ҚЫС МЕЗГІЛІНІҢ КЕРЕМЕТТЕРІ
Желтоқсанның алғашқы күні ақ ұлпа қармен басталды. «Қыстың көзі қырауда» деген тәмсіл осы бір мезгілді айна-қатесіз баяндап тұрғандай, я болмаса Абайдың «ақ киімді, денелі, ақ сақалды…» деп келетін өлең жолдары да қыстың басқа жыл мезгілдерінен ерекшелігін айқындайды. Бұл мезгілдің ең кереметі жауған қарында. Аппақ қар әлемді мамық көрпеге орағанда жер жүзі құлпырып сала береді. Дегенмен бұл қардың да, осы мезгілдің де, қар қиыршықтарының да қызықтары бар екен. Бірге оқиық.
Мың жылдар бойына жасалған зерттеу нәтижесінде ғалымдарды таң қалдырған жаңалық: жер бетіне жауған әрбір қар қиыршығының ұқсасы да, егізі де жоқ. Тіпті бір-біріне ұқсас екі түйір қар қиыршығы да болмайды екен. Әрбір қиыршық өзіне тән кескінімен ерекшеленді. Ал сіздер білесіздер ме, әлемде «Халықаралық қар және мұз кеңесі» бар. Кеңестің зерттеуі бойынша қар қиыршықтары жеті түрге бөлінеді екен. Олар жұлдызды қиыршықтар, ине тәрізді, таяқшалар тәрізді, жүзуге арналған аяқ киімнің үлгісіндегі түрі,дДендрит кеңестігі, шашыраңқы орналасқан таяқшалар тәрізді, құрлымы әртүрлі қиыршық деп аталады.
Қазақ халқы сөзге бай дейміз. Ал эскимостар қар қиыршығын сипаттауда 24 түрлі сөзді пайдаланды екен. Ал саамдықтар 41 түрлі сөзбен суреттейді екен. Тағы бір қызықтыдерек таудан құлаған қар көшкіні поездың жылдамдығымен бірдей деңгейде көшеді. Ал ірілеу әрі салмағы басым қар көшкіні «Формула-1» жарысындағы көліктердің жылдамдығымен сәйкес. Ал 1944 жылы 30 сәуірде Мәскеуде ерекше жағдай орын алған деседі. Онда жауған қар қиыршықтарының үлкендігі адамның алақанымен бірдей болған. Осы секілді қарға байланысты әлемде түрлі қызықты деректер бар. Ал біз үшін ең қызықтысы қар үстінде алаңсыз шанамен сырғанаған балалардың мәз-мейрам бейнесі дер едік...
А.Асан