Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰЛТ ҚАЙРАТКЕРІНЕ ҚҰРМЕТ

ҰЛТ ҚАЙРАТКЕРІНЕ ҚҰРМЕТ

Жуырда аудандық орталық кітапханасы және «Арман» мәдениет үйі бірігуімен мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына 130 жыл толуына орай « Тәуелсіздік жолында – Тұрар Рысқұлов» атты әдеби-тарихи кеш өтті.

Аталған іс-шараға №244 мектептің белсенді оқушылары мен «Арман» мәдениет үйінің қызметкерлері қатысты. Алдымен қазақтың қайсар ұлы тұлғаның өмірі мен ұлты үшін жанын пида еткен тарихтағы ерлігі жайлы бейнебаян таныстырылды. Оқушылар Ә.Шілманов, Б.Әлмат, Н.Бейбіттер Сталинмен кездесуінен көрініс көрсетіп, монолог айтты. Д.Беркімбаевтың орындауында «Жайнай бер, Қазақстан!», А.Нұрланқызы «Ризамын, елім саған», Б.Бекарыс «Атамекен» әндерін орындап ұлттық рухты оятып көңіл серпілтті. Тақырыпқа сай «Тарихи тұлға – Тұрар Рысқұлов» атты кітап көрмесі жасақталып, оқырмандар назарына ұсынылды. Шара соңында оқушылар алғыс хаттармен марапатталды. Расында, тәуелсіздік бізге оңай жолмен келмеді. Кешегі ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен үш жүздің басын бір тудың астына біріктірген Абылай ханда халқының тәуелсіздігі жолында өз өмірін сарп етті. Қара бала, қара қазан қамы үшін сөз саптаған төбе билеріміз – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидің аңсағаны да осы Тәуелсіздік болатын. Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейхан да халқының бостандығы, бақыты үшін өз өмірлерін берді. Ал 1986 жылы желтоқсан айында орталық алаңға жиналған жастардың жанайқайы осы Тәуелсіздік үшін болған еді. Қазақстан тарихында жарық жұлдыздай жарқырап халық жүрегінде қалған азаматтардың бірі – Тұрар Рысқұловты ерекше айтуымызға болады. Қазіргі таңда қайраткердің республика көлемінде 130 жылдығы аталып өтуде. Шиелі өңірінде де бұл атаулы күн елеусіз қалмады.
Айнұр ИБРАШЕВА
07 ақпан 2024 ж. 115 0