Тұғыры биік тұлға

Шараға кенттегі №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясының 8 сынып оқушылары қатысты. Кештің кіріспесінде Т.Рысқұловтың өмірі мен еңбектері жайлы қысқаша баяндама жасалды. Шара одан әрі қатысушылардың «Тұтқын бала» қойылымымен жалғасын тапты. Көрініс балалық шақтың бал дәмін тата алмай, қиыншылықты басынан өткерген Тұрарды көз алдымызға бейнелеп берді. Бала Тұрар жастайынан әкесі Рысқұлды үлгі тұтты. Әкесінің тік сөйлейтіндігін, турашылдығын, мықтыдан қорықпайтын қайсарлығын, жарлымын деп жасымайтын ерге тән мінезін көріп өскен ол, ақылды, зерек болды. Әкесімен түрмеде бірге болғанын, атасы Қырғызбайдың тәрбиесінде болуын, қара халықтың қамын жеп, Сталинге хат жазуын Н.Төрәлиев, Б.Сыздықов, Е.Зейнәбіл, М.Ханқожаев, С.Оразғалиұлы, Е.Серіков, Б.Амангелдиевтер сомдап, көпшіліктің қошеметіне бөленді. «Сталин мен Тұрардың кездесуі», «Әлихан мен Тұрардың кездесуі» атты көріністер тарихтан сыр шерткендей болды. «Болашақтың кілті – балаларда, сондықтан әрбір жас тарихтан хабардар болуы керек» деп сөзін қорытындылаған П.Түлкібайдың айтуынша, алдағы уақытта мұндай шаралар жалғасын таба бермек.
Фариза КЕНЖЕШОВА