Бал өндіруде бәсіміз төмен
Бүгінде әлеуметтік-экономикасы ілгері жылжыған ауданда өндіріс, өнеркәсіп орындарынан бөлек кәсіп ашып, қомақты табыс тауып отырған жандар қатары көп. Оның ішінде мал санын көбейтуден басқа, бал өндірумен айналысатын кәсіпкерлердің де үлесі бар. Енді ара балының адам денсаулығына пайдалы, мың бір ауруға ем болатын қасиеті де барын білеміз. Ал осы кәсіп арқылы жан бағып, омарташы кәсібін жанына серік еткен Бәйгеқұм ауылының тұрғыны Мархаббат Адамбекұлының өніміне сұраныс та жоғары.
Еңбекке жақын адамның тұрмысы да берекелі болатыны хақ. Бүгінде өз мүмкіндігіне қарай кәсіп ашып, ісін дөңгелетіп отырған азаматтардың саны артып келеді. Әрине, шағын және орта кәсіп көп болған сайын халықтың да тұрмыс жағдайы жақсарары сөзсіз. Бәйгеқұм ауылының тұрғыны Мархаббат Адамбекұлының мемлекеттің қолдауынсыз омарташылық кәсіппен айналысып келе жатқанына 20 жылға жуықтаған. Қазір «Қайтарымсыз грант», «Ауыл Аманаты» жобасы сияқты көптеген бағдарламалар бар. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудан, тасада қалып жатқан жандар қатарын да ескерген жөн. Ол үшін аудан, ауыл әкімдері халықпен тығыз жұмыс істеп, қолдау көрсетіп отыруы керек. Кейіпкеріміздің әттең-айы әлі күнге дейін ешқандай бағдарламаға іліге алмай келеді. Мәселен, Жамбыл, Түркістан облыстары «Ауыл Аманаты» жобасы аясында 20-25 млрд теңге көлемінде халыққа несие берген. Ал біздің аймақта небәрі 3 млрд қана несие үлестірілген. Міне, тасада қалған кәсіпкерлерді қолдайтын болсақ, аймақта шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны артып, жұмыссыздар қатары айтарлықтай азаятын еді.
– Басында бұл кәсіпті бастап, жолға қою оңай болмады. Сырт көзге ара бағу, бал өндіру жеңіл жұмыс болып көрінгенімен, оның да қиындығы мен машақаты көп. Қазір бізде 100 ара ұясы бар. Балдың бір келісі 1500-2000 теңгеге саудаланып жатыр. Аралар бал жинау кезінде әлсіреп, кейбіреулері өледі. Сондықтан араға үнемі күтім жасап, баптау қажет. Ол үшін арнайы дәрумендер беріліп, дәрілер себіледі. Жылдың әр маусымында бұйырған балды аламыз. Өзімізден шыққан табиғи, құрамы таза балды жергілікті халыққа және сырт облыстардан келген тапсырыстарға арнайы өткізіп отырамын. Сонымен бірге мамыр айынан бастап, қазанға дейінгі аралықта бал жинау үрдісі жақсы жүреді. Тек аралар жаңбырлы күндері бал жинамайды. Бал араның тағы бір ерекшелігі, олар темекі мен ішімдіктің, әтірдің иісін жақтырмайды. Жанына жақындаған адамда осы аталған иіс болса ашуланып, тарпа бас салады. Содан да болар ұясының ішінде қысы-жазы 30-35 градус температура сақталады, – дейді омарташы.
Дүниежүзі бойынша бал өндіру жұмыстары жолға қойылған. Статистикаға сүйенсек, жалпы дүниежүзі бойынша бал өндіруден бірінші орынды Қытай елі алады. Яғни, 1 млн 400 мың тонна балдың 300 мыңы Қытайдың еншісінде. Еуропалық елдерде Аргентина мен Украинаның үлесі жоғары. Ал біздің мемлекет бал өндірісі жағынан ең төменгі орында тұр. Статистикалық есеп бойынша елімізде небәрі 8 мың тонна бал жиналады. Енді біздің мемлекет әлемдік картада жер жағынан 9-орында тұратындығын ескерсек, бұл көрсеткіш көңіл көншітпейді. Дала мен тау тасқа, гүл мен шөптерге бай болсақ та, балдың жайы жайсыз болып тұр. Оған омарташылар саны аздығы себеп. Яғни, өсімдіктер гүлдейді де босқа қурайды. Осы кәсіппен айналысатын адамдардың қатары көбейсе, гүлдеген жерге көшіп барып, рентабельді шаруашылық жасап, жұмыс істеудің мүмкіндігі мол болар еді. Ара болмаса қоршаған ортаның, топырақтың құнары жойылады. Әлемді мойындатқан ғалым Эйнштейн: «Жер бетінен ара жоғалса, бес жылдан соң адамзат та жоғалады», – деген сөзі осындайда ойға оралады.
Иә, басталған істің нәтижесін көру үшін көптеп тер төгу қажет. Әр істің өзіне тән қиындығы мен машақаты болады. Осындай қиындыққа мойымай, тек алға жылжыған сәтте қолға алынған тірліктің жемісін көреді. Сол үшін де қазақ «қолы қимылдағанның аузы да қимылдайды» деген.
Дархан Байтілес