Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңару және жаңғыру рәмізі

Жаңару және жаңғыру рәмізі

Көне тарихымызға үңілсек, 22 нау­рыз – Ұлыстың ұлы күні һәм төл Жаңа жылымыз екеніне көз жет­кіземіз. Алайда коммунистік идео­логияны ту етіп ұстанған кеңес өкіметі Наурыз мейрамын «діни мейрам» деп санап, оған 1926 жылы ресми түрде тыйым салған болатын. Бірақ ата салт-дәстүріне берік халқымыз Ұлыстың ұлы күнін ешқашан жадынан шығармай, әсіресе ­ауылды жердегі ағайын көрші-қолаңын қонаққа шақырып, наурызкөжеден дәм татқызып, ұлық мерекені атаусыз қалдырмауға тырысқан.

Жаңару және жаңғыру рәмізі
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Пайымдап қарасақ, күн мен түн теңеліп, сосын жарық ұлғая бастайтын, аспаннан төгілген нұр теріскейде қардың көбесін сөгіп жатса, күнгейде көгілдір көктемді күшіне енгізетін сәтті дәл тауып, жыл басы деп белгіле­ген бабаларымыздың даналығына таңғаласың. Олар күн мен түн тағы да теңеліп, содан соң қараңғылық ұлғая бастайтын, даланың шөбі қурап, ағаштың жапырағы сарғайып түсіп жататын 23 қыркүйекті жыл басы ретінде таңдамағанында өзіндік пәлсәпа бары анық. Наурыз жаңару мейра­мы дейтініміз сондықтан. Шын мәнін­де, Наурыз – адамзаттың қараңғы­лық пен салқындыққа емес, жарық пен жылылыққа, яғни жамандыққа емес, жақсылыққа құштарлығының рәмізі.
Осы ұлық мереке елімізге ресми түрде қайтып оралуы үшін аттай 62 жыл қажет болды. Кеңес одағы коммунистік партиясының орталық комитеті Қазақстанда 1986 жылы болған Желтоқсан көтерілісінен кейін қабылдаған «Қазақ ұлтшылдығы туралы» қаулы күшінде тұрғанына қарамастан Өзбекәлі Жәнібеков, Мұхтар Шаханов сынды бастарын бәйгеге тіккен көрнекті ұлт қай­раткерлерінің белсене атса­лысуының нәтижесінде әз Наурыз мейрамы 1988 жылдан бастап қалада да, ауылда да қайтадан тойлана бастады. Қазақ КСР Президентінің 1991 жылғы 15 наурыздағы Жарлығымен 22 наурыз Наурыз мейрамы деп жа­рияланды. Ал 2010 жылдан бас­тап Наурыз мейрамы үш күн бойы – наурыздың 21-інен 23-іне дейін кеңінен атап өтілетін болды.

