РЕДАКЦИЯДАҒЫ «ҰЛТТЫҚ СЕЗІМ»

Оны мемлекеттің мүддесін түйсінген адам ғана терең сезіне алады. Адамдардың айқын азаматтық тұғырын қалыптастырмайынша ұлттық рух туралы сөз ету қиын. Елінің, жерінің, дінінің өткенін білмей, ерлікке, қарапайымдылыққа, адамгершілікке толы тарихын, мәдениетін, әдебиетін, өнерін ұғынбай, отаншылдық сезімді ояту мүмкін емес. Болашаққа үміт арта қараған ел ретінде, өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштікті дарыту жаһандану дәуіріндегі басты талап. Өз дәстүр болмысын бұзбай тұрмыстық тіршілікті жаңа дамыған технологиямен біте қайнастыра білсек, нұр үстіне нұр болмақ. Бұл турасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Еліміздің әрбір азаматы жұртшылықтың алдына шыққанда ұлттық мүдде мен қазақстандық патриотизм қағидаттарын басшылыққа алуы керек» деген еді. Жастардың әдет-ғұрыпқа, ұлттық мәдениетке, Отанға деген сүйіспеншілігі артып келеді. Мұның айқын көрінісі ретінде қыздар арасында қазақы тақияның, киімнің, әшекейбұйымдарының қайта трендке айналуы.

Жалпы жастардың киім кию үлгілері этностық стильге бейімделіп, белгілі бір нақыштардың қолдануы ұлттық иммунитетті күшейтеді. Осыған орай «Өскен өңір» газетінің қызметкерлері «Ұлттық сезім» жобасын қолдап, дүйсенбі күнгі жұмысқа ұлттық киіммен келді. Бұл бастама әр аптаның бір күнімен ғана шектеліп қоймай, қайталанып отырады. Елдің назарын қазақтың ұлттық байлығы мен дәстүріне бұруға, ұлттық киімді қоғамда сәнге айналдыруға барлығымыз бірге атсалысуымыз керек.
Ақтоты РЫСБЕК