АУДАНДА МҰЗ АЙДЫНЫ БОЙ КӨТЕРСЕ...
Ақпан, суықтан сақтан деп жүріп, қаһарлы қыс мезгілінің аяғына да келіп қалдық. Бірер күннен кейін көк көтеріліп, күн жылынатын көктем мезгілі де туады. Биылғы қыс несімен есте қалды? Жақындарыңызбен суық күндерді бірге өткізіп, қыс қарын қызықтап, сырғанақ тебе алдыңыз ба?
Қыс мезгілінің ызғарына қарамастан, көңілге қуаныш сыйлап, жаныңды жадырататын әдеті бар. Себебі төрт мезгілдің ішінде табиғаттың ең ұлы пейзажын жасайтын осы қыс екені белгілі. Қолға түссе еріп, айналаны ақ көрпеге орайтын қардың орны бір бөлек. Десек те, биыл Шиеліге қалың қар әдеттегідей кеш жауды. Сондай кезде ашық мұз айдынында конькимен сырғанау қыстың маңызын ұмыттырмайтын жақсы демалыс болар еді, иә?
Бұлай дейтініміз жайдан-жай емес. Өйткені аудан халқы күттірген демалысы келсе, бірден қалаға қарай ағылады. Себебі сол, демалысты барынша тиімді әрі жайлы өткізу. Үлкен ғимараттарда орналасқан дүкендерді аралау, әдемі мейрамханаларда тамақтану, кең залда отырып, фильм тамашалау. Сондай демалыстың бір түрін неге ауданда қарастырмасқа?
Мұз айдыны – егде жастағы ересек қауымға да, ойын десе, ауа райының қытымыр мінезін елемейтін жас жеткіншектерге де керемет демалыс. Әрі көңілді, әрі денсаулыққа пайдалы. Балалар доп ойнап жүрген жасанды көгалды қыс түсе сала жинап, су жіберсе, жер беті мұзға айналғанда, оны арнайы машинамен бір тазалап өтсе, дайын мұз айдыны болып шыға келер еді. Бұл – жас спортшыларды қысқы Олимпиада ойындарына дайындауға да жақсы мүмкіндік.
Ашық аспан астында салынған ежелгі грек амфитеатрларын елестетіп көріңізші. Бұл орын сонысымен-ақ ерекшеленген еді. Немесе Алматыдағы «Медеу» мұз айдынының бірнеше есе кішірейтілген үлгісі біздің ауданда да бой көтерсе, уақытының басым бөлігін телефонға телміріп өткізетін балалардың саны азаяр ма еді, бәлкім?
Т.ӘЛІШЕР