АҚМАЯДА «АДАМ АТА» АҒАШЫ ӨСЕДІ
Берік Әбділхамитұлы – Ақмая ауылының тұрғыны. Ол Павловния ағашын туған жеріне жерсіндіруді алғашқылардың бірі болып қолға алған.
Көпшілік аузында «Авангард» деп аталып кеткен ауылдың тұрғындары кейіпкеріміздің ауласына мойындарын соза қарайды. Себебі оның ауласы сән-салтанатын асырған жасыл желекке айналған. Ендігі мақсаты – дәл осы «Адам ата ағашын» ауыл маңында көбейтіпкөгалдандырып, әсемдігімен өзгелерді тамсандырып, табиғи қорғаныс белдеуін құру. Бұл жаңа идея ғаламторды ақтарып отқан сәтте туады. Сөйтіп дереу Өзбекстаннан арнайы тұқымын алады. Табиғатынан тәуекелшіл, есепке жүйрік ағамыз оның пайдасына тез арада көз жеткізіп, дереу ойға алған ісін жүзеге асыруға кіріседі. – 25 метрге дейін өсетін Павловния елді мекенді көгалдандырып, көркейтуге үлкен пайдасын тигізе алады. Бес-алты апта бойы гүлдейтін ағаштың көлеңкесі айналасына тегіс түсіп, сізге ну орманның ортасында отырғандай әсер сыйлайды. Ал талдан бөлінетін оттегі мөлшері басқа ағаштарға қарағанда бірнеше есеге көп. Сондықтан да ауданымызды, қала берді ауылымызды экологиялық қиын жағдайдан құтқаратын бірден-бір жасыл желек осы болатынына үміт басым. Өйткені, қазіргі таңда мегаполистерде таза ауа тапшы. Көліктің иісті газы, кәсіпорындардан тарайтын түтіндер таза ауаны ластап жатыр. Бұның соңы адамдардың денсаулығына кері әсерін тигізіп, тыныс алу жолдарына қатысты көптеген кеселдерге шалдықтыруда. Осындай экологиялық проблеманы шешудің ең тиімді жолы – тал-теректі көбейтіп, көше бойын, аулаларды, жол жағасын жасыл ағаштармен көмкеру. Осы тұста Павловниядан асқан пайдалы тал жоқ дер едім. Жұрт әдемі гүлдейтін талдардан тек сакураны біледі. Павловния одан әлдеқайда сұлу. Әртүрлі түспен гүлдеген кезде көздің жауын алады. Табиғаттың осынау сырға толы сұлу суреті міндетті түрде адамды өзіне баурайды. Сондықтан Павловния бір шетінен экологияны жақсартса, екінші жағынан төңірегімізге әсем келбет те сыйлайды. Ертең туристер келіп, биікке ұмтылған сәндік ағаштарды көрсе, соның көлеңкесінде саялап, тамсанған күйде еліне қайтса, келесі сапарында да бізге келуге асығып тұрмай ма?! Міне, алдымен осы жағын ескеруіміз керек, – дейді Б.Сәрсенбаев. Кейіпкеріміздің бір арманы – табиғатты көркейтіп, Ақмаяны жасыл елге айналдыру. Егер ойға алған жоспары жүзеге асса, бұл мақсатқа әрі кетсе он жылдың көлемінде жетуге болатын көрінеді. Бүгінгі таңда жаңа идеяның авторында 1000 түп Павловния көшеті дайын тұр. Енді жер мәселесі шешімін тапса игі. Себебі ағаштың пайдасын жергілікті әкімдік те түсініп келеді. Сол үшін де көшелердің сәнін кіргізіп, ауыл ішін абаттандыру мақсатында ауыл әкімінде де қолдау бар. Біз кейіпкерімізбен тілдескенімізде, бұл ағаш жайлы көптеген мәліметке қанық болдық. Мәселен, әлемдегі ең жылдам өсетін ағаш та осы Павловния. Сондай-ақ бұл ағаш өте берік келеді. Әр үш жылда 8 рет кесіп алып, кәдеге жаратуға болады. Көктемде жапырақтары бүршік жармас бұрын шырағдан тәрізді гүлдейді. «Талдың күтімі жақсы болса, 100-180 жылға дейін өмір сүреді» дегенді алға тартады. Ылғалды да бойына көп сіңіре қоймайды. Сондықтан Павловниядан көптеген музыкалық аспаптар, тұрмыстық бұйымдар мен жиһаздар жасалады. – Құрылыста да таптырмайтын нағыз керекті материал. Әсіресе, үйдің шатырын жапсаңыз қатыпақ кетеді. Мықты, шірімейтін, сірескен тал болғандықтан, жуан белағаш – топсаның орнына жұмсасаңыз, одан тек ұтасыз. Павловния гүлі бал арасына қорек. Себебі оның түрлі-түсті гүлдері аралар өзіне азық ететін шырынға бай. Осылайша, сәндік ағашты көбейте отырып омарташылықты да қатар дамытуға мүмкіндік туады. Ал талдың жапырағы төрт түліктің жем-шөбі есебінде пайдалануға жарайды. Жапырағының азықтық қуаты жоңышқаның калориясына пара-пар. Әрі құрамында малдың ағзасы оңай сіңіретін минералдар мен витаминдер көп, – дейді Берік Сәрсенбаев. Сонымен бірге Павловния бауына көптеген дақыл түрлерін егуге болады. Алғашқы 2-3 жылда бір қатарға отырғызылған ағаш көшеттерінің арасына бидай, жүгері, ноқат, арпа, сұлы, мақта, лобия және басқа да алуан түрлі көкөністер ексе, мол өнім алуға болады. Өйткені, Павловния баудың микроклиматын жақсартып, жердің құнарлығын арттырып, көкөніс, дәнді дақылдардың өнімділігін жоғарылатады. ТҮЙІН: Шиелі жері соңғы уақытта жасыл желегімен, тазалығымен өзгелерді тамсандырып, көп өңірлердің көш басында келеді. Оған өткен жылы «Үлгілі аудан орталығы» номинациясы бойынша екінші орынды еншілегініміз дәлел. Осылай тазалықты сақтап, жасыл желекке орау, кент ажарын келбеттендіру қай кезде де аудан әкімінің күн тәртібінен түскен емес. «Бабалар еккен шынарды балалары саялайды» демекші, ауыл болып жұмылып, осы істі қолдасақ нұр үстіне нұр емес пе?!