Жастар баспаналы болады
Басқарма басшысының мәліметінше, аймақ жастары халықтың 29,3 пайызын құрайды. Негізгі басымдық NEET санатындағы жастардың үлесін төмендетуге берілуде. Ал жастар саясатына бөлінген қаржы 3 есе артып отыр.
− Өткен жылы халықты жұмыспен қамту органдары арқылы 14 мыңға жуық жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында жалпы несие портфелі 3,1 млрд теңгені құрайтын жас кәсіпкерлердің 65 жобасы субсидияланды. Жастардың кәсіпкерлік бастамасын қолдауға арналған 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беру арқылы 2,3 млрд теңгеге 504 жастың өтінімі мақұлданды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жастардың жұмыссыздық деңгейі өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 4,1-ден 3,5 пайызға төмендеді, − деді облыстық басқарма басшысы.
Қоғамдық даму саласында атқарылған жұмыстардың қорытындысын саралаған брифингте А.Есмаханов өткізілген шаралар, қоғамдық саяси ахуал, медиа кеңістіктің жай-күйі, мемлекеттік этносаясатты жүзеге асыруда жүргізіліп жатқан жұмыстарға ерекше тоқталды. Сондай-ақ алдағы уақытта атқарылатын бірқатар жұмыстар да айтылды.
Еске салайық, биыл аймақта Әйтеке бидің 380 жылдығы, Жанқожа батырдың 250 жылдығы, Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбджәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығы кең көлемде аталып өтеді.
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі
syrboyi.kz