Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Су басқан өңірлердегі балалар «Дарын» және НЗМ мектеп-интернаттарында оқитын болады

Су басқан өңірлердегі балалар «Дарын» және НЗМ мектеп-интернаттарында оқитын болады

Үкіметте су тасқыны жағдайына байланысты эвакуациялық орталықтарға орналастырылған балалармен жұмыс істеу алгоритмі жасалды.

Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен су тасқыны салдарын жою шаралары бойынша кеңесте вице-премьер Тамара Дүйсенова бұл механизмдер туралы толығырақ айтып берді.
Вице-премьер қазір 115 мың оқушы білім алатын 130 қазақстандық мектепте оқу процесі қашықтан жүріп жатқанын жеткізді.
Эвакуациялық орталықтардағы балалар келесідей бөлінуде:
бастауыш сынып оқушылары (1-4 сыныптар) (207 бала ата-аналарымен бірге) оқу процесін толық ұйымдастыра отырып, сауықтыру орталықтарына (лагерьлерде) орналастырылады.
5-8 сынып оқушылары (1 577 бала) «Дарын», БИЛ, НЗМ мектеп интернаттарына орналастырылады.
жоғары сынып оқушылары (9-11 сыныптар) (213 бала) колледждер мен жоғары оқу орындарына уақытша орналастырылады.
Вице-премьер міндет су тасқыны және қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін балаларды оқумен және жазғы демалыспен қамтамасыз ету екенін атап өтті.

«Алгоритм әзірленді, оны жұмаға дейін әкімдіктерге жеткіземіз. Бұл жұмысқа кәсіподақтарды, жеке меншік лагерьлер мен мектептерді, тегін жол жүруді қамтамасыз етуде ҚТЖ-ны, ЖОО оқытушыларын және т.б. қосамыз. Жалпыға бірдей білім беру қоры аясында балалар барлық қажетті керек-жарақтармен қамтамасыз етілетін болады. Мектеп психологтарының жұмысы да ұйымдастырылған», – деді Тамара Дүйсенова.

Айта кетсек, 6 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар өңірлердегі су тасқыны жағдайына байланысты Қазақстан халқына үндеу жолдады. Өз үндеуінде Президент су тасқыны табиғи апат екенін, мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмағанын, бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деуге болатынын жеткізді. Сондай-ақ, Президент халыққа көмектесу үшін Үкіметке мемлекеттік резервті пайдалануды тапсырды.

Сурет: gov.kz
10 сәуір 2024 ж. 74 0