МИЛЛИАРДТАР ЕЛ ИГІЛІГІНЕ
Биылғы республикалық бюджеттен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін коммуналдық тұрғын үй қорынан үй сатып алуға 266 млн 684 мың теңге, «Самара-Шымкент» автомобиль жолының 8 шақырымын қайта құрылымдауға 50 млн теңге қаражат бөлінбек.
Сонымен сәрсенбі күні аудан әкімі Нұржан Ахатов аудандық мәслихат депутаттары және салалық бөлім басшыларымен бірге кенттегі бірқатар нысандарды аралады. Көшпелі кеңес мүшелерімен ең алдымен теміржол вокзалының алдына барып, абаттандыру жұмыстарының жоспарымен бөлісті.
Алдағы уақытта жолаушыларға қолайлы жағдай жасалып, көлік тұрағы жүйеге келтіріліп, арнайы белгілер қойылмақ. Ғасырға жуық тарихы бар теміржол вокзалының алдына тұғырлы сағат орнатылып, гүлдер отырғызылып, абаттандыру жұмысы қарқынды түрде жүзеге асырылады. Осы аталған жұмыстарға 20 млн теңге қаржы бөлінбек. Іс жүзінде барлығы ойдағыдай атқарылса, келген қонақтар мен аудан тұрғындары тамаша көріністің куәсі болмақ.
Абаттандыруды іске асыру кезінде теміржол аялдамасында тұрақтайтын көліктерге кедергі келтірмейтіндей болуы басты назарда ұсталады. Сонымен қатар күннен-күнге сәулеті артып келе жатқан Тәуелсіздік көшесінің бойындағы аллеяның жобалық жоспары қаралып, тұрғындарға жайлы демалыс орны болатынын жеткізді. Сапар барысында кент тұрғындары бос уақыттарында жақсы тынығу үшін, кент аумағында аллеялардың санын жыл сайын көбейту керектігін тілге тиек етті.
Қыс аяқталуға жақын, жуық арада жыл басы көктем мезгілі де төрімізге енгелі тұр. Барлық тіршілік атаулы жанданып, ағаштар гүлдеп, қайта бүр жарады. Адамдар есік алдына көшет отырғызып, жер жыртып, егіннің қамына кіріседі. Жайқалған жасыл желектің айналаны көркейтуге, адам денсаулығын жақсартуға тигізер пайдасын байқау қиын емес. Осы бір игі бастамаға жұмылған жұдырықтай барлығымыз атсалысуымыз керек-ақ.
Биыл ауданды көркейту-көгалдандыру жұмыстарын тиімді үйлестіру үшін тамшылатып суғару әдісі қолданылмақ. Арнайы биогумус органикалық тыңайтқышы қосылған, су толы бөшкелер орнатылады. Әрбір көшеттің тамырына тамшылатып су беріледі. Бұл әдіс арқылы көшеттердің өсімін арттырып, суды қажетінше жұмсап, ысырапқа жол берілмейді.
Аудан әкімі биыл кент ішінде көптеген нысандарды жөндеу, жаңарту жұмыстарына көп көңіл бөліп отыр. Атап айтар болсақ, контейнерлер мен қоқыс жәшіктерін сатып алуға (100 дана кіші контейнер, 10 дана кіші контейнер) 5 млн 500 мың теңге. Бұрын тамақ қалдықтарын тастайтын арнайы орындар болмағандықтан, нан қиқымы сынды қастерлі ас түрлері жерде, табан астында шашылып жататын. Оны ит, мысықтар сүйрелеп жүргенін көзіміз шалып қалатыны тағы бар. Енді осы істі болдырмау, алдын алу мақсатында жаңа контейнерлер орнатылатыны бәріміз үшін үлкен қуанышты жаңалық болып отыр. Кенттегі А.Яссауи, Самара-Шымкент, И.Әбдікәрімов, Бакиров көшелері бойындағы жасыл желектерді тамшылатып суару жұмыстарын жасауға 50 млн теңге, Бакиров көшесінің темір жол жақ бетіне 1 дана, Көкшоқы м/а кіре беріс «Қош келдіңіздер» аркасының екі жақ бетіне 2 дана, И.Әбдікәрімов көшесінің бойына 1 дана, А.Яссауи көшесінің маңына 1 дана ұңғымалар орнату жұмыстарына 34 млн теңге қаражат бөлінгенін атап өтті.
Шиелі кентінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 10/0,4 кВ электр желілерін реконструкциялауға 619 млн 66 мың теңге, кентте салынатын спорт комплексінің құрылысына 50 млн теңге, Бестам ауылында 150 орындық ауылдық клубтың құрылыс жұмыстарын бастау үшін 50 млн теңге, Бидайкөл, Жиделіарық, Ә.Тәжібаев ауылдарының сыртқы электрмен қамту желілері құрылысына барлығы 153 млн теңге бөлініпті. Ұлттық қор есебінен Шиелі кентіндегі қосалқы станциясын қайта жаңғырту жұмыстарына 1,5 млрд теңге қаражат қаралса, облыстық бюджеттен «Самара – Шымкент – Жөлек» жолын орташа жөндеуге 130 млн теңге.
«Шиелі – Қодаманов» жолындағы көпірді күрделі жөндеуге 311 млн теңге, газ тарату желілерінің құрылысын қоса қаржыландыруға Бестам ауылына 16 млн 172 мың теңге, Досбол датқа ауылына 11 млн 12 мың теңге, Алмалыға 31 млн 803 мың теңге бөлінеді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде облыстық бюджеттен Шиелі кентіндегі Тәуелсіздік көшесін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 346 млн 366 мың теңге, кенттегі 9 көшені күрделі жөндеуге 418 млн 715 мың теңге, М.Шоқай, Дәулеткерей көшелері автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмыстарына 296 млн 207 мың
теңге қаралып отыр. Жарықтандыру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілмек. Соның ішіне Яссауи, Әбдікәрімов, Абылайхан, Сейфуллин, Дәулеткерей, Жақаев, Байтұрсынов көшелерінің бойындағы бағана шамдарын ауыстыру жұмыстарына 50 млн теңге және кенттегі 35 көшеге түнгі жарық бағандарын орнатуға жоба құны 300 млн теңге, Шиелі кентінің теріскей бетінің көшесін жарықтандыруды қайта жөндеу жұмыстарына 12 млн 800 мың теңге, кенттің орталық бөлігінің көше жарық бағаналарын жөндеу жұмыстарына 13 млн 600 мың теңге, Көкшоқы м/а жөндеу жұмыстарына 10 млн 400 мың теңге қаражат бөлінетінін мәлімдеді.
Көшпелі кеңес барысында кентті көркейтудің алдағы жоспарлары талқыланып, кем-кетік тұстары айтылды. Осы және өзге де атқарылатын жұмыстарға «бір елдің баласындай, бір қолдың саласындай» болып жұмыс істеуге шақырды аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы.
Мейіржан ИБРАГИМОВ