«Ауғанның асуында от кешкен» ардагерлер Алатау бөктерінде бас қосты

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі және госпиталь ұжымының ұйымдастыруымен және «Amanat» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасының аясында тоғызыншы ақпанда Ауған соғысына қатысқан ардагерлеріміздің құрметіне орай «Ауғанның асуында от кешкендер» атты кеш өтті.
Тарихи тағылымы мол іс-шарада еліміздің әр тарабынан келген ардагерлер бас қосып, өткен күннің естеліктеріне үңілді, тәуелсіздік тарту еткен бейбіт күннің берекесіне бой жылытты. Бар аймақтан келген ардагердің басы біріккен салтанатты жиынды Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Шекара академиясының әскери оркестрі рухты әуен, әсем сазбен көмкерді.

Госпиталь басшысы Гаухар Тазабекқызы майдангерлердің биік болмыс, мәрт тұлға, батыр бейнесі жайлы айта келіп:
– Ауған соғысы ардагерлерінің жүріп өткен жолы, өнегелі өмірі мен ерең еңбегі – біздің мекеменің берекесі деп айтсақ артық емес. Бұл тарихи күннің мән-маңызы тым тереңде жатыр. Сондықтан да халық үшін Ауған соғысы ардагерлері – жоғары рухтың көрінісі. Ауған соғысы ардагерлерін қадірлеп, рух жасампаздығын жаңғыртайық! –деп өзінің ізгі тілегін жаудырды.
Кейіннен жиылған қауым мен ардагерлердің құрметіне ақ халаттылар өз өнерін паш етті. Көпбейінді оңалту бөлімінің мейірбикесі Совет Айдын «Ауғанстан» әнін шырқаса, неврология бөлімінің қызметкері Торокулова Минира «Ауғанстан қасіреті», терапия бөлімінің аға мейірбикесі Балтабай Мөлдір «Ән сал сарбаз», физиотерапия бөлімінен Касымахын Айбек нақышына келтіре өлең оқып, клиника-диагностикалық бөлім мейірбикелері «Алға қазақ жігіттері» әнін шырқады.

Орайы келгенде айта кетейік, биыл Ауған аймағынан кезіндегі Кеңес әскерінің шығарылғанына 35 жыл толды. Рухы биік, болмысы асқақ әрбір ардагердің ерен ерлігі тарих беттерінде қатталып, қайтпас қайсарлықтың нышанына айналды. Оның үстіне, жыл сайын мемлекеттің, ел басшысының қолдауымен Ауған соғысының ардагерлеріне қолдау көрсетіліп келеді. Нақты айтқанда, бес қазақстандыққа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді, 1 адам «Халық Қаһарманы» атағын алды, екі азамат «Айбын» орденінің толық иегері атанды, жүздеген азаматтар бұрынғы КСРО және Қазақстан Республикасының ордендерімен және медальдарымен марапатталған.
Дастан ҚАСТАЙ
Отан соғысының ардагерлеріне арналған республикалық клиникалық госпиталінің маманы