ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ XІX СЕССИЯСЫ ӨТТІ
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың XІX сессиясының күн тәртібінде «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағын беру, ономастика комиссиясының дербес құрамын бекіту туралы мәселелер талқыланды. Сессияға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Мұрат Әбенов қатысты.
Облыс әкімі Жаңа жыл халқымыз, аймағымыз үшін берекелі жыл болуына тілектестік білдірді.
«Өздеріңізге белгілі, жыл сайын Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына үлес қосқан лайықты азаматтарымызды «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағына ұсынып, өздеріңізбен келісеміз. Аталған тұлғалардың барлығы өздеріңізге таныс. «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағына лайық деп есептейміз. Барлығы да мол тәжірибесімен, біліктілігімен Тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, өңірдің дамуына ерекше үлес қосқан, еңбек сіңірген. Ұсынылған кандидаттарды қолдағандарыңызға алғысымды білдіремін», – деді Н.Нәлібаев.
Қызылорда облыстық мәслихатының 2012 жылғы 6 желтоқсандағы № 63 шешімімен «Облыстың, (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы» атағын беру қағидасы бекітілген. Аталған қағидаға сәйкес облыстың әлеуметтiк-экономикалық, ғылыми-мәдени, қоғамдық өмiрдiң басқа да салаларының дамуына, қайырымдылық жасау қызметiнде, азаматтарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуде, бейбiтшiлiк пен достықты, ұлтаралық келiсiм мен татулықты нығайтуға қомақты үлес қосқан азаматтарға «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағы облыс әкімінің ұсынысымен, облыстық мәслихаттың шешімімен беріледі.
Бүгінде осындай азаматтарды ардақтап, құрмет көрсету дәстүрге айналды. Осы уақытқа дейін 70 адам «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағына ие болған.
Мәслихат сессиясында қоғамдық даму басқармасының басшысы Р.Каюпов облыстық ономастика комиссиясының дербес құрамын бекіту туралы хабарлама жасады. Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығымен «Облыстық ономастика комиссиялары және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ономастика комиссиялары туралы үлгілік ережеге» сәйкес «Облыстық ономастика комиссиясының кейбір мәселелері туралы» Қызылорда облысы әкімдігінің қаулысына өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар, комиссия құрамы жаңа редакцияда жазылып, оны бекіту ұсынылды.
Сессияда Парламент мінберінде еліміздің өзекті мәселелерін көтеріп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға аянбай еңбек етіп жүрген Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі