Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕСЕЛІ ЕҢБЕККЕ ЛАЙЫҚТЫ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

ЕСЕЛІ ЕҢБЕККЕ ЛАЙЫҚТЫ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Өнер орталығында «Тарихы терең, бірлігі бекем Сыр елі!» атты еңбек озаттарын марапаттауға арналған салтанатты шара өтті. Оған Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев атқарылған жұмыстарды атап өтіп, өз еңбегімен өңірдің өркендеуіне серпін берген азаматтарға алғыс білдірді.
«Елімізде жүргізілген саяси-экономикалық реформалар өз нәтижесін беруде. Оның айқын көрінісі бүгінгі Қызылорда облысының даму серпінінен анық байқалады.
Аймағымызда атқарылған тиімді жұмыстармен танысу үшін Президентіміз екі рет арнайы іссапармен келді. Әрбір сапарында өңіріміздегі өзекті мәселелердің шешілуіне қамқорлық жасап, қолдау білдірді. Президентіміздің Сыр өңірінің даму қарқынына, атқарылған жұмыстарға берген оң бағасы бәріміз үшін зор мәртебе. Бұл – ерекше қолдаудың, ұтымды ұйымдастырудың, бірлесе атқарған жұмыстың нәтижесі. Бұл баршамызды жаңа жетістіктерге жетелейді.
Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру жолында Сыр халқы да бекем бірліктің, ерен еңбектің үлгісін көрсетуде. Аймақта негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілді. Кейбір көрсеткіштердің мәнін терең түсінуіміз қажет. Өйткені, ол – жай ғана статистика емес, жерлестеріміздің еселі еңбегінің жемісі.
Биыл облысымыздың бюджеті 851 млрд.300 млн. теңгеден асты. Өңірге тартылған инвестиция көлемі 720 млрд. теңгеге жетті. Бұл қаражат аймағымыздың ең өзекті деген мәселелерін шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталды. Бүгінгі еңбектің игілігін болашақ ұрпағымыз көреді деп сенеміз.
Өңірімізде еңбегімен елге сыйлы болған азаматтарға лайықты құрмет көрсетіліп келеді. Президентіміздің ерекше қолдауымен 2022 жылдан бүгінге дейін 300-ге жуық қызылордалық мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың 50 пайызға жуығы – қарапайым еңбек ардагерлері мен озаттары. Мемлекет басшымыз жұмыс сапарының қорытындысында бірқатар жерлесімізді мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырған болатын. Бүгінгі маңызды жиында осы наградаларды табыстаймыз.
Бұл Президентіміздің Сыр жұртшылығына деген ықыласы мен бірлесіп атқарған жұмысымызға берген оң бағасы деп білеміз. Қай істе де әрбіріңіздің қолтаңбаңыз бар. Сіздер барлық бастамаларымыз бен жобаларымызға үлкен қолдау білдіріп келесіздер. Біз оны күн сайын сезінеміз.
Президентіміздің бізге қойған талабы да, Өзіміздің азаматтық парызымыз да – халық сенімін ақтау жолында адал қызмет ету. Алдағы уақытта да туған жерімізді өркендетуге шынайы жанашырлықпен атсалыса берейік!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Жиында ел дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені мемлекет және қоғам қайраткері Бекмырза Еламановқа, «Парасат» ордені «Абай Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мұрат Сәрсенбаев пен «Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжановқа, ІІ дәрежелі «Достық» ордені «Акса Энерджи Қызылорда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Алган Сарачоғлыға табыс етілді. «Құрмет» орденімен «Промстройсервис Е» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Манарбек Еспенбетов,«Сәт-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Роза Иманова, «Сейфуллин Жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Оңғарбек Саймағамбетов, «Tau GroupLTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Исламғали Қозыбақов марапатталды.
Сондай-ақ іс-шарада «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары лайықты азаматтарға берілді. Парламент депутаттарының атынан Наурызбай Сейтқалиұлы құттықтау сөз сөйлеп, марапат иелеріне ізгі тілегін жеткізді.
Салтанатты жиын үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязовтың, «Күміс домбыра» иегері Бексұлтан Орынбасаровтың арнауымен жалғасып, концерттік бағдарламаға ұласты.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
11 қараша 2025 ж. 42 0