Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысында егіз баланы сату саудасына қатысты үш адам сотталды

Қызылорда облысында егіз баланы сату саудасына қатысты үш адам сотталды

Қызылорда облысында егіз баласын сатқан әйел мен оларды заңсыз жолмен асырап алуға әрекет жасаған ерлі-зайыптыларға қатысты сот үкімі шықты. 



Арал қаласында тұратын Д. есімді әйел бір азаматпен танысып, жақын қарым-қатынаста болып жүреді. Салдарынан одан жүкті болып, егіз нәресте дүниеге алып келетіні анықталады. Алайда ол өмірге алып келетін нәрестелерін сату арқылы пайда табуды көздеген.
«Осы мақсатта ол таныстары ерлі-зайыпты Ж. және К.-мен кездеседі. Нәтижесінде босанғаннан кейін балаларын ерлі-зайыптыларға ақшаға сату арқылы беру жөнінде өзара келісімге келеді. Ерлі-зайыптылар оған банктің қосымшасы арқылы дәрі-дәрмек және азық-түлік алу үшін 2023 жылдың қаңтар-сәуір айларында әртүрлі соммада барлығы 60 мың теңге аударған. Былтыр 21 сәуірде сотталушы Д. Қызылорда қаласындағы «Ана мен бала орталығында» егіз баланы дүниеге алып әкелген. Оның перзентханадан шығуына байланысты Ж. және К. облыс орталығына арнайы келеді. Оларды Арал қаласына дейін тасымалдап алып барады. Содан кейін өзінің егіз нәрестесін ерлі-зайыптыларға табыстап, келісім бойынша 200 мың теңгені қолма-қол алған. Оны бас пайдасына жұмсап, әрі қарай келісілген қаражатты бөліп төлеуге келіседі. Ерлі-зайыптылар оған банктің мобильдік қосымшасы арқылы 252 мың және 34 мың теңгені бөлек-бөлек аударған. Осылайша, сотталушы Д. ерлі-зайыптылардан егіз балалар үшін жалпы сомасы 546 мың теңге алған», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотынан.
Сотталушы және ерлі-зайыптылар нотариусқа жүгініп, сотталушы егіз балаларды ерлі-зайыптылардың асырап және қамқорлыққа алуына келісім берген. Осылайша, сотталушылар алдын ала сөз байласу арқылы материалдық тәуелділікті пайдаланып, кәмелетке толмаған екі адамға қатысты сату әрекетін жасаған.
«Бұл қылмыстық іс облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Сот үкімімен өзінің балаларын сатуға әрекеттенген Д. ҚР Қылмыстық кодексінің 135-бабы 2-бөлігі 1),5),10),12)-тармақтарымен кінәлі деп танылып, оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал ерлі-зайыпты сотталушылар Ж. мен К. ҚР Қылмыстық кодексінің 135-бабы 2-бөлігі 1),5),10),12)-тармақтарымен кінәлі деп танылды. Оларға Қылмыстық кодекстің 55-бабы 4-бөлігі қолданып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды», – деп толықтырды соттан.
30 наурыз 2024 ж. 104 0