МЕЙІРІМ АЙЫ – РАМАЗАН
Өткен бейсенбіде Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз орталығында БАҚ өкілдерінің қатысуымен Рамазан айына орай баспасөз брифингі өтті. Жиында ауданның бас имамы Бақыт Ұлжаев қасиетті айдың басталу уақыты мен белгіленген пітір садақа мөлшерін мәлімдеп, Рамазанға дайындық және ораза ұстау тәртібі жөнінде ауқымды ақпаратпен бөлісті.
– Мейірімділік пен рақымдылыққа толы, адамдарды жақсылыққа үндеп, күнәдан тыятын қасиетті Рамазан айы баршамызға берекелі болсын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадисінде: «Рамазан айында жұмақтың есіктері айқара ашылып, тозақтың есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді», – деген. Жұмақ есіктерінің айқара ашық болуы – адамдардың көп жақсылық жасауы, күндіз ораза ұстап, түнде құлшылық ғибадатта болуы, яғни жұмаққа жетелейтін салиқалы амалдарды істеу мүмкіндігінің молаюын білдіреді. Ал тозақ есіктерінің тарс жабылуы деп, адамдардың барынша күнәлі істерден тыйылуын, біреудің ақысына кіруден, ауыр сөз айтудан, ренжітіп, дөрекілік танытудан арылуын меңзеген. Демек, бұл уақытта күнә істер аз болатындықтан, тозақ есіктері де жабық болады.
Таңертеңнен кешке дейін аш жүріп, нәпсісі әлсіреген құлдың рухы күшейе түседі. Бұндай күйдегі адам күнәдан қашық жүреді. Сондықтан Рамазан айында шайтан адамдарды көп азғыра алмайды, – деді ол.
Биыл қасиетті Рамазан айы наурыздың 11-жұлдызында басталады. Алғашқы Тарауық намазы 10 наурызда оқылады. Шиелі ауданына қарасты Қарилар медресесінде білім алып жатқан қарилар Тарауық намаздарын өткізетін болады. Сондай-ақ медресе шәкірттері ауылдық және аудандық мешіттерде Құран хатым жасайды. Хатым дұғасы Қадір түнінде бағышталады.
5 сәуірден 6 сәуірге қараған түн – Қадір түні. 8 сәуірде соңғы Тарауық намазы оқылады. Ал Айт намазы 10 сәуірге бекітілді.
Биылғы пітір садақаның құны – 640 теңге. ҚМДБ 2 кг ұн бағасымен есептеп отыр. Пітір садақасын мешітке беруге немесе kaspi.kz қосымшасы арқылы жіберуге болады.
Пітір садақасын пақыр-міскінге, жолда қалған жолаушыға және қарызға батқан кісілерге беруге болады. Егер садақа беруге жағдайы жетпейтін болса, оларға пітір садақасы міндет етілмейді. Сондай-ақ зекет пен пітірді жекелеген тұлғалардың үй-үйді аралап жинауына рұқсат етілмейді.
Ораза ұстауға денсаулығы жарамайтын адамдар підия садақасын береді. Підия садақасы – орта есеппен бір адамның күнделікті тойып ішетін асы. Оның мөлшері 1 күнге ең азы 2 мың теңгені құрайды.
Жиын соңында сұрақ-жауапқа кезек берілді. Бақыт Ұлжаев аудан халқын қасиетті айдың келуімен құттықтап, мол ізгі амал жасауға шақырды:
– Қасиетті Рамазан айы баршамызға құтты, берекелі болсын. Алла Рамазан айын ізгі амалмен, құлшылықпен өткізуді нәсіп етсін. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, оның бұрынсоңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі», – дейді. Ендеше осы айда Алла баршамызға күнәдан тазарып шығуды нәсіп етсін».
Таслима ӘЛІШЕР