БАС ЖҮЛДЕ – МЕЙІРБЕК СҰЛТАНХАНДА
Ықылым заманнан бері сайын даланы мекен еткен қазақтың айнымас серігіне айналған айтыс өнерінің маңызы бөлек. Ақынға сай ірілік пен өрелілікті бір бойында тоғыстырып, төл өнерді жаңа заманның жаңа жаршысына айналдырған айтыскер жандар оның өзіне тән құндылығын жоғалтпай, ұрпақтан ұрпаққа, ғасырдан ғасырға жеткізіп отыр. Дәуірлермен үндесіп, заманамен тілдесіп келе жатқан кемел дүниенің төрінен жерлестеріміз көрініп жатса, біз үшін үлкен қуаныш емес пе?
Таяуда Жезқазғанның төрінде азулы айтыскер ақындар бас қосты. Қазақ даласының ұлы перзенті, әйгілі геолог Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған республикалық айтыста еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жыр дүлдүлдері бой көрсетті. Көрермен екі күнге созылған өнер бәйгесінде ақындардың қадау-қадау сөздеріне, өткір ойларына куә болды.
Талайды тербеген сөз сайысының нәтижесінде, айтыстың ақтаңгері, Шиелінің тумасы Мейірбек Сұлтанхан бас бәйгені еншілеп, темір тұлпар тақымдады. Жерлесімізді кезекті жеңісімен құттықтаймыз!
Қазақтың қара сөзінің құдіреті ұлттық өнеріміз арқылы ұлықтала бергей!
«Өскен өңір» ақпарат