Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЫЛЫЖАЙДЫ БАПТАЙ БІЛГЕН ОТБАСЫ

ЖЫЛЫЖАЙДЫ БАПТАЙ БІЛГЕН ОТБАСЫ

Бүгінгі таңда ақылмен еңбек етіп, іс қылған адам озады. Осындайда хакім Абайдың «Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң қара жер де береді, құр тастамайды» дегені әсте ойға оралады екен. Шынында, екі қолға бір күрек тауып, өз ісіне береке тапқандар ғана еңбегінің несібесін көреді. Былай қарасақ, білек түріп, ниет білдіргенге кәсіп көп. Әсіресе, Шиелі ауданы – шаруашылықтың қай түрін болмасын тез игере алатын мекен. Соның ішінде жылына бірнеше мәрте өнім алатын жылыжай жайлы қалай айтпасқа?! Ал сол жылыжай ісін дамытып жүрген Жақаев ауылында тұратын Құлшықбай әулетін білесіздер ме? Ендеше, мақаланы соңына дейін оқып көріңіз.
Сәрсенбі күні тілшілік тыныспен аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Бекзатхан Бауыржанұлымен бірге Ы.Жақаев ауылына бағыт алған едік. Арнайы жылыжайды баптайтын шаруа қожалығымен танысып, өнімдерін көруге бардық. Далада бет қаритын суық болса да, жылыжай ішінде жылы леп еседі, төгіліп тұрған өсімдік әлемі беймаза тіршіліктен арашалағандай, жан дүниеңізді баурап алады.
Топырағы сортаң, ылғалы аз шөлейтті өңір үшін көкөніс өсірудің ең тиімді жолы – жылыжай шаруашылығын дамыту. Осыны түсінген жергілікті шаруалар аталған салаға бет бұра бастады. «Нұрғиса» шаруа қожалығы деп аталатын жылыжайды Нұрғиса Мақұлбекұлы «Ұлттық жоба» бағдарламасына қатысып, жеңіп алыпты. Кәсібі үшін 1 380 000 теңге қайтарымсыз грантқа ие болған. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, Нұрғисаға отбасы да қолдау көрсеткен. Қазіргі таңда жылыжайды өзі ғана емес, әулет болып баптайды. Расында белгілі бір кәсіпті бастағанда қиындықтар мен кедергілер болатыныны хақ. Алайда кәсіпкер талай қиын кезеңнен өтіп, қазіргі уақытта еңбегі жанып, жұмысы біртіндеп табыс әкелуде. Себебі табиғи, сапалы көкөніс өнімдеріне сұраныс қашан да жоғары.
– Жылыжай шаруашылығы оңай кәсіп емес. Әр өнім мұқият күтімді талап етеді. Біздің мақсатымыз – тамшылатып суару құрылғысын пайдалану арқылы жылыжайда көкөністер өсіру, баламалы энергия көздерін қолдану арқылы табиғи және технологиялық ресурстарды тиімді пайдалану болып отыр. Сондай-ақ жылыжайдың іші жыл он екі ай жылы болуға тиіс. Өйткені әр көкөністің күйі бөлек. Мәселен, қияр – ылғалды сүйеді. Оның қасына құрғақ ауада өсетін көкөністі отырғыза алмайсың, – деді Нұрғисаның әкесі Мақұлбек Құлшықбай.
Нұрғисаның айтуынша, жалпы жылыжай аумағы 10 соттықты құрайды. Осы көлемге Нұрғиса 4000 түп қияр мен қызанақ егіпті. Жылына 6-7 гектар көшет егіп, еңбек еткен.
– Бұл кәсіпке келуім қызығушылығымнан болар. Себебі мол табысқа кенелуді көздеген емеспін. Бастысы, аудан халқына сапалы өнім ұсыну. Мен әрбір ісімнің оң нәтиже беріп, жеміс алуымның өзін үлкен жетістік деп түсінемін. Жылыжайдағы өнімдер – менің ғана емес, отбасылық кәсібіміздің жемісі, – деді Н.Мақұлбекұлы.
Жылыжайды бағамдап жүріп, болгар бұрышы, қауын, қарбыз сияқты көкөністерді көзіміз шалып қалды. Бұл тұрғыда кәсіпкерлер палатасының директоры Бекзатхан Бауыржанұлы былайша пікірін білдірді:
– Егін шаруашылығы үшін, алдымен, білім содан соң қажырлы еңбек қажет. Еккен егіннің бар күтімін жасаса, егін шаруашылығының елге берер пайдасы көп. «Егін ырыс таңдамайды, еңбек таңдайды» дегендей, біздің ауданда ризық-несібесін жерден теріп, ата кәсіпті кеңінен дамытып жатқан шаруалар көп. Егістік басында еңбекке шыныққан диқандар ала жаз бойы егіннің бітік шығуына бар күшін жұмсайды. Бүгінгі кәсіпкеріміз Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары ретінде жастарға үлгі болып, кәсіптің жолын табуына септігін тигізуде. Ал біздегі ниет – осындай еңбек адамдарын көпшілікке таныстырып, насихаттау, – деді.
Топшылай келе, ауданда, ауылда болсын, кәсіппен айналысам деуші азаматтарға әрқашан да қолдау көрсетіліп отыр. Келекшекте Құлшықбай әулеті өзінің кәсібін жоғары деңгейге көтеріп, ауқымын кеңейтуге ниетті. Бұл бастама көп жасқа үлгі болады деп ойлаймыз. Қазір қыбырлаған адамға тірлік көп, еңбектеген адамға табыс мол. Дәл осы сөзімізді дәлелдеген кейіпкерлеріміз егін шаруашылығының ауырлығына қарамастан, жылыжайдың жайын келістіріп отыр. Әлбетте, бұл көңілге қуаныш ұялатады.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
18 наурыз 2024 ж. 127 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930