Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегі көптің – өнбегі көп

Еңбегі көптің – өнбегі көп

Қыстың күні қызанақ пен қияр қат емес. Десек те, осынау бақша өнімдерінен өндірілетін өз өнімдеріміз ше? Әрине, төл өнім, таза, сапалы, сенімді. Бұған дейінгі кәсіп көзі тек сервистік бағытта ғана дамып келді. Өндіріс, өңдеу саласында ақсап келе жатқандығымызды айтып, келе жатқанымызға қаншама жыл?
Сірескен сеңді бұзу, жаңа идея, тың кәсіп ашу екінің бірінің қолынан келмейтін дүние болса керек. Сондықтан да біздегі дүкендердегі тұтыну өнімдерінің дені шетелден немесе еліміздің басқа аймақтарынан келіп жатады. Шиелінің төл өнімін тұтыну кімге де болса қолайлы емес пе?
Сіз қазір аудандағы сауда нүктелері мен Шиелі кентіндегі дүкен сөрелерінде қызанақ пен болгар бұрышынан әзірленген салаттар құйылып, самсап тұрған шыны құтылардың жапсырма қағазына ерінбей көз жүгіртсеңіз «Barly Bai & K» деген жазуды көресіз. Мінекей, осы өнім біздің төл өнім. «Ол өнім қайдан шыққан?» дейтін болсаңыз. Жазбаны оқып шығыңыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Оны әр Жолдауында, халықпен кездесулерде айтып келеді. Соның бір парасы өткен жылы Президенттікке сайланғаннан кейін, ең алдымен ауылдық жерлерді дамыту тұжырымдамасын әзірлеу туралы Жарлыққа қол қойды. Нәжижесінде, «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылды. Осы жоба арқылы жақында Бидайкөл ауылында «Ауыл аманаты» жобасы аясында тәулігіне 2 тонна қызанақ пастасын өндіретін цех ашылғанын жазған болатынбыз.
Бүгінде ауданда тер төгіп, ризық несібесін жерден іздеген еңбек адамдары жетерлік. Жомарт жер бабын тапқан сайын несібесін еселей түсіп, мол өнім береді. Ал оның сыры кең жазиралы жерде емес, алақандай жерді дұрыс күтіп, баптап, тиімді игеріп, табыс табуында. Қолына кетпен алып, жер тырмалаған Қанат Мұсаевтың қолы тиген жердің бәрі берекелі. Ол отбасылық кәсіптің көзін тауып, қажырлы еңбектің арқасында қызанақ өнімінен «Томат» пастасын өндіретін цех ашты. Кейіпкеріміз бұған дейін бірнеше жыл қатарынан қызанақ егумен мақсатты түрде айналысты. Есік алды ­ауласына жылыжай салды. Ерте көктемде көшет өсіріп, оны арнайы әзәрленген егістікке алып барып отырғызды. Гектарлап еккен қызанағы қып-қызыл болып пісіп, күз жинаған берекелі өнімін Шымкент, Түркістан базарларына пұлдады. Кәсібін дөңгелетіп, ауқымын кеңейтті. Енді мінекей, ұзақ жылғы тынымсыз еңбек пен машақаты көп кәсібінің ауанын айнытпай оны дамыта түсіп, өзі өндірген өнімді терең өңдеу бағытында «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 27 млн теңге несие алып, «Barly Bai & K» өндірістік кооперативін құрып, томат пастасын шығаратын цехті іске қосты. Кейіпкеріміз қазіргі уақытта цехта 6 адам жұмыс істейтіндігін, жаз айларында 15 адамға дейін жұмыспен қамтып, өндірісті әлі де кеңейтуді көздеп отырғанын тілге тиек етті. Бұл жобаның жалпы құны 48 млн теңгені құраған. Осы орайда ұлы Абайдың «Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр ­тастамайды» деген өміршең өсиеті ойға оралады.
Иә, кішкентай ғана кәсіп бастап, үлкен цехқа айналдыру оңай шаруа емес. Оған қажырлы еңбек пен төзімділік керек-ақ. Қолға алған кәсіптің нәсібін көру үшін ұзақ жылдар бойы тер төгіп келе жатқан Қанат Мұсаевтың бұл ісі көпке үлгі. Бүгінде тұрмысының күрмеуін кәсібі арқылы келістіріп отырған шаңырақтың шаруа жайынан үлгі етерліктей дүние көп-ақ.
Еңбек – тынымсыз тірлік болғанымен, қоғам мен жеке адамзатқа беретін пайдасы көп. Маңдайы терлеп тапқан табысқа еш нәрсе жетпейтіні анық. Дана халқымыз «Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» деп бекер айтпаса керек-ті. Қазіргі таңда кәсіп ашамын деп еңбектенгендердің еңсесін көтеруге мемлекет барынша жұмыс жасап жатыр. Бұл бағытта түрлі бағдарламалар да қолға алынып, ел игілігіне жұмыс істеп жатқандарын да айттық. Тәуекел еткеннің аузы асқа тиіп, ала жаздай атқарған еңбегінің еселеніп қайтуы диқан үшін де жеңіс.

Дархан БАЙТІЛЕС
25 желтоқсан 2023 ж. 432 0