Әйелдер қанаты: Қыз-келіншектерді толғандырған мәселе – «AMANAT» партиясының назарында
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының жиналысы өтті. Іс-шараға Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері сонымен қатар бейне байланыс арқылы партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова мен аймақтық әйелдер қанатының мүшелері қатысты.
Жиында әйелдердің қоғамдық және саяси өмірдегі рөлін нығайту мақсатында қабылданып жатқан шаралар мен олардың құқығын қорғауға бағытталған заңнама мәселелері талқыланды.
Сөз басында партияның Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек Әйелдер қанатының бастамасымен көтерілген барлық мәселе назарға алынып жүргенін ескеріп, Мемлекет басшысының жүргізген реформалары аясында гендерлік квоталар кеңейтілгенін атап өтті.
«Партиямыз отбасы институтының беделін көтеруге күш салады. Ана мен балаға жан-жақты қамқорлық көрсету – жанұя әл-ауқатының маңызды шарты деп есептейміз. «AMANAT»-тың саяси тұғырнамасында жазылған нақты міндеттің бірі – осы. Себебі Отанды сүю, елге адал қызмет ету, қоғамның белсенді де жауапты мүшесі болу, тұлғалық қалыптасу – тәрбие мен тағылымның жемісі. Әйелдер қауымының отбасындағы, қоғам өміріндегі және мемлекетті жан-жақты дамыту ісіндегі рөлі зор екенін Президент үнемі айтады. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадр резервінің форумында «Әйелдерді қызметке тарту керек. Біріншіден, ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты қарайды» деп орынды атап өтті. Осы тұста «AMANAT» партиясы мүшелерінің басым бөлігі, яғни 60 пайыздан астамы әйелдер екенін біз мақтанышпен айтамыз», – деді Дәулет Кәрібек.
Жиын барысында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова жуырда ғана Парламенттің төменгі палатасы қабылдаған әйел мен бала құқықтарын қорғауға негізделген Заң жобасына тоқталды.
«Заңда денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, ұрып соғу, суицидті насихаттау, суицидке итермелеу, 16 жасқа толмаған адамдарға жыныстық қорлап тиісу және басқа да әрекеттер криминализацияланды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген белгілері бар адамдарға уақытша тұруға мүмкіндік беретін отбасын қолдау орталықтарының құзыреттіліктері нақтыланды. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін және ұрып соққаны үшін қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстаудың тәртібі реттелді», - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Жиынды барысында «AMANAT» партиясының Хатшысы Шолпан Каринова еліміздегі әйелдер қауымының беделі жылдан жылға артып келе жатқанын айтып, осы бағытта Әйелдер қанатының нәтижелі жұмысы әлі де жалғасын табатынын атап өтті.