"АДАЛ АДАМ" ИДЕЯСЫ НАСИХАТТАЛДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында бірқатар маңызды мәселелерге тоқталған болатын. Соның ішінде «Адал азамат қандай болу керек?» деген сұраққа өз көзқарасын білдірді.
«Отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс. Осындай ізгі қасиеттің бәрін бойына сіңірген жанды Адал азамат деген бір ауыз сөзбен сипаттауға болады», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Бүгінде елімізде Мемлекет басшысының осы үндеуі төңірегінде түрлі жиындар ұйымдастырылып, «Адал адам» идеясы кеңінен насихатталып жүр. Шиелі ауданы да тәлімі терең тақырыптың аясынан тыс қалған жоқ.
Осыған орай сәрсенбі күні Шиелі аудандық ақпараттық-түсіндіру тобының жылдық жоспарына сәйкес, «Ел бірлігі – ел теңдігі» және «Адал адам – ұлт байлығы» тақырыбында кездесулер өтті. Кездесуді АТТ мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясы Шиелі ауданы әкімдігі жанындағы «Ақсақалдар кеңесінің» төрағасы Исабек Байкенжеев, аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Патима Маханбет, Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Нұрболат Пірімбет, аудандық қоғамдық даму бөлімінің әдіскері Гүлжанат Сейтова, «Қоғамдық келісім» КММ-нің Шиелі ауданы бойынша этносаралық қатынастар жөніндегі сарапшысы Біржан Өтебаевтар жүргізді.
Жиын аудандық орталық кітапханалар жүйесінің «Коворкинг» орталығында басталды. Кітапханашылармен Отанға, жанұяға, жұмысқа деген адалдық негізінде ойлар ортаға салынып, бірге талқыланды. Қатысушылар бір мезет сергіту сәтін ұйымдастырып, өз тараптарынан бір-біріне жылы лебізін білдірді.
Әрі қарай Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің мәжіліс залында жалғасын тапқан тақырып колледж оқытушылары және жоғары курс студенттерінің арасында баяндалды. Кездесуді колледж директоры Мейрамхан Дүйсенов ашты. Спикерлер өз кезегінде патриоттыққа тәрбиелейтін «Адал адам» идеясының мәнін кеңінен тарқатып берді. Сондай-ақ «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының бағыттары жөнінде түсіндіру жүргізді.
Айта кетейік, бүгінде еліміздегі «Адал адам» мәдени-тәрбие орталықтары «Еріктілер клубы», «Сұхбат TIME», «Әлем-BOOK», «ART уақыт», «Жанұя шуағы», «Креативті HUB» және «Кино-TIME» бағыттары бойынша жұмыстар атқаруды көздеп отыр.
Жиын барысында спикерлер бірінші кезекте халықтың салт-дәстүрі мен мәдениетінің орны биік екенін көрсетіп, ұлттық құндылықтар негізінде жастарға дұрыс тәрбие беру керегін айтты. Сонымен қатар ауданда жүзеге асып жатқан жобалар, этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайту, этнобағытталған бірлестіктердің жұмыстары, өңірімізде мекен еткен барлық
этнос өкілдері арасындағы достықтың бұзылмауы жайлы әңгіме өрбітті.
«Тәуелсіз Қазақстанда рухы азат, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ өсіп келеді. Олар ғылым-білім, музыка, кино, спорт және басқа да салаларда табысқа жетіп, бүкіл әлемге танымал бола бастады. Жастарымыз туған жердің қайталанбас ерекшелігін және туған елдің бірегей болмысын жер жүзіне танытып жүр. Жас ұрпақ тарих тағылымын және елдің жарқын болашаққа ұмтылысын бір арнаға тоғыстырып жатыр. Осылайша, олар ұлттың рухын жаңғыртуда» деген Президент сөзіне сәйкес, бүгіннің жастарынан күтілетін үміт көп. Ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері де жылы кездесуде осы бір ойды бірнеше рет тілге тиек етті.
Кездесу соңында студенттер өз тарапынан пікір білдіріп, мазмұнды ақпарат ұсынған қонақтарға алғыс айтты.Таслима ӘЛІШЕР