ыв

2009 жылы ЮНЕСКО Наурыз мей­рамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енгізді. 2010 жылы Біріккен Ұлттар Ұйы­­мының Бас Ассамблеясы 21 нау­рызды «Халықаралық Наурыз күні» деп белгілеу туралы қарар қа­был­­дады. Осы құжаттың түсінік­те­месін­де «Наурызды көктем мерекесі ретін­де 3 000 жылдан бері Балқан түбе­гінде, Қара теңіз аймағында, Кавказ­да, Орталық Азияда және Таяу Шығыс­та 300 миллион адам тойлап келе жат­қан­дығы» атап өтілген.
Бүгінде Наурыз мейрамы барша отан­дас­та­рымыздың басын қосатын бүкіл­халықтық мерекеге айналды. Ал 1 қаң­тар – күнтізбелік Жаңа жылды тойлау біз­дің елде кейінгі кезде ұжымдық және отба­сылық сипатқа ауыса бастаған сыңайлы. Әрине, бұл дата дүниежүзінің барлық мем­ле­кетінің өзара саяси-экономикалық қарым-қаты­нас­тарындағы ортақ уақыт өлшем бірлігі болып қала беретіні сөзсіз. Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұх­ба­тында: «Жаңа жыл – әрине, күнтізбенің жаңа парағын ашатын маңызды меже. Осы сәтте өткен жылды қорытындылап, келе­шек­ке жос­пар құру әдетке айнал­ған. Бір жағынан, Жаңа жыл – мен үшін қастерлі мереке емес. Оның үстіне өзіміздің төл жаңа жылымыз – әз Наурызды естен шығармаған жөн. Бұл мейрам – тіршілікті түле­те келетін нағыз табиғи жыл басы. Наурыз – жаңару мен жаңғы­ру­дың символы. Сондықтан төл мере­ке­міз­дің мазмұнын байытып, оны ба­рынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыс­тырып, ұлттық бірегейлігімізді ай­шықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін», дегені ойға оралады.
Мемлекет басшысының ұсыны­сымен биыл Наурыз мейрамының ар­найы тұжырымдамасы жаса­лып, бұдан былай жыл сайын 14-23 нау­рыз аралығында «Нау­рыз­на­ма» он­күндігі өткізілетін болып ше­шіл­ді. Осылайша, ұлық мере­ке­мізді тойлаудың жаңа дәстүрі енгі­зіліп отыр. Ол батыс өңірлерде ерте заманнан келе жатқан Көрісу күнін  ел бо­йын­ша атап өтумен басталатыны өте қисынды. Осы мейрамның басты мағынасы – адамдардың бір-бірімен құшақ жая сәлемдесіп, ізет білдіруі, араларында өкпе-реніш болса, кешірім сұрап татуласуы. Бұл атаулы күн «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген кеңпейіл халқымыздың бойына сіңген асыл адамгершілік қасиетті кейінгі ұрпақтан-ұрпақ­қа­ мирас ету үшін керек. Ал одан кейінгі Қайырымдылық, Мәде­ниет және ұлттық салт-дәстүр, Шаңырақ, Ұлттық киім, Жаңару, Ұлттық спорт, Ынтымақ, Жыл басы, Тазару күндері ұлттық құндылықтарымызды айрықша ұлықтауға арналғаны сүйінішті.
Осы орайда Мемлекет басшысы жақында Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында Ұлттық киім күнінің мән-маңызына ерекше тоқталып: «Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек. Кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатыр. Бұл – өте орынды бастама, оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн. Әсіресе қазіргі таңда мұндай қадамдардың мән-маңызы айрықша. Себебі кейінгі жылдары ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болғаны баршаңызға мәлім. Олар – бөтен емес, өз азаматтарымыз. Хал­қы­­мыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен бол­ма­ған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіре-діншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек. Радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық. Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Елі­міздің рухани дербес­тігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түр­кі халық­тарының көпшілігінің, соның ішін­де қазақтардың дәстүрлі діні – сун­­нит­тік бағыттағы ханафи мәз­­һа­бына ден қоюымыз қажет», деген аталы сөзі ел тағ­­дырын ой­лай­тын зиялы, саналы аза­мат­­тар­дың ешқайсысын бейжай қал­дыр­­мау­­ға тиіс.
Тағы бір маңызды жайт – жер­гілікті атқарушы органдар мен Қазақ­стан халқы Ассамблеясының өңір­лік құрылымдары жоғары жақ­тан жіберілген «Наурызнама» онкүндігін өткізу жөніндегі нұс­қау­­лық­ты орындау барысында әр өңір­дің ерекшелігін ескере оты­рып, шығар­ма­шылық тәсіл қол­дан­са, құба-құп. Мәселен, бұдан бір­неше жыл бұрын Сол­түстік Қазақ­стан облысының сол кез­дегі әкімі Құмар Ақсақалов Петропавл қала­­сының басты алаңдарында ғана мере­келеніп келген Наурыз тойын көп­пәтерлі тұр­ғын үйлердің аулаларын­да да атап өтуді ұсынғаны жадымыз­да. Бұл ұсынысты қабыл алған пәтер иелерінің кооперативтері кез­десіп қалғандарында бір-біріне бас изесіп, сәлемдесу ишарасын жаса­ған­дары болмаса, басқалай аралас-құраласы жоқ көршілерді ашық аспан астында жайылған дастарқан басында бір-бірімен жақын таныс­тырып, мәз-мейрам қылған.
«Орталық алаңда өтіп жатқан Наурыз мейрамына барғанымызда «мәртебелі мей­мандар» толып отыратын киіз үйлерге кіріп, нау­рызкөже ішуге мүмкіндік бола бермеуші еді. Енді, міне, қазақ достардың ұлт­тық дастар­қанын­да­ғы тағамдардан дәм татып, мәз бо­­лып қалдық. Қандай тамаша!» деген бас­қа этнос өкілдері де жетерлік.
Әлбетте, атақты Базар жырау айт­қан­дай, он сегіз мың ғаламның абзалы болып жаратылған Адам пай­ғамбар ата ұр­пағы үшін таби­­ғаттың жаңаруы ғана емес, қоғам­ның жаңғыруы да аса ма­ңызды. Бұл ретте кейінгі жылдары Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың бас­­та­масымен жүзеге асырылып жат­қан саяси-экономикалық рефор­малар халқы­мыз­дың ежелгі ертегі-аңыздарына арқау болған асыл арманы – әділ мемлекет орна­туға деген үмітіне қанат бітіріп, қы­ран құстай қомдандырып отыр десек, асыра айтпаспыз. Өйткені Мемлекет басшысының бәрін бір адам ғана шешетін супер­пре­зи­денттік жүйеден өз еркімен бас тартып, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп бере­тін Үкімет» формуласы мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асы­руды ұсынғаны – көпшілік көңі­лінде жүрген көрікті ойларды дөп басқан демократиялық қадамдар. Экономиканы түбегейлі рефор­малау үшін барлық құзырет беріліп, жас та білікті кадрлармен нығайтылған жаңа Үкіметтің алғаш­қы батыл шешімдері де ел ертеңіне деген сенімді нығайта түскендей. Ал Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген үштаған ұғым арқылы сипаттаған еліміздің болашақ бейнесін ойдағыдай сомдау – барша отандасымыздың ортақ міндеті, ортақ тарихи миссиясы. 
19 наурыз 2024 ж. 246 0