16 жастағы қазақстандық Шри-Ланкада көз жұмды

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров кезекті брифингіде осындай мәлімет айтты.
«10 наурызда біздің Үндістандағы елшілікке Қазақстан азаматтары хабарласты. Олардың кәмелетке толмаған 16 жастағы ұлы Шри-Ланканың бір ауруханасында жатыр деген ақпарат келіп түсті. Ол ақпаратты тексергеннен кейін 5 наурызда жасөспірім серфингпен айналысып жүріп, суға батып кеткені мәлім болды. Жансақтау бөлімінде 10 наурызға дейін 5 күн жатты. Сол 5 күннің ішінде, әрине, дәрігерлер қолынан келгеннің бәрін жасады. Бірақ, өкінішке қарай, жаңағы бала қайтыс болды», – деді ол.
Айбек Смадияров қазір Қазақстан консулы сол баланың әке-шешесімен байланыста екенін атап өтті.
«Барлық құжаттар рәсімделіп жатыр. Сонымен қатар денені Қазақстанға жеткізу үшін арнайы әуе компаниясымен келіссөздер жүргізіп жатыр. Баланың шешесі қазақ, әкесі шетелдік азамат. Марқұм – Қазақстанның азаматы. Кейінгі бірнеше жылда әке-шешесімен бірге Шри-Ланкада тұрып келген», – деді сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі.