Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Барынша күш біріктірілді

Барынша күш біріктірілді

Тобыл өзенінен төнуі мүмкін қатердің алдын алу жұмыстары өңірде шамамен осыдан бір апта бұрын басталған. Өзенге жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындарына алдын ала ескерту, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қауіпті аймақтардан мыңдаған адам дер кезінде эвакуацияланды. Қауіп төніп тұрған ауылдарда алдын ала төтенше жағдай жарияланды.

Барынша күш біріктірілді

Өңірде Қостанай, Рудный, Арқалық қалалары мен Амангелді, Жангелді, Қарасу, Қарабалық, Денисов, Қостанай аудандарында төтенше жағдай режімі енгізілген. Кейінгі бір аптадан бері Меңдіқара, Федоров, Денисов, Қарабалық, Қарасу, Қостанай, Әулиекөл, Б.Майлин, Қамысты аудан­дарында, Қостанай және Рудный қалаларында тасқынға тосқын шаралары қызу жүріп жатыр. Облыстық жедел штабтың мәліметінше, су тасқынына қарсы іс-шараларға ТЖМ, ІІМ, ЖАО, ҰҚК ШҚ және басқа да мекемелердің қызмет­керлері қатарынан барлығы 2 237 адам, 390 техника, 142 мотосорғы, 29 қайық және 3 тікұшақ жұмылдырылған.
6 сәуірде өңірге Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов жұмыс сапарымен келіп, облыс әкімімен бірге эвакуациялау пункттерін, су басқан аумақтарды аралап, Тобыл өзеніндегі бөгеттердің жағдайын көрді. Облыстық штабтың қауіп-қатерге жедел ден қойып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын дер кезінде атқарып жатқанын атап өткен министр төтенше жағдайлар департаментінің басшысына халықты қорғау және су тасқынынан төнетін қауіптің алдын алу шараларын жеделдетуді қадап тапсырған.
– Қостанайда мыңнан аса адамды қабылдай алатын 20 шақ­ты эвакуациялық бекет жұ­мыс істеп жатыр. Қазір эва­куациялық орталықтарда адам­дардың уақытша тұруына қажет жағдайдың бәрі жасалған. Азық-түлік, төсек-орын жеткі­лікті. Автобустар да дайын тұр. Кеше қала шетіндегі саяжайлардан 218 адам эвакуацияланды. Олардың алтауы ғана «Дружба» шипажайына орналасты, қалғаны туыс-туғандарының үйін паналай тұруды жөн көрді. Эвакуа­циялау әлі де жалғасады. Абы­рой болғанда, Тобылдан қауіп төнуі мүмкін екенін бізге алдын ала ескертті. Кешеден бері жергілікті полиция мен ТЖ қыз­меткерлері саяжайларды ара­лап, тұрғындарға жағдайды түсін­діріп, көндіріп, қауіпсіз жерге алып шығып жатыр. ТЖ режімі енгізілді, енді мұндай шұғыл шара­ларды күшейтеміз, – деді Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев.
Дәл сол күні Қостанай мен Тобыл қаласын байланыстыратын үш көпірдің екеуі жабылып, Тобыл, Қостанай, Рудный қалалары мен Қонай, Әлжан, Мичурин елді мекендерінің өзен­ге қарай жақын жатқан көше­лерінде эвакуация басталды. Кешкі сағат 20.30-да облыстық жедел штаб Қаратомар су қой­масынан секундына 3 300 текше метр су жіберіле бастады деген хабар таратты.
Таңертең сағат алты болмай Тобыл өзеніне қа­рай асыққанбыз. Әл-Фараби көше­сінен «Шағала» жағалауына түспек болып едік, полиция күзеті жібермеді. Тәуелсіздік көшесінен Қоста­най ауданына қарай шығатын ортаңғы көпір ашық тұр екен. Тобыл қаласының орталығына дейін барып қайттық. Көпірдің екі жағы теңіз болып теңселіп жатыр. Қостанайдың шетіндегі Пионерская, Колёсный, Красный кузнец, Юный боец көшелеріндегі үйлерге су кірген, одан әріректегі жабық Теннис корты да су ортасында қалған сияқ­ты. Жақындап барып, анық­тап көрейік деп едік, полиция күзетінен өте алмадық. Қостанай мен Тобыл қаласының ортасында тұрған «Апельсин» сауда орталығы суға малынып тұр. «Ақ шаңырақ», «Гранат» мейрамханалары да су ортасында қалған. Кеше ғана екі экскаватор астындағы үлкен мұздарды шөмішімен соққылап сындырып жатқан ескі көпір де көрінбей, судың астында жатыр.
