АПАТ АЙТЫП КЕЛМЕЙДІ
Өздеріңізге мәлім, Шиелі ауданында 19 ақпан күні «Шиелі» автоматты газ тарату станциясынан кейінгі жоғары қысымды жерасты газ құбырында ақау орын алған болатын. Апаттық жағдайға байланысты тұрғындарға, өндірістік және коммерциялық-тұрмыстық объектілердің тұтынушыларына табиғи газ беру уақытша тоқтатылып, апаттың қайдан шыққанын анықтап, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Ал қазіргі ахуал қандай? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын білу үшін Шиелі газ шаруашылығының директоры Талғат Серікұлымен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Талғат Серікұлы, сіздің осы салада қызмет етіп келе жатқан білікті маман екеніңізді білеміз. Бұл үлкен кәсіби жауапкершілікті талап ететін саланың директоры болып қашан тағайындалдыңыз?
– Рақмет. Мен бұл салаға төтеден келгенім жоқ. Аллаға шүкір, газ саласында еңбек етіп келе жатқаныма 18 жыл болды. Осы уақыт аралығында тәжірибелі, білікті мамандармен қызметтес болдым. Мол тәжірибе жинадым. Шиелі ауданында 2022 жылдан бастап газ шаруашылығының директоры болып сайланып, аудан халқы үшін күш-жігерімізді салып, сапалы қызмет етуге тырысып келеміз.
– Қазіргі уақытта газ құбырларының ахуалы қалай?
– Шиеліге 2015 жылы табиғи газ келген болатын. Бұл – бұрынғыдай отын жарып, күл шығарған аудан халқы үшін үлкен жетістік. Біз де бөркімізді аспанға атып, бірге қуандық. Газ құбыры жұмыстарын «Ғибрат-құрылыс» компаниясы сапалы жүргізді. Содан бері халықтың игілігі үшін тиісті мамандар «көгілдір отынмен» үздіксіз қамту жұмыстарын қалтқысыз атқарып келеді.
– Өзіңіз білесіз, жақында ауданда газ құбырынан ақау шығып, табиғи газ беру уақытша тоқтатылды. Апат қайдан шықты, себебі анықталды ма?
– Иә, әрине, «апат айтып келмейді» дейді дана халық. 19 ақпан сағат түскі 12 шамасында, газдың табиғи ауаға тарала бастағанын білдік. Жедел түрде арнайы мамандар апат орын алған жерді анықтап, қалпына келтіру жұмысына кірістік. Газды уақытша тоқтатып, аудан әкімдігі мен төтенше жағдайлар, полиция қызметкерлерімен бірігіп, тұрғындарға хабарландыру жұмыстары жүргізілді. Күн-түн демей, тоқтаусыз жүргізілген жұмыстың арқасында газ мамандары жөндеу жұмыстарын аяқтады. Оқыс жағдайды аудан әкімі Н.Ахатов басшылыққа алып, халыққа жедел «көгілдір отынды» жеткізудің жолдарын қарастырды. Қалпына келтіру жұмысы түнгі уақытта аяқталғандықтан, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін таңертеңнен бастап газды қайта беруге шешім қабылдадық. Сын сәтте сабыр етіп, шыдамдылық танытқан аудан тұрғындарына және жұмыс істеп жатқан қызметкерлерге ыстық тамақ әзірлеп, қолдау білдірген Еңбекші ауылының әкімі мен тұрғындарына ерекше алғыс айтамын. Қазіргі уақытта бұл апаттық жағдайдың шығу себебін анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылып, сараптама жасауда. Қорытындысын шығарып, қайталанбауына жұмыс істейміз.
– Газ құбырының апаттық жағдайға түсуі бір емес, екінші рет орын алып отыр. Тағы қайталанып қалмайды ма деп, үрей құрсауында отырған халыққа не айтасыз?
– Негізінде, әр үйде қосымша тоқпен, отынмен жылытатын пештер болғаны дұрыс деп есептеймін. Халыққа үздіксіз газды беру – біздің міндетіміз. Дейтұрғанмен, қандай жағдай болсын апаттық кезеңге дайын болуымыз керек. Газ жүргізілген үйлер бұндай кезеңде тез суып, салқындайды. Әсіресе, кішкентай бүлдіршіндеріміз салқын ауамен тыныс алып, тұмау, мұрын бітелу, тіпті өкпеге суық тигізіп алуы ықтимал. Баланың денсаулығын басты назарда ұстау – ата-ананың да міндеті. «Аузы күйген, үрлеп ішер» демекші, табиғи апаттың енді қайталанбауына ешкім кепілдік бере алмайды. Кейде апат құбырдан шықса, бірде тракторлардың білместіктен жерді құрылыс кезінде қазып қоюынан болады. Біз әрдайым түсіндірме жұмыстары мен ескертулер жасап отырамыз. Тек соны тұрғындар қатаң түрде сақтаса екен дейміз.
– Ауданда әлі де болса «көгілдір отынмен» қамтылмаған ауылдар бар. Биыл қай ауылдарға газ құбырын жүргізу жоспарға енгізілді?
– Қазіргі таңда аудан тұрғындарының басым бөлігі «көгілдір отынның» игілігін көріп отыр. Мәселен, Шиелі кенті және Ы.Жақаев, Байсын, Н.Бекежанов, Ақмая, Алғабас және Ш.Қодаманов, Еңбекші, Жиделіарық ауылы толықтай газбен қамтамасыз етілген. Биыл Бестам, Досбол датқа, Алмалы ауылдарына толығымен газ беріледі. Құрылыс жұмыстарын білікті, лицензиясы бар, тендерден ұтқан компания жүргізеді. Барлығы аяқталған соң бізге құжаттарын тапсырып, талаптарға сай болса, құбырларға газды жіберетін боламыз. Егер де талаптарға сәйкес келмесе, қайта кем-кетігін толықтырады. Себебі, тұрғындардың қауіпсіздігі біз үшін өте маңызды.
– Сұхбатыңызға рақмет. Жұмысыңызға сәттілік тілеймін.
Сұхбаттасқан Мейіржан ҚАЙРАТҰЛЫ