы ортаға бейімдеу, бойындағы жеке қасиеттерін дамыту, ашық, әрі жақсы дағдыларын қалыптастыру – білім беру ұйымдарындағы тәрбие бағытының негізгі міндеті екені жасырын емес. Осыған сәйкес, алғашқылардың бірі болып облыстық білім басқармасы республикалық «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру Ұлттық ғылыми-практикалық институтымен бірлесіп, «Менің бауырым» еріктілер жобасын бастады. Аталған жоба Қызылорда қаласынан бастау алып, облыстың барлық аудандарында мектеп директорлары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, мектеп психологтары, жергілікті университеттер мен колледждердің жоғарғы курс студенттеріне арналған семинар-тренингтер өткзілді.
Жаңа оқу жылынан бастап жоба аясында Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда оқушылар арасында құқық бұзушылықтың, буллингтің алдын алуға, әр оқушының тұлғалық бейнесін қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүргізіледі.
2023-2024 оқу жылынан бастап оқушыларға біліммен қатар, тәрбие бағытын күшейту мақсатында Оқу-ағарту министрлігімен «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы іске асырылуда.
Бағдарлама аясында білім басқармасы жанынан құрылған облыстық жұмысшы тобы бала тәрбиесін жетілдіру, күшейту бойынша зерттеу, зерделеу жұмыстарын жүргізіп, аймақтық іс-шаралар жоспары бекітілді.
Жоспарға сәйкес, аймақ басшысының тапсырмасымен ашылған облыстық «Тәрбие, спорт және қосымша білім беру» орталығы орта білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың, құқық бұзушылыққа бейім, девиантты мінез-құлықты, мектепішілік есептегі оқушыларды қамти отырып 7-10 сыныптың оқушыларымен еркін форматта «Тәрбие талқы» сұхбаттасу алаңында кездесулер өткізді.
Одан бөлек, орталық қызметкерлері облыс аумағындағы әрбір мектеп пен колледжге барып, тұрақты түрде әдістемелік көмектер көрсетуде.
Сонымен қатар, оқушылар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында облыс көлемінде спорттың 11 түрінен «Ұлттық мектеп лигасы» мектепаралық сайысы ұйымдастырылуда. Аталған сайыс түрлеріне аймақ бойынша 120 мың оқушы қамтылған.
Осындай жұмыстардың жалғасы ретінде, оқушыларды зияткерлікке, отансүйгіштікке, еңбекке, ұлттық құндылықтарға бейімдеу мақсатында, биылдан бастап облыс әкімінің жүлдесіне арналған «Сыр лигасы» жобасы басталды. Аталған жоба аясында 130 мың оқушы қамтылатын болады.
Мұнан бөлек, облыс әкімінің қолдауымен биыл «Психологиялық қолдау орталығы» ашылды. Қазіргі таңда орталықта 22 маман жұмыс жасауда. Орталықтың негізгі міндеті - қиын жағдайда қалған оқушыларға психологиялық, білім беру ұйымдарының психолог мамандарына әдістемелік-сүйемелдеу көмектер көрсету.
Қазірдің өзінде, білім беру ұйымдары педагогтарымен және психологтарымен жыл басынан бері екі мәрте супервизия өткізілді.
Мектепішілік есепке алуды жүргізу бойынша кейс менеджмент тетігі енгізілді. 75 279 білім алушыдан сауалнама алынып, көмекке мұқтаж 138 оқушы анықталып, психологиялық-медициналық көмектер көрсетілді.
Әрбір мектептің – үздік мектеп болуына жағдай жасау, әрқайсысына нысаналы көмек көрсетілуін ұйымдастыру үшін мектептердің негізгі бағыттары бойынша рейтинг жасалынды.
Жасалынған рейтинг негізінде және қолданыстағы нормативтік құжаттардағы негізгі талаптарды ескеріп, әрбір мектеп дамуының нысаналы индикаторлары жасақталды, индикаторлар даму бағдарламаларына енгізілді. Әрбір мектептің көрсеткіші бойынша білім бөлімінің индикаторлары қалыптастырылды.
Білім басқармасының 2024 жылғы 15 наурыздағы бұйрығымен Орта білім беру сапасын жоғарылату, қалалық және ауылдық жерлерде орналасқан білім беру ұйымдарының білім деңгейіндегі алшақтықты төмендету, білім беру ұйымдарының жыл сайынғы өзін–өзі бағалау жүйесін дамыту мақсатында индикаторлар бекітілді. 7 міндет, 45 тармақтан тұрады.
