Оралдан келген омарташы
Бүгінгі күні экономикасы күн санап ілгері жылжыған Шиелі ауданында өндіріс, өнеркәсіп орындарынан бөлек шаруашылық құрып, табыс тауып отырған жандар аз емес. Оның ішінде мал санын көбейтуден бөлек, құс өсіріп, бал өндірумен айналысатын кәсіпкерлердің де үлесі мол.
Кент тұрғындары Дана Қайыржанқызы мен Асан Ергашовтың иелігіндегі «Екшібаева» ЖК төрт жылдан бері омарта кәсібімен айналысады. Дана Қайыржанқызының айтуынша, омарташылық – бейнеті көп жұмыс. Алайда, бұл кәсіптің қыр-сырын меңгерсең, тез-ақ үйреніп кетесің. Таза ауада жұмыс жасау, кейін еңбегіңмен жинаған өніміңді сатып, табыс табу – сүйсінерлік іс.
Дананың негізгі мамандығы – есепші екен. Үйде отырып, бала-шағаның жанында кәсіп ашуды ойластырған ол отағасы Асанмен ақылдаса келе омарташылықпен айналысуды қолына алған. Кәсіпкерлік палатасының «Бастау бизнес» жобасы бойынша бір ай курс оқып, өткен жылы сертификатын иеленеді. Нәтижесінде, 2 млн. 200 мың қаражатқа қол жеткізіп, 50 ұяшық алады. Осылайша омарташылардың бүгінгі тынымсыз тірлігі басталып кетті.
– Сырт көзге ара бағу, бал өндіру жеңіл көрінгенімен, жұмысы, қиындығы көп. Қазір бізде 60 ара ұясы бар. Ара ұяларын Шымкенттен алдырдық. Біздің қолымыздағысы «Карпатка» тұқымы. Аралар бал жинау кезінде әлсіреп, кейбіреулері өледі. Сондықтан араға үнемі күтім жасап, баптау қажет. Ол үшін арнайы дәрумендер беріліп, дәрілер себіледі, – дейді омарташы. Көктемде В12 дәруменін беріп, фурациллинмен өңдейміз. Сөйтіп, аралардың иммунитетін көтереміз. Араның кенесіне қарсы пластина қоямыз. Ал, қыстағы азығы бал болмақ. Негізі аралар бір жерге жиналып, шоғырланып, бір гүлден екінші гүлге қонып, бал жинайды. Әр гүлден сорып алған шырын араның жемсауына түседі. Ара шырынды ұяшықтарына орналастырады. Сонда ғана ол балға айналады. Дананың айтуынша, мамыр айынан бастап қазанға дейінгі аралықта бал жинау үрдісі жақсы жүреді. Тек аралар жаңбырлы күндері бал жинамайды екен.
– Жинаған өнімімізді дүкендерге қойып, көрші, ауылдастарға сатып жатырмыз. Өзім Орал қаласының қызымын. Оралда да балды көршілес Ресейден алады. Алдағы уақыттарда Оралды да балмен қамтысам деймін. Яғни, сол жақтан да бал сататын нүктелерді іске қосу ойда бар. Сонда халық отандық өнімді тұтынуға қол жеткізген болар еді. Бүгінгі күнде аталған қалаға тек тапсырыстар бойынша шектеулі мөлшерде ғана өнім жіберіп отырмыз. Негізі балдың түрі көп. Мәселен, шырынды гүлдің қанша түрі болса, сонша түрлі бал шығады. Бастапқыда жиналған бал сұйық болады. Кейін тұра-тұра қоюланады, – дейді кәсіпкер.
Бүгінгі күні тұтынушылар балдың адам денсаулығы үшін пайдасы мол екенін түсінген. Жыл артқан сайын бал өніміне деген сұраныс та жоғары. Қазір ЖК «Екшібаева» өндірген өнімді аудан тұрғындарының біршамасы тұтынып отыр. Балдың бір келісі 1200 теңгеге саудаланады екен.
– Жылына аралардың жұмысына қарай 2-2,5 тонна өнім аламыз. Балды облыс орталығындағы сауда орындарына шығаруға болады. Алайда, ауылдағылар мен ағайындардан артылмай жатыр.
Болашақта Асан мен Дана сияқты бүгінде «Сыр балы» кооперативіне біріккен омарта шаруашылығымен айналысатындар омарталарының санын көбейтсе, мемлекеттен субсидия алуға мүмкіндіктері бар. Алдағы жылы ара ұяларының санын 150 ге дейін көбейтіп, одан алатын өнімнің де көлемін арттыруға бар күштерін салатындықтарын жеткізген омарташылар отбасы мемлекеттен субсидия алатындарына үмітті. Кәсіпкерлердің ендігі мақсаты – болашақта омарта шаруашылығын дамытып, бал жинаудан үлкен межеге қол жеткізу. Олай болса, Оралдан келіп, омартамен айналысуды қолға алған келіншекке ісіңіз өрге басып, кәсібіңіз кеңейсін демекпіз?
Дина ЖҮСІПОВА.