АЛАШҚА АЛҒЫС АЙТАР КҮН
Қазақ ұлтының қадір-қасиетін арттыратын мерекелер бар. Солардың бірегейі – Алғыс айту күні. Мемлекет басшысы биылғы құттықтауында осыны айшықтады. Құттықтауында: «Бұл – береке-бірлігімізді бекемдей түсетін мереке. Осы күні еліміздің азаматтары бір-біріне ерекше ілтипат көрсетіп, ризашылығын білдіреді. Сондай-ақ татулық, ынтымақ, достық сынды қастерлі құндылықтар жан-жақты дәріптеледі. Бұның бәрі ұлтты ұйыстырудың ұтымды жолы екені сөзсіз» деді. Алып-қосары жоқ, дөп айтылған мәтін.
Бұл күні Ұлы Дала төсін ризашылық сезімі кернейді. Алаш жұртында тұрақтаған адамзат баласы бір-біріне алғыс жаудырып, құрмет білдіреді. Ілтипат көрсетіп, бір-бірінің ізгілігін оятады деген сөз. Ізгілік үстемдік құрған жерде зұлымдыққа жол жоқ. Адамзат жаралғалы бері пенденің жүрегіне толық жетпей келе жатқан асыл қасиет – ізгілік, достық, махаббат. Онсыз ештеңе де болмаған, болмайды да. «Жылқы кісінескенше, кісі сөйлескенше» бір-біріне жақын тартып, бауыр баса бастайды. Бауыртартып, бірлік орнай бастағанда барып береке шөгеді. Татулық пен ынтымақтың төбесі көрінген жерде ғана тұтастық пен елдіктің туы көтеріледі. Дәл осындай ізгілік аудандық мәдениет үйінде өткен «Шексіз алғыс» атты мерекелік шарада көрініс тапты. Оған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен ¬Исмаил, Қазақстанның мәдениет қайраткері Ақайдар Ысымұлы, «Amanat» партиясы Шиелі аудандық филалының төрағасы Болат Сыздық, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Қаблеш Бекішев, аудандық Әйелдер кеңесінің төрайымы Найла Палымбет пен сала мамандары, кент тұрғындары, оқушылар қатысты. Фойедегі үстел үстіне шелпек, жент пен сөк, ұлттық сусын қымыз да қойылды. Келушілер сол дәмнен ауыз тиіп жатты. Ал сахнадағы үлкен экраннан «Ана – ән, бала – оның қайырмасы» деген тамаша сөз жазылыпты. Мерекелік кеш алғыс айтудан басталды. Сахнаға шыққан кеш жүргізушілерінің бірі «Қазақ халқына мың алғыс!» десе, тағы бірі «Әлем балалармен сұлу, мақтан етер ұрпағымыз көбейсін!» деген тілек білдірді. Одан соң еңбегі ерен дәрігерлерге, ұстаздарға, спортшыларға, құтқарушыларға, полицейлерге, әлеуметтік сала қызметкерлеріне, барлық еңбек адамына алғыс айтылды. Керемет кештің шымылдығын шынайы тілек, жылы лебізімен аудандық Әйелдер кеңесінің төрайымы Найла Палымбет аша отырып: «Қазақ ұлты өзінің сан ғасырлық тарихында талай қиындықты басынан өткерді.
Соның барлығын бірліктің, ынтымақтың арқасында жеңіп келеді. Біздің ең ұлы жеңісіміз – Тәуелсіз мемлекет болғанымыз! Қазақтың ең жақсы қасиеті – қолдан келгенше, мүмкіндігінше қасындағы кісіге көмектесу, қолдау. Сонау отызыншы жылдары өздері аш-жалаңаш жүрсе де, еркінен тыс қазақ жеріне көшіп келген түрлі ұлыс өкілдеріне қазақ бір үзім нанын бөліп беріп, қамқор болды. Бүгінгі қоғамда патшалық құрған бірлік пен татулық – сол қамқорлықтың жемісі. Алғыс айту күні – біздің жастарымызға, біріншіден, өз тарихын терең білуге, өз ұлтын, өз Отанын сүюге үндейді, екіншіден, басқа ұлт өкілдерімен достықта, татулықта өмір сүруге шақырады, – деді. Әрі қарай анасы мен баласы дуэт болып, алғысын әнмен жеткізіп, кешті әрлей түсті. Ақ тілек пен әдемі әуен әуелеген салтанатты жиында Өркен Исмаил мен Ақайдар Ысымұлы «Алғыс айту күнінің» еліміз үшін маңызы зор екенін айтып, көпшілікті көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтады. Жалпы мерекелік концерт жақсы өтті. Алғыс толы қанша жылы лебіздер айтылып, әдемі әндер әуеледі. Ал келген көрермен қуаныштан көзін сулап алды.