ЖАҢАРУ КҮНІНДЕ ДӘСТҮРІМІЗ ДӘРІПТЕЛІП, САЛТЫМЫЗ ЖАҢҒЫРДЫ
Күн мен түн теңеліп, жарық ұлғая бастайтын, аспаннан төгілген нұр теріскейде қардың көбесін сөгіп жатса, күнгейде көгілдір көктемді күшіне енгізетін сәтті дәл тауып, жыл басы деп белгілеуі бабаларымыздың даналығынан. Шын мәнінде, Наурыз – адамзаттың қараңғылық пен салқындыққа емес, жарық пен жылылыққа, яғни жамандыққа емес, жақсылыққа құштарлығының рәмізі. Наурызды жаңару мейрамы дейтініміз де сондықтан.
Бүгінде Наурыз мейрамы күллі ұлттың басын қосатын бүкілхалықтық мерекеге айналды. Ал ел Президентінің “Наурызнама” тұжырымдамасымен 19 наурыз – Жаңару күні ретінде қабылданып, күнтізбеде Жаңа жылды тойлау біздің елде ұжымдық және отбасылық сипатқа ие болды.
Бүгін М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің ауласында өткен Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне арналған “Төрлет, Наурыз, төріме!” атты мерекелік шара соның бір дәлелі іспетті. Облыстық білім басқармасының басшысы Есжанов Асқарбек Темірбекұлы қатысқан шараға қадірлі қонақтармен бірге колледждің ардагер ұстаздары, оқытушылар мен студенттер және ата-аналар қатысты.
Түркі халықтарына ортақ, қазақылықтың бойтұмарына айналған айырықша мейрамды тойлау аясында “Наурыз-Алас” рәсімі, “Ассорти”студенттер театрының сахналық қойылымдары, “Япурай” хор ұжымының “Тойбастары” орындалып, “Береке” ауылының “Бастаңғы” үлгісін көрсетуден, “Бірлік” ауылының “Бесікке салар” дәстүрі, “Шаттық” ауылының “Тұсау кесу” дәстүрі, “Думан” ауылының “Қыз ұзату” дәстүрі, “Мереке” ауылының “Келіннің босаға аттау” салты көрінісімен жалғасты.
Сондай-ақ ұлттық ойын түрлері насихатталып, асық ату, аударыспақ ойыны және қазақша күрес өтті.
Сайып келгенде бұл мерекелік думан мемлекет басшысының “Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт” деген үштаған ұғым арқылы сипаттаған еліміздің болашақ бейнесін қалыптастырудағы барша отандасымыздың ортақ міндеті, ортақ тарихи миссиясы екендігінін көрінісі.
Қызылорда облысының білім басқармасының баспасөз қызметі