Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Ер адамдар ренжімесін»: Президент қызметтегі әйелдердің үлесін жоғары бағалады

«Ер адамдар ренжімесін»: Президент қызметтегі әйелдердің үлесін жоғары бағалады

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадр резервінің форумына қатысты. Жиын барысында Президент мемлекеттік қызметтегі әйелдердің рөлі жайында сөз қозғады, деп жазады Egemen.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы ғалымдарды, сарапшылар мен белсенді азаматтарды, әсіресе, еріктілерді қызметке тартудың мәні зор екенін алға тартты.
Бұл ретте Президент еліміздің әділетті мемлекет әрі инклюзивті қоғам құрып жатқанына, гендерлік теңдікті сақтау мәселесіне ерекше назар аударды.

«Ер адамдар ренжімесін»: Президент қызметтегі әйелдердің үлесін жоғары бағалады
Фото: akorda.kz

«Мемлекеттік аппараттағы әйелдердің үлесі 55 пайызға жуықтағанына қарамастан, басшылық құрамда бұл көрсеткіш 39 пайыздан аспайды. Өз тәжірибемнен білетінім, әйелдерді қызметке тарту керек. Біріншіден, ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты қарайды. Ер адамдармен салыстырғанда, жемқорлық әрекеттерге бейім емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің статистикасы соған меңзейді. Саяси қызметкерлер арасында да елеулі теңсіздік байқалады. Олардың қатарындағы әйелдердің саны 10 пайызға жетпейді. Мемлекеттік қызметтегі жастардың үлесіне қатысты да диспропорция бар. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің, жастардың және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың санын көбейту керек. Олардың, әсіресе, басшылық құрамда қызмет етуіне барынша мүмкіндік берген жөн», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жас мамандарды мемлекеттік қызметке бейімдеу үшін Тәлімгерлік институтын жандандыру мәселесіне баса назар аударды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметте «командамен көшу» үрдісі әлі тыйылмай отырғанын сынға алды. Осыған орай Президент Әкімшілігіне, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке бұл мәселені қатаң бақылауға алуды, мұндай әрекеттерге батыл тосқауыл қоюды тапсырды.

«Жалпы, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке заң жүзінде қосымша құзырет беру қажет деп санаймын. Олар еліміздегі кадр саясатына конструктивті тұрғыдан ықпал ете алуға тиіс. Әрине, бұл Агенттік басшылығына айрықша жауапкершілік жүктейді», деп қосты ел Президенті.

20 ақпан 2024 ж. 168 0