ҚЫСТЫҢ ДА ҒАЖАБЫ БАР

Мұнымен қоса, қолында күнтізбесі мен ауа райын өлшейтін құралдары болмаса да белгілі бір жайттарға қарап, мезгіл мен күн қабағын болжай білген. Осындайда ұлы даланың ұлы халқының танымы мен түйгеніне таңданбасқа амалыңыз жоқ. Төмендегі деректер соған көзімізді жеткізді. Халық есепшілері келер қыстың қандай болатынын, басқа жыл мезгілдеріндегі ауа-райымен байланыстыра отырып болжайды. Мәселен, «Көктем ерте туса, қыс та ерте түседі», «Жаз жауын-шашынды болса, қыс боранды болады», «Жаз ыстық болса, қыс суық болады», «Егер қоңыр күз тез өтсе, қатал қысты күтіңіз» дейді. Сол кездерде орын алатын оқиғалармен де мезгілге байланысты оқиға атаулары да жайсыз ауа райының алдын алуға көмектеседі. Тұрмыс- тіршілігін төрт түлікпен түлеткен қазақ баласы жайлаудан күздеуге, одан қыстауға көшкенде осынау білімдері үлкен маңызға ие болған. Атап айтқанда, қырбастың қызылы – желтоқсанның басында болатын алғашқы аяз екен. Қазақстанның солтүстік өңірлерінде қыс ерте түсіп, шыңылтыр аяз бола бастайды. Күннің таласуы – халықтың таным-түсінігі бойынша, қаңтардың алғашқы күнінде күн бой көтереді, сол кезде ауа райы өзгеріп, қар жауады, сырғыма жүріп, боран болуы да мүмкін. Сырғыма деп, боранның әсерінен сусып, жылжыған қарды айтады екен. Ал, қыс шілдесі – қаңтардың соңғы күндеріндегі аяз. Бұл кезде қыс күшіне еніп, түкірік жерге түспейтін сақылдаған сары аяз болады. Қазақтар мұны «Қыс шілдесі» деп бейнелі түрде атаған. Данагөй көнекөздер болса, Үркер мен Ай арасындағы бұрыш тіктөртбұрыш жасап орналасса, қыс шілдесі уақыты басталады деп есептеген. Бөрі сырғақ – ақпан айында ат құлағы көрінбейтін борандар соғады. Айдың соңындағы сырғақ пен қатты боранды күндері қасқырдың арланы мен қаншығы жұптасады. Сырғақ деп, бұршақтан кіші мұзды қар түйіршіктерін атайды. Көпті көрген қариялар қасқырлардың жұптасуына орай ақпанның соңғы сырғақ пен боранды күндерін «Бөрі – сырғақ» деп атайды. Алатаң қыс – қалың жауған қардан жер бетінің қарасы көрінбей сазарып жататын қыстың ұзақ түндері. Алатаң қыстан жылқы ғана күйлі шығып, басқа мал қатты қиналып, көп шығынға ұшырауы мүмкін. Бұл құбылыстар мен мезгілді Ілияс Жансүгіров өзінің «Қыс» деген өлеңінде төмендегідей берген:
Қыс, қар, мұз, қырау, қылау – жерді көміп,
Бұлт бүркеп, тұман төніп, баса шөгіп.
Жер-көкті аяз бүріп, қызыл жалап,
Бұрқ-сарқ боран құсып, шашып, төгіп.
Кейде аяз, кейде бұрқақ, кейде қырбақ,
Кейде еркек, кейде күрпік, кейде сырғақ.
Жер тарпып, аспанды аршып алтын күрек,
Сапырар сұрапылды кейде бір уақ.
Біз бұл мақала арқылы «үрлегені үскірік аяз бен қар» деп қорқа қарамай, қыстың да ғажабын сезінуге болатындығын айта отырып, мезгілге қатысты бірқатар атауларды санада қайта жаңғыртуды көздедік.
Дина ЖҮСІПОВА.