Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАҢТАР АЙЫНДА 96 МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҮЛЕК ҰБТ ТАПСЫРДЫ

ҚАҢТАР АЙЫНДА 96 МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҮЛЕК ҰБТ ТАПСЫРДЫ

Ұлттық бірыңғай тестілеу – түлектер үшін ғана емес, ата-аналар мен мұғалімдер үшін жауапты әрі маңызды сәттердің бірі. Шынында, мектеп қабырғасында алған 11 жылдық білімін сынға салатын сынақтың да ауылы алыс емес. Сондықтан мектеп ұстаздары мен түлектер ҰБТ-ға қызу дайындық үстінде. Сапалы білім бәріміз үшін нәтижелі болмақ. Ендеше биыл ҰБТ қалай өтеді? Қаңтар айында тестілеу жүйесі қалай болған? Бұл сауалдарға Шиелі өңіріне арнайы келген Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев аудан оқушыларына кеңінен жауап берді.

Келелі жиында тестілеуді жоғары деңгейде өткізу үшін атқарылатын жұмыстардың барысын талқылады. Аталған іс-шара аудан әкімінің орынбасары Болат Ысмағұловтың жүргізуімен өтті. Кездесу барысында Р.Тохтарбекұлы 2023 жылғы ҰБТ қорытындыларына тоқталып, 2024 жылғы тестілеу жаңалықтарымен бөлісті.
– Үш аптаның қорытындысы бойынша ең жоғары балл – 136. Жалпы, еліміз бойынша 56 тестке қатысушы 130 балдан жоғары жинады. Айта кетейік, 2024 дан жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады, – деді орталық директоры. Қаңтар айындағы ҰБТ басталғаннан бері 96 мыңға жуық адам тест тапсырды. Оның ішінде талапкерлердің 77,4%-ы қазақ тілінде, 22,5%-ы орыс тілінде, 57 талапкер ағылшын тілінде тестілеуден өтті.

ҰБТ басталғалы шекті балды 77%-ға жуық талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол 68 балды құрады. Тестке қатысушылардың басым бөлігі «Биология-химия» комбинацияларын таңдаған. Нақтырақ айтсақ, 18%-ы тапсырды. «Математика-физика» пәндерін 17%-ы таңдаған. Сондай-ақ топ-3 қатарына талапкерлердің 12%-ы таңдаған «Математика-информатика» комбинациясы кірді. Ең аз таңдалған комбинация – «Химия-физика», оны 108 адам тапсырған. Ерекше білім беру қажеттіліктер бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға үш аптада 242 талапкер қатысқанын айта кеткен жөн. Шара соңында мектеп бітірушілері Р.Емелбаевқа көкейінде жүрген сұрақтарды қойып, мардымды жауап ала алды.

Бүгінде 118 ереже бұзушылық анықталған. Оның ішінде 79 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 39 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ. Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады. Міне, қазіргі ҰБТ-ға қатысты жаңалықтар осындай. Иә, еліміздің болашағы жастар екені белгілі. Ал бүгінгі жас түлектердің білімді, зерек болғаны мәңгілік елдің өміршеңдігін баянды етері сөзсіз.
Айнұр ИБРАШЕВА


06 ақпан 2024 ж. 226 0