Тобыл қаласына кіріп көріп едік, кеше тұрғындары эвакуа­цияланған Ленин көшесінің оң жағын су басқанымен, сол жа­ғы құрғақ жатыр екен. 40 лет Октября көшесіне де су кіре қой­маған.
7 сәуірде таңертең Қостанай ауданына қарасты Алтындала ауылында да эвакуация басталды. Қостанайдан шамамен 20 шақырымдай жерде жатқан бұл елді мекенге де барып, жағдайды көзімізбен көріп, бір отбасын көшірісіп қайттық. Ауылдың өзен жақ бетіндегі ең шеткі көшесінің тұрғындары түгелдей көшіп жатыр. Арнасынан аққан қарғын су мен ауылдың арасын 50-ақ метр бөліп тұр. Тұрғындар өзен деңгейінің жылдам көтеріліп жатқанына алаңдаулы.
– Ауылдың шетінде үлкен шұң­қыр сияқты жайылым бар еді. Тереңдігі 5-7 метр болады. Малымызды сол жерге жаятынбыз. Сол жайылым толып, Тобыл өзенге емес, теңізге ұқсап барады. Мұндай суды бұрын-соңды көрген жоқпыз. Судың екпіні қатты. Таңертең сағат 7.00-де келіп көргенімде су мына жырадан 1 метрдей төмен болып тұрған. Қазір бір сағаттың ішінде 80-90 см-ге дейін көтерілген. Дәл осы екпінінен таймаса, үйімізге су кіріп кетуі мүмкін, – деді ауыл тұрғыны Айнұр Құдабаева.
Алтындала ауылының байы­р­­ғы тұрғындары дәл осындай су тасқыны 2000 жылдың 10 сәуі­рінде болғанын айтады. Бірақ ол жолғы су мұндай қарқынды болмаған.
Қостанайға қайтып оралғаны­мызда облыстық жедел штаб сағат 10.00-дегі жағдай бойынша Карамтомар су қоймасынан судың ағуы 3 250 м3/с дейін бәсеңдегенін мәлімдеді. Соңғы мәлімет бойын­ша, облыста 7 487 адам эвакуа­ция­ланған, оның ішінде 11 мүмкін­дігі шектеулі адам, 1 239 бала бар. Уақытша орналастыру пункт­терін­де 943 адам тұрып жатыр.
Еріктілер мен қаланың қара­пайым тұрғындары су тасқынына қарсы іс-шаралардың басын­да жүрген коммуналдық қызмет­тер­дің, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкер­леріне күн-түн демей ыстық та­мақ, шай тасып жанталаса шап­қы­лап жүргенін де айта кеткен жөн.
Тобылдан төнген қауіптің беті нақты қашан қайтатыны белгісіз. Мамандар енді судың қарқыны бірте-бірте бәсеңдей беретінін айтады. Алайда қазірше Тобылдың арыны қатты. Бүгін су басқан бизнес нысандары мен қаланың шеткі көшелеріндегі тұрғын үйлерде қалған адамдар мен үй жануарлары эвакуацияланды.
Қала әкімі жағдайдың қиын екенін, бірақ ең бастысы адам шығыны жоқ екенін айтты.
– «Мохито» демалыс орны, «Апельсин» СО, Теннис орта­лы­ғы суда қалды. Сондай-ақ Қос­танайдың шетіндегі «Колесные ряды» елді мекенінде 80 үйді су бас­ты. Су басқан үйлердің саны артуы немесе осымен тоқтауы мүм­кін. Нақты айта алмаймын. Ол жерден 6-7 көшенің тұрғындары эвакуация­ланды. Үй жануарлары да қауіпсіз жерге шығарылды. Үш бірдей бау-бақша бірлестігі суда қалды. Бірақ кейбір адамдар қауіпті толық сезінбей, үй-жайларына оралып жатыр екен. Олай тәуекел етуге болмайды. Қауіпсіз орындарда болыңыздар, – деді әкім.
М.Жүндібаевтың айтуынша, Қостанайда 754 адам эва­куация­ланған. Оның 31-і эва­куациялық пункттерге жайғасса, қалғандары туыс-туғандарына қоныстанған. Екі қаланы байланыстыратын Корей және КЖБИ көпірі жабық. Қостанай мен Тобыл қаласының арасында қазір тек орталық көпір арқылы ғана байланыс бар.
– Тәуелсіздік көшесіндегі орталық көпірде жүк көліктерінің жүруіне шектеу қойылды. Тек жеңіл көліктер жүре алады. Алай­да көлік ағыны тым көп. Сол се­бепті біз қала тұрғындарынан маңызды жұмыс болмаса, қаты­­насты барынша азайтуды сұрай­мыз. Енді біз инженерлік желі­лерді қалыпқа келтіруге және адамдарды эвакуациялауға күш жұмыл­дырамыз. Қосымша Қостанай ауданына да көмектесіп жатырмыз, – деді М.Жүндібаев.
 
Қостанай облысы 
09 сәуір 2024 ж. 130 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930