Мектептерді бағыттары бойынша профильді дамыту бағытында пәндер бойынша «Тірек мектептер» желісін қалыптастыру жұмыстары жалғасуда.
Білім басқармасы тарапынан барлық құзырлы органдармен бірлесіп, кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуға бағытталған жұмыстар жүргізілгенімен, бірқатар факторлардың әсерінен кәмелетке толмағандармен және оларға қарсы жасалып жатқан құқық бұзушылықтар мен қылмыстық әрекеттер тыйылмай отыр.
Басқарма басшысы Асқарбек Темірбекұлы баяндамасын қорытындылай келе бала тәрбиесі ортақ болғандықтан, жасөспірімді жан-жақты дамыту, құндылықтарға бейімдеу бағытында барлық мемлекеттік мекемелердің, үкіметтік емес ұйымдардың жұмыла бірігуге, қоғамдық даму басқармасы мен қала, аудан әкімдіктеріне қарасты «Жастар ресурстық орталықтары» арқылы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға, әлеуметтік жобалардың басым көпшілігін балалар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуға бағыттауға, жасөспірімдердің психикасына, тұлғалық ерекшелігіне, айналамен қарым-қатынасына әлеуметтік желілердегі бейнетүсірілімдер мен киноларға зерделеу жүргізуге, зорлық-зомбылықты, қылмыс пен құқық бұзушылықты дәріптеген түсірілімдерге шектеу қоюға, балалардың қызығушылығына сәйкестелген, оларға адамгершілік, отансүйгіштік, ұлттық құндылықтарға құрмет көрсету қасиеттерін дарыту мақсатындағы көркем туындыларды, қысқа бейнетүсірілімдерді әзірлеуді, қала, аудан әкімдерімен, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп, облыстың әр аумағының әлеуметтік картасын әзірлеу, аталған картаға сол мөлтек аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайымен қоса, сол аумақтағы учаскелік полиция инспекторлары арқылы криминагендік ахуалын, әр тұрғын бойынша мінездеме енгізуді, облыстық полиция департаменті қала, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, сауда орындарында кәмелетке толмағандарға темекі, алкоголь өнімдерін, вэйб және тағы да басқа рұқсат етілмеген тауарларды сатуға тыйым салу жөнінде кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстарын жүргізуді, қала, аудан әкімдіктері, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында өзіңіздің тапсырмаңызға сәйкес ашылған «Адал адам» мәдени орталықтарында және бала саны аз профицит мектептерде Оқушылар Үйлері мен Өнер мектептерінде ардагерлер, аналар кеңестерінің, үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін пайдаланып, оқушы бойында адами құндылықтарды дамытуға, патриоттық сананы қалыптастыруға бағыттылған кездесулер мен мәдени-көпшілік шараларды көптеп өткізу бойынша өз ұсынысын білдірді. Және білім басқармасы өз құзыреттілігі аясында аталған ұсыныстар бойынша бірлесіп жұмыс жасауға дайын екендігін айтты.
Нұрлыбек Машбекұлы: “Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама, дене шынықтыру, спорт және туризм басқармалары білім басқармасымен бірлесіп, балалардың бос уақытын тиімді пайдалануын кешенді түрде үйлестіруге жауапты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы салауатты өмір салтын қалыптастыруда, балалар мен жасөспірім қыздардың денсаулығын нығайтуда «Жастар денсаулығы» орталығының жұмысын күшейту керек. Ал, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы қала, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, түрлі санаттағы отбасыларға талдау жасап, әлеуметтік карта әзірлеуі тиіс. Полиция департаменті қала, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқықбұзушылық, кибербуллинг әрекеттері мен заңсыз ойын орындарына тосқауыл қоюы қажет. Қала, аудан әкімдеріне облыстық білім басқармасымен бірлесіп, қалалық, аудандық ардагерлер, қоғамдық, әйелдер кеңестерін жұмылдыру арқылы тәрбие жұмыстарын жандандыру жүктелді. Ал, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп, білім басқармаларына қала, аудан әкімдері және полиция департаментімен бірлесіп, вейп пайдалануға толық тыйым салу және сатылымын болдырмау шараларын қабылдаңыздар”- деп тапсырма берді.
Мәжіліс қорытындысымен аймақ басшысы барлық жауапты мекемелерге балалар мен жасөспірімдердің тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарауды, ортақ іске барынша атсалысуды тағы да ескертті.
Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі